«Спорт саласын цифрландыру: мониторинг, талдау, e-порталдар және аудит ұсынымдарының орындалуы» тақырыбындағы дөңгелек үстел

2025 жылғы 24 желтоқсанда Астана қаласының Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларының қорытындысы бойынша «Спорт саласын цифрландыру: мониторинг, талдау, e-порталдар және аудит ұсынымдарының орындалуы» тақырыбында       Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Жоғары аудиторлық палата және Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің өкілдері, сондай-ақ Тексеру комиссия қызметкерлері қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Тексеру комиссиясының төрағасы И.Л. Ақпомбаев елімізде және елордада спортты дамыту ұлт денсаулығы үшін аса маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ салауатты өмір салты чемпиондарды тәрбиелеудің, жоғары жетістіктер спорты арқылы ұлттық бірлікті нығайтудың, патриотизмді қалыптастырудың және елдің халықаралық беделін арттырудың негізі екенін жеткізді. Ол мемлекеттің 2029 жылға қарай халықтың кемінде 50%-ын тұрақты спортпен шұғылдануға тарту мақсатына жету үшін цифрландыруды енгізіп, инфрақұрылымды дамытып жафтқанын атап өтті.

Өз баяндамасында Тексеру комиссиясының мүшесі А.А. Салыкова талқылаудың негізгі тақырыбы – спорт саласын цифрландыру екенін, оның мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырумен, бюджеттік үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етумен және мемлекеттік аудит ұсынымдарын іске асырудың нәтижелігімен тікелей байланысты екенін хабарлады.

Бұл тақырыптың өзектілігі 2024–2025 жылдары дене шынықтыру және спорт саласында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар бірқатар тұрақты жүйелі проблемалардың анықтағанымен байланысты. Олардың елеулі бөлігі жоспарлау, есепке алу, мониторинг және талдау үдерістерінің цифрландырылмауынан туындаған.

Соңғы екі жылда аудитпен 30,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты қамтылды.

Тексеру нәтижелері бойынша 17,2 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды, бұл қамтылған қаражаттың 56,3%-ын құрайды.

2025 жылғы қаржыландыру 2023 жылмен салыстырғанда шығындардың 1,5 есеге тұрақты өскенін көрсетеді (22,3 млрд теңгеден 32,8 млрд теңгеге дейін).

Аудиттер нәтижесінде дене шынықтыру - спорт ұйымдары арасында қаржыландыруды бөлудегі теңгерімсіздік секілді бірқатар жүйелі мәселелер анықталды.

Қаржыландырудың жалпы көлемінде кейбір ведомстволық бағынысты спорт ұйымдарының шығыстарының ашықтығы қамтамасыз етілмеген, себебі спортшылар мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебі жоқ, олардың жетістіктеріне мониторинг жүргізілмейді.

Бюджетті жоспарлау кезінде спорт түрлерін ранжирлеу қорытындылары ескерілмейді, соның салдарынан тәжірибеде С тобына жатқызылған спорт түрлеріне басымдық беріліп, назар аударуды талап ететін А тобының спорт түрлері ескерусіз қалады. Бұл өз кезегінде қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына әкеледі.

Үш аудиттің қорытындысы бойынша анықталған жүйелі олқылықтарды жоюға және салалық нормативтік құқықтық актілерді спортты дамытудың қазіргі міндеттеріне сәйкестендіруге бағытталған 11 ұсыным және 73 тапсырма берілді.

Осылайша, аудит спорт саласындағы мемлекеттік саясат пен нормативтік реттеуді түзетуге негіз қалыптастыратын тиімді кері байланыс құралы ретінде көрінді.

Нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бөлігінде спорттық даярлыққа қатысушыларды қалыптастырудың бірыңғай тәртібін енгізу, спорттық нысандар туралы мәліметтерді мониторингтеу, есепке алу және сақтау ақпараттық жүйесін енгізу, жергілікті деңгейде бұқаралық спорттық іс-шаралар күнтізбесін қалыптастыру, ұлттық спорт түрлерінің тізбесін кеңейту жөніндегі ұсынымдар қолдау тапты. Сондай-ақ салалық тізілімдерді connect.gos24.kz платформасымен интеграциялау жүзеге асырылуда, birge.astana.kz порталындағы ақпарат жаңартылды, спорт нысандары туралы мәліметтер орналастырылды, жаттықтырушылар құрамы біліктілік талаптарына сәйкестігіне талданды, өңірлік басым спорт түрлерінің тізбесі қалыптастырылды және басқа да жұмыстар атқарылды.

Аудит нәтижелері спорт саласын одан әрі дамыту үшін қайталанатын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында басқарудың цифрлық құралдарын кеңінен қолдану қажеттігін көрсетеді.

Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Левит В.А. елордадағы спортты дамытудың негізгі бағыттарын, аудит қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды орындау бойынша атқарылған жұмыстарды және алдағы уақытта бизнес-процестерді цифрландыру арқылы іске асыру жоспарларын баяндады.

Жоғары аудиторлық палата өкілі Н.Ж. Анапия спорт саласында жүргізілген қатар тексеру туралы ақпарат беріп, төмен қаржылық тәртіп пен спорт ұйымдарында бақылаудың болмауына байланысты анықталған бұзушылықтарға, сондай-ақ салалық министрліктің ұсынымдарды орындауына назар аударды.

Спорт істері комитетінің өкілі А.Ш. Жарқынбекова ел деңгейінде спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілердің және әдіскерлердің деректер базасын орталықтандырылған түрде қалыптастыру, сондай-ақ спортшының/жаттықтырушының дене шынықтыру-спорт ұйымына тиесілігін және оның спорттық біліктілігін электрондық түрде растауға көшу - жүйенің негізгі міндеттері болып табылатын, «Дене шынықтыру және спорттың цифрлық платформасы» («e-Sport» АЖ) ақпараттық жүйесін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

«e-Sport» АЖ-ні іске қосуды құқықтық қамтамасыз ету мақсатында «Туризм саласын қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шеңберінде «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер енгізу бойынша түзетулер жобасы әзірленді.

Мәслихат депутаттары спорттық нысандардың құрылысына, сондай-ақ елордада басым спорт түрлерін айқындауға қатысты проблемалық мәселелерді атап өтті.

Өткізілген дөңгелек үстел спорт саласын одан әрі дамытуға арналған жаңа тәсілдерді, соның ішінде қайталанатын бұзушылықтардың алдын алу үшін басқарудың цифрлық құралдарын қолдануды талқылауға мүмкіндік берді.