Әлеуметтік салада бюджеттік қаражатты пайдалану тиімділігінің жүйелі мәселелері

Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының қазіргі жағдайдағы мемлекеттік аудит жүйесіндегі қызметі және оның тиімділігі елорда үшін барынша тиімді өз миссиясының сапалы орындалуына байланысты.

Тексеру комиссиясының негізгі бағыты жергілікті бюджетті тиімді басқаруды қамтамасыз етуге, өңірлік мүдделерді қорғауға, бюджеттік саясаттың жаңа тұжырымдамаларын  жүзеге асыруға  және  қаржылық тәртіпті күшейтуге бағытталған,  бұл қолданыстағы экономикалық тетіктерді бағалауға және жергілікті бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін ұтымды пайдалануды арттыру бойынша ұсынымдарды жедел әзірлеуге мүмкіндік береді.

2025 жылдың 1 тоқсанында Астана қаласы мәслихатының төрағасы мен депутатары, елорданың әкімінің орынбасарының қатысуымен 3 аудиторлық іс-шара  жүргізіліп, отырыстар өткізілді, онда 17 объект қамтылды, оның ішінде мемлекеттік органдар мен мекемелерде – 3; квазимемлекеттік сектор объектілерінде-14. Аудитпен қамтылған қаражаттың жалпы сомасы 55,5 млрд. теңгені құрады.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 12,3 млрд. теңге қамтылды  немесе аудитпен қамтылған қаражаттың 22,1% көлемінде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде:

қаржылық бұзушылықтар  -1,2 млрд. теңге, олар бюджетке өтелуге және/немесе құжаттарды сәйкес келтіру және/немесе жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтіруге тиіс;

бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану - 9,8 млрд. теңге;

тиімсіз жоспарлау - 1,3 млрд. теңге.

Бұдан басқа, аудит объектілерінің қызметінде процедуралық рәсімдерді орындауда 493 бұзушылық  және  58 жүйелік кемшілік  анықталды.

Бүгінгі таңда қаржылық бұзушылықтардан өтелуге тиіс 248,5 млн.теңгенің 205,7 млн. теңгесі (82,7%) өтелді, қалпына  келтіруге тиіс  923,9 млн. теңгенің 751,8 млн. теңгесі (81,4%) қалпына келтірілді.

Астана қаласының әлеуметтік  – мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары есепті кезеңде қала басшылығы тарапынан мұқият назар аударуды қажет ететін бұзушылық  фактілердің  қайталанатын  көрсетті.

 

Мәдениет саласы  - жоспарлар мен нәтижелер арасындағы

байланыстың болмауы

Мәдениет саласында негізгі стратегиялық құжаттар: қаланың Даму жоспары, мәдени саясат және креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасы мен бюджеттік бағдарламалар арасында келісімнің жоқтығы байқалады. Мәдениет басқармасы мен ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметінің нәтижелілік көрсеткіштері мен жетістіктерінің нақты нәтижелерін  объективті бағалауға мүмкіндік бермейді.

Тиімді мониторингтің болмауы, есеп беру деректерінің бұрмалануы және бюджет қаражатын жоспарлау кезінде басқарушылық тәртіптің нашарлығы айтарлықтай қаржылық шығындарға әкелді. Тек 2022-2024 жылдары 460 млн теңгеден астам сомаға субсидиялар артық төленген, республикалық бюджеттен берілетін трансферттерді мақсатсыз пайдалануға жол берілген, сондай-ақ бюджеттік өтінімдерді жасаудағы жүйелік қателіктер жіберілген.

Мәдениет басқармасы бюджеттік заңнаманы бұза отырып, субсидиялауға жататын ұйымдарға жатпайтын «Мәдени іс – шараларды өткізу жөніндегі дирекция» МКҚК шығындарын жабуға жалпы сомасы 7,6 млрд. теңге (2022 жылы – 2,3 млрд. теңге, 2023 жылы – 4,1 млрд. теңге және 2024 жылы-1,2 млрд. теңге) субсидиялар бөлініп, тиімсіз жоспарлауға әкелді.

 

Білім саласы - еңбек нарығымен нашар байланыс және жауапкершілік  тапшылығы

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіби мамандықтары бойынша маман түлектерді жұмысқа орналастырудың төмен деңгейі анықталды - еңбек нарығының қажеттіліктеріне қарай қалыптастырылатын мемлекеттік тапсырыстың болуына қарамастан жұмысқа орналастыру орта есеппен 47,5% құрады, бұл колледждердің жұмыс берушілермен өзара нашар байланысын көрсетеді.

