«Жаснұр» МКҚК мемлекет активтерінің пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары

2021 жылғы 1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Тексеру комиссиясының отырысында  «Жаснұр» МКҚК (бұдан әрі – Кәсіпорын) қызметінің елеулі бұзушылықтары мен кемшіліктері атап өтіліп,  Кәсіпорынның мемлекет активтерінің пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды.

Мысалы, Кәсіпорынның  Жарғысында көзделген және іс жүзінде ол жүзеге асыратын жекелеген қызмет түрлері заңнамада мемлекеттік қазыналық кәсіпорындар үшін көзделмеген. Кәсіпорынның Жарғысы басқа бағыттар бойынша да өзекті емес.

Пайдаланылуы кәсіпорынның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейтін активтерді кәсіпорынның теңгеріміне беруге жол берілген. Бұл ретте жалпы сомасы 1 241 745,8 мың теңгеге алынған мүлікті тиімді пайдалану қамтамасыз етілмеген. Бұдан басқа, пайдаланылатын мүлікке тиісті бақылау қамтамасыз етілмеген, нәтижесінде құны 3 379,0 мың теңге 1 автокөлік құралының және жалпы сомасы  4 532,4 мың теңге 19 контейнер расталмаған. Бұдан басқа, Жарғылық қызметін жүзеге асыру үшін Кәсіпорын алған мүліктен Жарғылық капиталды қалыптастыру қамтамасыз етілмеген.

«Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы» ММ (бұдан әрі-Табиғат басқармасы) және Кәсіпорын өзінің даму жоспарларын қалыптастыру және мониторингілеу кезінде, сондай-ақ олардың іске асырылуы туралы есептерді жасау кезінде заңнаманың сақталуын қамтамасыз етпеген. Бұл ретте бухгалтерлік есепті сапалы жүргізу және қаржылық есептілікті жасау қамтамасыз етілмеген. Аудитпен кәсіпорынның  2017-2020 жылдардағы қаржылық есептілігінің жалпы сомасы 5 199 470,3 мың теңгеге бұрмалану фактілері анықталды. Лауазымдық нұсқаулықтар арасында сәйкессіздіктер жеткілікті.

Лауазымдық Нұсқаулықтар мен ұйымдық құрылым арасында сәйкессіздіктер, лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес келмейтін лауазымды тұлғаны қабылдау фактісі бар. Еңбекке ақы төлеу қағидаларында қызметкердің еңбегінің  нәтижелерін сипаттайтын, оған сыйлықақы беруге құқық беретін көрсеткіштерді бағалау өлшемшарттарын айқындау тәртібі жоқ, қосымша ақылар мен үстемеақыларды, сыйақы беруді және материалдық көтермелеу мен материалдық көмектің барлық түрлерін айқындау жөніндегі комиссия құрылмаған.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың елеулі бұзушылықтарына жол берілген: мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін негіздер болмаған кезде жалпы сомасы 7 318,3 мың теңгеге 6 шарт жасалды, жалпы сомасы 67 407,3 мың теңгеге 16 шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану бойынша  шаралар қабылданбаған. Жалпы сомасы 4 208,4 мың теңгеге шарттардың орындалуының дұрыстығын қамтамасыз етпеудің жекелеген фактілері, сондай-ақ шарт сомасынан асатын жұмыстарды қабылдау мен төлеудің, көтеріңкі құн бойынша ақы төлеудің жекелеген фактілері және тауар құнын көтеру тәуекелдері орын алған.

Материалдарды есептен шығару заттай нормалар ескерілмей жүргізілген, кәсіпорын активтерін пайдаланудың заттай көрсеткіштерін тиісті тіркеу қамтамасыз етілмейді. Жалпы сомасы 3 759,5 мың теңгеге материалдар негізсіз есептен шығарылған.

Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 384 845,9 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қалпына келтіруге 1 383 771,8 мың теңге (аудит барысында 7 967,9 мың теңге қалпына келтірілді) және өтеуге 1 074,1 мың теңге, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану сомасы 1 425 080,2 мың теңге, ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда сомасы 21 995,0 мың теңге, 157 рәсімдік бұзушылықтар және 40 кемшіліктер анықталды.

Тексеру комиссиясы 3 оқиға бойынша әкімшілік жаза қолданды. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға 24 дерек бойынша материалдар жолданды.

Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында Тексеру комиссиясы әзірленген тапсырмалар мен ұсынымдар жолданды.