«Коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін сенімгерлік басқаруға берудің тиімділігін бағала» тақырыбындағы сараптамалық-талдамалық іс-шараның қорытындылары

2024 жылғы 3 желтоқсанда Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) кезекті  отырысы өтті, онда «Коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін сенімгерлік басқаруға беру тиімділігін бағалау»  тақырыбындағы сараптамалық-талдамалық іс-шараның қорытындылары қаралды, сараптама  сенімгерлік басқару тетігі халықаралық тәжірибеде кеңінен  қолданылатынын,  ол мемлекеттік мүлікті басқару сапасын жақсарту, инвестициялар тарту және экономикалық тиімділікті арттыру үшін жүзеге асырылатынын көрсетті. Шет елдердің тәжірибесі көрсеткендей, сенімгерлік басқару инфрақұрылымды жақсартуға, мемлекеттік активтердің құнын сақтауға және арттыруға ықпал етеді.

Бұл ретте Қазақстанда сенімгерлік басқару үшін жеткілікті дамыған құқықтық негіз бар, алайда олқылықтар мен кемшіліктер жеткілікті. Олар басқарушыларды іріктеу критерийлеріне, тиімділікті бағалау әдістемесіне, олардың шарттары бұзылған кезде оларды бұзу кезіндердегі  қиындықтарға қатысты.

Елордада соңғы 7 жылда көптеген нысандар сенімгерлік басқаруға берілді. Алайда, жекелеген  жағдайларда  қаланың коммуналдық объектілерін  сенімгерлік басқару  қанағаттанарлықсыз нәтижелерді  көрсетеді.

Осылайша, сараптамалық-талдамалық іс-шара Қазақстан Республикасының  нормативтік-құқықтық актілерінде және мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару саласындағы қалыптасқан тәжірибеде бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін көрсетті, оның ішінде:

  1. Басқарушыларды таңдау критерийлерінің белгісіздігі.

Заңда да, мемлекеттік мүлікті беру ережелерінде де іріктеу критерийлеріне қойылатын негізгі талаптар жоқ. Бұл конкурстық комиссиялар тарапынан субъективті шешімдердің тәуекелдерін тудырады, бұл қажетті құзыреттері жоқ басқарушыларды тағайындауға әкелуі мүмкін.

Қазіргі уақытта тендерге қатысушыға талапты мүліктің құрылтайшысы/баланс ұстаушысы ұсынады және оны сенімгерлік басқару мәселелері жөніндегі комиссия бекітеді.

  1. Сенімгерлік басқару шартын бұзудағы қиындықтар.

Сенімгерлік басқару шартын бұзудағы қиындықтар заңнамада және шарттық тәжірибеде сенімгерлік басқарушы тарапынан бұзушылықтар болған жағдайда келісім шартты жедел тоқтату үшін нақты анықталған және стандартталған рәсімдердің болмауына байланысты. Нәтижесінде мұндай процестер ұзаққа созылуы мүмкін, бұл басқару шарттары бұзылған жағдайларда мемлекеттің жедел әрекет етуін қиындатады. Нормативтік-құқықтық актілер мен шарттарда елеулі бұзушылықтар анықталған кезде шартты жеделдетіп бұзу үшін нақты критерийлер мен кезеңдерді қарастыру ұсынылады.

  1. Сенімгерлік басқарудың тиімділігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерінің болмауы.

Заңнамада мүлікті сенімгерлік басқаруға берудің экономикалық және әлеуметтік пайдасын бағалаудың бірыңғай әдістемесі жоқ. Бұл басқару нәтижелерін бағалау тәсілдерінің сәйкессіздігіне әкеледі, бұл басқаруға берілген объектілердің табыстылығын  әділ  анықтауды қиындатады.

Қазақстан заңнамасында мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару контекстіндегі «тиімді басқару»  ұғымы нақты және жан -жақты регламенттелмеген. Алайда, іс жүзінде және құқық қолдануда бұл термин сенімгерлік басқарудың негізгі мақсатын — мемлекеттік мүлікті неғұрлым ұтымды, тиімді және өнімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін қолданылады.

  1. Сенімгерлікпен басқарушы ұсынатын ақпараттың толық және анық болмауы. Сенімгерлік басқарушылардың аудитін жүргізуге бірыңғай тәсілдің болмауы.

Сараптамалық-талдамалық іс-шара сенімгерлік басқарушылар тарапынан  дұрыс ақпарат бермеу  фактілері орын алатынын  көрсетті. Сенімгерлік басқарушылар қызметінің қаржылық нәтижелері бойынша  дұрыс емес ақпарат берілетіні  жоққа шығарылмайды.

Сондықтан көптеген жағдайларды нысандарды сенімгерлік басқаруға беру кезінде сенімгерлік басқарушылар мен олардың қаржылық  қызметіне тәуелсіз аудит жүргізуді қарастырған жөн, ал берілетін объектілердің баланс ұстаушылары аудиторларды анықтауға қатыса алуы керек.

Сараптамалық-талдамалық қорытындыда анықталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті ұсынымдар берілді, олар бүгінгі отырыс  қорытындысы бойынша Активтер басқармасына, Спорт басқармасына, сондай-ақ ақпарат қала әкімдігі  мен мәслихатына да жолданатын  болады.