Білім басқармасы ведомстволық бағынысты ұйымдардың мақсаттары мен тиімділік көрсеткіштерін айқындамаған, бұл нәтижелі жоспарлау мен мониторингке кедергі келтіреді (Білім басқармасы мен ТжКБ ұйымдары арасында жасалған шарттар сомасын және кадрлар даярлау бағытын негіздейтін, сондай-ақ ТжКБ ведомстволық бағынысты ұйымдарының жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне енгізілген шығыстарын  қосымша қаржыландыру есебінен бюджет қаражаты жұмсалғанын түсіндірулер  жоқ ). Тиісті негіздемелерсіз штат бірліктерін асыра бағалау, еңбекақы төлеу қорын тиімсіз жоспарлау, асханаларды ұстауға және ынталандырушы үстемеақыларды төлеу басқарушылық мәдениеттің төмендігі мен  немқұрайлықты  көрсетеді.

 

Денсаулық сақтау саласы – дәрігерлердің   тапшылығы және дәрігерлік  сапаның жоғалу қаупі

Емханаларда дәрігерлерге шамадан тыс жүктеменің артылуы байқалады: бір медициналық ұйымға орта есеппен 40 мың қала тұрғыны келетінін  көрсетеді. Астанада көші-қонның өсуі және МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған халықтың болуы ауруларды дер кезінде анықтауды және медициналық көмектің кепілдік көлемін алуды қиындатады.

Медициналық қызмет сапасы төмендеуінің негізгі факторлары дәрігерлер жалақысының төмендігі мен олардың жұмыста «эмоционалдық  шалдығуы»   болып тұр. Қаражатты жоспарлау мен пайдаланудағы, дәрі-дәрмек пен жабдықты сатып алудағы бұзушылықтар да елеулі шығындарға алып келген: мысалы, Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынған дәрі- дәрмек пен құрал жабдықтар  бағасының жоғарылауынан экономикалық шығындар 296,6 млн теңгені құрады.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарында еңбекақы төлеу қорын есептеу кезінде мемлекеттік активтерді тиімсіз жоспарлауға және пайдалануға 881,6 млн. теңгеге әкеп соққан бюджеттік жүйе қағидаттарының бұзылуына жол берілген.

Сонымен қатар, аудит медициналық ұйымдардың қызметі процесінде негізгі құралдардың пайдаланылмауы анықталды, бұл мемлекеттік активтердің  83,2 млн. теңгеге тиімсіз пайдаланылуына әкелген (№11 Емханада сатып алынған негізгі құралдар (ұйымдастыру техникасы) 4,9 млн. теңгеге пайдаланылмайды және қоймада сақталады; № 14 емханада құны 29,3 млн. теңге болатын екі автомобиль көлігі «№3 көпсалалы балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК-не берілген;  лицензияның кеш алынуына байланысты құны 10,2 млн. теңге болатын «Медиолла-Компакт» медициналық лазерлік сәулелену аппараты пайдаланылмайды; № 13 Емханада 15,9 млн. теңге сомасына 7 бірлік автокөлік жұмысыз тұр, сондай-ақ баланстық құны 22,8 млн.теңге салынған тұрғын емес үй-жайларды жөндеу қажеттілігі себебінен пайдаланылмайды).

Әлеуметтік салалаларда қалыптасқан жағдай басқару тәсілдерінде жүйелі өзгерістерді, жауапкершілік тетіктерін енгізуді, цифрлық мониторингті және нақты нәтижелерді  бағдарлауды қажет етеді.

Толығырақ ақпаратты Тексеру комиссиясының www.rkastana.gov.kz ресми сайтында орналастырылған аудиторлық қорытындылардан білуге болады.

Аудиторлық іс-шаралар барысында анықталған бұзушылықтар бойынша есепті кезең ішінде аудит объектілерін тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сот және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл бойынша жұмыс жалғастырылды.

Анықталған бұзушылықтар бойынша 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Уәкілетті органдарға және сотқа қарау және шешім қабылдау үшін 58 факті бойынша материалдар жіберілді, оларды қарау нәтижелері бойынша:

34 факті бойынша 6,2 млн. теңге сомасына айыппұл салумен заңды тұлғалар мен лауазымды тұлғалар тартылды;

18 факті бойынша әкімшілік іс жүргізу қаралу сатысында.

Сондай-ақ Тексеру комиссиясы 8 әкімшілік іс қозғады, оның 7-сі қаралып, 1,3 млн.теңгеге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, есепті кезеңде жергілікті уәкілетті органдар мен аудит объектілеріне жұмыста анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша 19 ұсыныс және 60 тапсырма жолданды.

Мемлекеттің бюджет қаражаты мен активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзушылықтардың алдын алу және азайту мәселесі Тексеру комиссиясының тұрақты бақылауында және қаржылық тәртіпті нығайту мақсатында осы бағыттағы жұмыстар  жалғастырылатын болады.

Осы мақала  «Астана ақшамы» газетінің  2025 жылғы 3 мамырдағы  №51  (4813)  санында жарияланды.

«Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