Елордада тұрғын үй қорын жаңарту және проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС және «Елорда даму» ЖШС қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары
2025 жылғы 4 желтоқсанда Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысында мәслихат депутаттарының, құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының басшыларының, аудит объектілері - «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС және «Елорда даму» ЖШС қатысуымен тұрғын үй қорын жаңарту және елордада проблемалық құрылыс нысандарын аяқтау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде екі серіктестік қызметі тиімділігінің мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды.
Тексеру 2023-2024 жылдар кезеңінде әкімдіктің екі уәкілетті ұйымының қызметін қамтыды, онда жалпы қамту көлемі 61,8 млрд.теңгені құрады, оның ішінде: 52,6 млрд. теңге – « Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС, 9,2 млрд. теңге —«Елорда даму» ЖШС қатысты.
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 1225 қаулысымен бекітілген Астана қаласының авариялық тұрғын үйлерін реновациялау және модернизациялау бағдарламасы шеңберінде елорда әкімдігінің уәкілетті ұйымы — «Елорда даму» ЖШС — әлеуметтік тұрғын үй құрылысы арқылы авариялық тұрғын үйді бұзуды және тұрғындарды қоныстандыруды жүзеге асырды, бұл ретте тұрғызылған пәтерлердің бір бөлігі қоныс аударушыларға өтеусіз берілген, ал қалған бөлігі алынған қаражатты жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысына қайта инвестициялау үшін еркін нарықта іске асырылды.
Апатты тұрғын үй қорын бұзу жобасын іске асыру барысында 2020-2024 жылдар аралығында «Елорда Даму» ЖШС жалпы ауданы 159 239,7 ш.м 11 тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 3 428 пәтер, оның ішінде жалпы ауданы 35 843 ш. м 870 пәтер Астана қаласының коммуналдық меншігіне өтеусіз өтті.
Астана қаласында тұрғын үй құрылысының проблемалық объектілерін аяқтауды қаржыландыру тетігін іске асыру мақсатында әкімдіктің 2018 жылғы 18 қаңтардағы № 178-118 қаулысымен «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды, оның негізгі мақсаты - проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауды ұйымдастыру және жаңа тұрғын үй кешендерін салу болып табылады. 2018-2024 жылдар аралығында компания 16 062 үлескерді тұрғын үймен қамтамасыз ете отырып, 45 көппәтерлі тұрғын үй кешенін пайдалануға берген.
Сонымен қатар, аудит нәтижелері бойынша бюджеттік, сәулет, қала құрылысы заңнамасының бұзылуы, сондай-ақ кәсіпорындардың ұйымдық-қаржылық қызметіндегі кемшіліктер анықталды.
Құрылтай құжаттарын талдау Серіктестіктердің Жарғылары қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге ішінара сәйкес келмейтінін көрсетті. «Елорда Даму» ЖШС жарғысында қызметтің негізгі мақсаты қалалық ортаны реконструкциялауды және ескі және апатты тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру ретінде айқындалған, бұл Серіктестіктің нақты функциялары мен №1225 модернизциялау бағдарламасының ережелерін көрсетпейді. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС Жарғысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысымен күші жойылған 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына байланысты қызметтің негізгі мақсаты мен мәні көзделген, сондай- ақ, құрылтайшының ескірген атауы-мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының орнына Астана қаласының Қалалық орта cапасы және бақылау басқармасы көрсетілген (Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 15 мамырдағы №505-1373 қаулысы).
Аудит «Елорда Даму» ЖШС мен «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-нің құрылыс және бюджеттік инвестицияларды пайдалану саласындағы бірқатар проблемаларын анықтады, бұл экономикалық шығындарға және қаражатты тиімсіз жоспарлауға әкелген.
Сонымен, келесі бұзушылықтар атап өтілді:
- ұйымдардың мақсаттары мен нәтижелер көрсеткіштерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- Жарғылық капиталды ұлғайту арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне түзетулердің болмауы, мысалы, «Елорда Даму» ЖШС-нің 1 196,9 млн. теңге сомасындағы игерілмеген қаражаты жаңа мемлекеттік инвестициялық жобалардың болмауына байланысты бюджетке қайтарылуға тиіс, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС бойынша қаржылық-экономикалық негіздеме көрсеткіштерінің орындалмауы салдары бюджет қаражатын пайдалануға 14 575,1 млн. теңге сомасында тиімсіз нәтижеге әкелген.
