«Астана қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуді талдау» тақырыбындағы сараптамалық-талдамалық іс-шараның қорытындысы
«Астана қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуді талдау» тақырыбындағы сараптамалық-талдамалық іс-шараның қорытындысы
2024 жылғы 24 желтоқсанда Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) кезекті отырысы өтті, онда «Астана қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуді талдау» тақырыбындағы сараптамалық-талдамалық іс-шарасының қорытындылары қаралды.
«Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ (бұдан әрі-Басқарма) және «Астана қаласының «Тұрғын үй қоры» КММ (бұдан әрі - Тұрғын үй қоры) нормативтік актілерін талдау халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерінде кейбір жекелеген кемшіліктер анықтады:
Ресми интернет-ресурста жарияланған Басқарма мен «Тұрғын үй» қорының қызметі туралы Ережелерде олардың стратегиялық, реттеушілік, іске асырушылық және бақылаушылық функционалдық қызметтері туралы нақты жазылмаған, бұл бірқатар келеңсіз салдарды туғызуы мүмкін (мысалы: пайдаланушылардың сенімінің төмендеуі, ақпаратқа жылдам қол жеткізе алмау, қолдау қызметтеріне жүктеменің артуы, ашықтықтың болмауы).
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 16-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларын бұза отырып, Басқарма өзінің ресми сайтында өз қызметі туралы ақпаратты, мысалы, бюджет қаражаты туралы ақпарат (оның ішінде бюджеттік есептілік, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері, бюджеттік бағдарламалар жобаларын және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жария талқылауды жүргізу мерзімдері туралы ақпарат), ағымдағы қызметі туралы (оның ішінде статистикалық ақпарат пен көрсеткіштер, қызметі саласының (саланың) жай-күйі мен даму серпінін сипаттайтын, қызмет туралы талдамалық баяндамалар мен шолулар, сондай-ақ атқарылған жұмыс туралы есептер мен баяндамалар және т. б.) тұрғын үй қоры бойынша (қызмет түрлері туралы ақпарат, бос лауазымдар бойынша ақпарат, қаржылық есептілік, қызметті регламенттейтін нормативтік құжаттар; тауарларды сатып алу туралы ақпарат, халықаралық ынтымақтастық саласында статистикалық көрсеткіштер мен қызмет нәтижелері, атқарылған жұмыс туралы талдамалық есептер мен баяндамалар; халыққа жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері туралы деректер және т.б.) толық көлемде жарияланбайды.
Ресми интернет-ресурсында ашықтықтың болмауы мемлекеттік ұйымдарға деген сенімнің теріс әсер етуі және оның қызметі туралы сұрақтар тудыруы мүмкін (мысалы: сыбайлас жемқорлық немесе теріс пайдалану қаупі, басқару немесе есеп беру проблемалары, пайдаланушылардың жеткіліксіз хабардар болуы).
Басқарма ХӘОТ санаттары бөлінісінде келіп түскен жалдау төлемдерінің сомалары туралы ақпарат ұсынбаған, сол арқылы «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша ХӘОТ санаты бөлінісінде келіп түскен жалдау төлемдерінің сомалары бойынша есепке алудың жоқтығы байқалады.
2020 жылдан бастап жалдау төлемдерінің сомасы 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге, 304,7 млн. теңгеден 695,8 млн. теңгеге дейін өсті.
Ал, «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша: 2020 жылы - 685 пәтер, 2021 жылы - 761, 2022 жылы - 240, 2023 жылы – 110, 2024 жылы – 968 пәтер берілді.
Берілген пәтерлер санының жылдан жылға төмендеуіне қарамастан (685-тен 110-ға дейін), жергілікті атқарушы органдар 2024 жылға қарай пәтерлердің өсімін 41% - ға және жалдау төлемдерін 2,3 есеге ұлғайтуға қол жеткізді.
Іс-шарамен анықталғандай, ХӘОТ санаты бойынша берілетін тұрғын үй сертификаттарының саны мен сомасы бойынша бөлек есепке алудың болмауы атап өтіледі.
Азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін берілген тұрғын үй сертификаттар саны сертификаттарды беру бағдарламасымен қамтылған адамдар санына тең: 2020 жылы -376 сертификат, 2021 жылы - 1281, 2022 жылы - 930, 2023 жылы - 374, 2024 жылы – 190, тұрғын үй сертификаттары санының 2021 жылмен салыстырғанда 2024 жылы қаржыландыру көлемі айтарлықтай төмендегені байқалады.
Сараптамалық-талдамалық іс-шара қорытындысы көрсеткендей, жыл сайын елордада мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар санының өсуі байқалады. Мысалы, қазіргі уақытта 26 мыңнан астам азамат кезекте тұр және 6 жыл ішінде өсім 7% құрады.
2019 - 2023 жылдары мұқтаж адамдардың баспанамен қамтамасыз етілу пайызының төмендігін көрсетеді.
Сараптамалық-талдамалық іс-шара нәтижелері бойынша Астана қаласы тұрғындарының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шараларға қарамастан, азаматтардың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету әлі де айтарлықтай күш-жігерді қажет етеді. Соңғы жылдары әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайды, алайда оған деген қажеттілік жоғары болып қалуда.
Нәтижесінде тұрғын үйге мұқтаждар саны ұлғайып , берілетін пәтерлердің саны азайды, бұл ағымдағы стратегияларды қайта қарау және осы саладағы жұмыс тиімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдерді әзірлеу керектігін көрсетеді.
Сараптамалық-талдамалық қорытындыда анықталған олқылықтарды жою мақсатында Тексеру комиссиясының отырысында қарау қорытындысы бойынша Тұрғын үй басқармасына, «Тұрғын үй» қорына тиісті ұсынымдар берілді, сондай-ақ ақпарат Астана қаласының әкімдігі мен мәслихатына жіберілетін болады.