- «Тұлпар-НТ» ЖШС, «Raman Yapi Stroy» ЖШС, «Synerge Capital» ЖШС инвесторларының проблемалық объектілерді аяқтауына «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС тарапынан жеткіліксіз бақылау салдарынан 4 589,5 млн. теңге сомасына активтерді тиімсіз пайдалануға әкелген;
- «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС кредиттік шарттары бойынша орындалмаған міндеттемелер 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 114,0 млрд. теңгені құраған;
- «Елорда Даму» ЖШС-нің бөгде ұйымдарға «City Transportation Systems» ЖШС-нің және «Астана Тазалық» ЖШС-нің 8,0 млрд. теңге сомасына пайызсыз қаржылық көмек көрсетуі активтердің тиімсіз пайдаланылуына алып келген;
- «Елорда даму» ЖШС-нің «DSFK (ДСФК) арнайы қаржы компаниясы» ЖШС-нің облигацияларды сатып алу жөніндегі дұрыс емес басқару шешімдері облигациялар құнының құнсыздануына және 995,9 млн. теңге омасына шығындарға алып келген;
- «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорының үнемделуін есепке алмағанда және сыйақының ашық өлшемдерісіз сыйақылар беруді жүзеге асырған, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша шығынды болып табылды, бұл мемлекет активтерінің 1 163,1 млн. теңге сомасына тиімсіз пайдаланылуына әкелген;
- сауықтыруға 4,0 млн. теңге мөлшерінде жәрдемақыны заңсыз есептеу, сондай-ақ жұмыстан босатылған қызметкерлердің жалақысын 0,2 млн. теңге сомасында ұстап қалған;
Аудит «Елорда Даму» ЖШС пайдалануға берген объектілер алаңының едәуір қысқару үрдісін анықтады: 2020 жылы 56 264 шаршы метрден 2024 жылы 10 291 шаршы метрге дейін, яғни 5,5 есе төмендеген. Нәтижесінде салынған тұрғын үйдің 15% - коммуналдық меншікке берудің жоспарлы көрсеткіші 8 440 шаршы метрден 1 544 шаршы метрге дейін төмендеді, ал нақты беру 2023 жылы 10,7 мың шаршы метрді және 2024 жылы 2,3 мың шаршы метрді құрады, бұл 3,8 есе қысқарғанын көрсетеді.
Тұрғын үй кешендері құрылысының аудиті жалпы іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып жүзеге асырылғанын, алайда жекелеген бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталғанын көрсетті:
- «Комсомольский» МЖК және «Қорғалжын орамы» МЖК тұрғын үй кешендері пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісіз пайдаланылған;
- «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС өзінің комитенттері арқылы — «Meridian Story LTD» ЖШС және «Нұрқапстройгаз» ЖШС-белгіленген мерзімде 13 686,1 млн. теңге сомасына 816 пәтер жеткізу бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз етпеген;
- «Arman Development» Басқарушы компаниясы» проблемалық объектілердің құрылысын аяқтамады, бұл «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС активтерін 5 198,6 млн. теңге сомасына және үлескерлердің қаражатын 4 756,9 млн. теңгеге тиімсіз пайдалануға әкелген;
- «Елорда Даму» ЖШС және «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС МЖК салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы түзету туралы жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарын тиісті түрде хабардар етпеген;
- «Елорда Даму» ЖШС ескірген нормативтік құжаттарды («Қадалар іргетасы» ҚР ҚНжЕ 2019 жылы күші жойылған) және «ТехноЭкспертИнжиниринг» ЖШС лицензияланатын қызметке сәйкес келмеген жағдайда өткізген сынақ нәтижелерін пайдаланған;
- «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС 71,7 млн теңге сомасына ақауларды жоюға арналған шартты негізсіз ұлғайтқан;
- МЖК құрылысы кезінде атқарушылық техникалық құжаттаманы тиісінше ресімдеу қамтамасыз етілмеген, бұл «Қорғалжын орамы» МЖК аяқтауға бірлескен қызмет туралы шарттың негізсіз жасалуына әкелген;
- Екі серіктестікте техникалық және авторлық қадағалаумен міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету бойынша құрылыс қызметі туралы Заңның талаптарын бұзған. Проблемалық объектілердің құрылысын салу мерзімдері бұзылды, енгізу актілерінде ТҚК уәкілетті өкілдерінің қолдары жоқ.
- «Елорда Даму» ЖШС 32,4 млн теңгеге (мысалы, 21,5 млн теңгеге балкондарды оқшаулаудың болмауы), «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС — 84,5 млн теңгеге орындалған жұмыстарды растаудың дұрыстығы қамтамасыз етілмеген.
- «Елорда Даму» ЖШС 22, 22/1, 22/2 үй Кұтпанов МЖК құрылысы кезінде шығындарды 21,1 млн теңгеге арттырған.
Жалпы аудит нәтижелері бойынша жалпы 16 007,9 млн.теңгеге қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде: қалпына келтіруге тиіс - 13 748,9 млн. теңге (аудит барысында -7,2 млн. теңге қалпына келтірілді) және өтелуге тиіс -2 259,0 млн. теңге (аудит барысында -267,9 млн. теңге өтелді) анықталды.
Аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша жалпы сомасы 12 647,8 млн.теңгеге, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау, жалпы сомасы 38 459,5 млн. теңгеге мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану фактілері, ықтимал шығындар мен жоғалған пайда сомасы жалпы сомасы 1 017,4 млн. теңгені құрады, сондай-ақ 41 рәсімдік бұзушылықтар мен 12 жүйелік кемшіліктер анықталды.
Тексеру комиссиясы кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті уәкілетті органдарға 34 факті бойынша материалдар ұсынды.
Аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша Тексеру комиссиясы анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тапсырмалар мен ұсынымдар жіберілді.