2019 жылғы 28 қарашада Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тексеру комиссиясы отырысында Нұр-Сұлтан қаласының білім беру объектілерін салуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тексеру комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласының білім беру объектілерін салуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын қарастырып, жалпы осы бағыт бойынша бюджет қаражатының пайдаланылуы Білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында, Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бағдарламасында және тиісті бюджеттік бағдарламаларда белгіленген мақсаттарға сәйкес жүзеге асырылатындығын атап өтеді.
«Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы» ММ (бұдан әрі – ҚТҮСБ) және «Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы» ММ (бұдан әрі – ҚОРБ) білім беру объектілерінің салынуы жүзеге асырылатын 028 және 037 бюджеттік бағдарламалар шеңберінде барлық нәтиже көрсеткіштеріне дерлік 100%-ға қол жеткізді.
Қамтылған кезеңде (2017, 2018 жылдар және 2019 жылдың бірінші жарты жылдығы) Нұр-Сұлтан қаласында бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 23 582 266,6 мың теңгеге 58 білім беру объектілерін жобалау мен салуды қаржыландыру жүзеге асырылды, оның ішінде 21 860 501,8 мың теңгеге 51 мектеп (оның ішінде 18 мектепке жапсарлас құрылыстар) және 1 721 764,8 мың теңгеге 7 балабақша (15 нысан аяқталды, оның ішінде 11 мектеп және 4 балабақша).
Елорда білім беру ұйымдарының (оның ішінде жеке меншік ұйымдардың) желісін дамыту бойынша жүргізілген жұмыс қамтылған кезең ішінде мектептер мен балабақшалардың санын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Осылайша, 2016 жылға қарағанда мектептер саны 17 бірлікке (оның ішінде 7-сі жеке меншік) немесе 17,9%-ға өсіп, 112 бірлікті құрады (оның ішінде 18-і жеке меншік), балабақшалар саны 112 бірлікке (оның ішінде 113-і жеке меншік, мемлекеттік балабақшалар саны трансформация нәтижесінде 1 бірлікке азайды) немесе 53,1%-ға өсіп, 323 бірлікті (оның ішінде 229-ы жеке меншік) құрады.
Сонымен қатар, осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласында халық санының қарқынды өсуі жалғасуда. Соңғы 5 жылда елорда халқы 27,9%-ға өсіп, 1 116,0 мың адамға жетті, осы кезеңде жалпы білім беретін мектеп оқушыларының саны 55,7%-ға өсіп, 182,3 мың адамға жетті, балабақша тәрбиеленушілерінің саны 46,8%-ға өсіп, 43,6 мың адамға жетті. Нәтижесінде жалпы білім беретін мектеп оқушылары санының үлесі 2015 жылдағы 13,4%-дан 2019 жылдағы 16,3%-ға дейін, балабақша тәрбиеленушілері санының үлесі 3,4%-дан 3,9%-ға дейін ұлғайды.
Нәтижесінде, егер аудит кезеңінде балабақшалар бойынша орын тапшылығын 63,6%-ға 12 110 орынға дейін төмендету мүмкін болса, оқушы орындарының тапшылығы, 3 ауысымда жұмыс істейтін 8 мектептің болуына қарамастан, 128,9%-ға 21 945 орынға дейін ұлғайды.
Астана қаласында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жекелеген бағыттарының жүзеге асырылуын бағалау аясында жүргізілген аудиторлық іс-шара барысында Тексеру комиссиясы қала мектептерінің, оның ішінде жеке меншік мектептердің желісін дамыту жөніндегі жергілікті атқарушы органдары тарапынан 2018 жылға дейін жүргізілген және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстардың қала оқушыларының болжамды өсуін жабу үшін жеткіліксіз екендігін атап өтті. Алайда тиісті жоспарларға елеулі түзетулер енгізілген жоқ.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері арасында (Білім басқармасы, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, ҚОРБ және ҚТҮСБ) елорданың қандай да бір ауданында орта білім беру объектілерін салудың орындылығы, білім беру объектілерінің артық тығыздалу көрсеткішіне әсер ететін сандық және сапалық сипаттамалардың мониторингі, білім беру объектілерін салу, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігің хаттамалық тапсырмаларын орындау шеңберінде өзара іс-қимылдың нақты тетігі жоқ. Бұдан әрі бұл факт әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысын жүзеге асыру мерзіміне әсерін тигізуде.
Бұдан басқа, білім беру объектілерін салу бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру бұзушылықтар мен кемшіліктермен, оның ішінде мемлекеттік сатып алу, сәулет және қала құрылысы салаларындағы бұзушылықтар мен кемшіліктермен жүзеге асырылған.
Мәселен, аудит объектілерімен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, өзгерістер енгізу және орындау кезінде елеулі бұзушылықтарға жол берілген.
Нәтижесінде 4 жоба бойынша сметалық құнды анықтау кезінде жалпы сомасы 439 950,6 мың теңгеге жұмыс құны арттырылған, оның ішінде ҚОРБ – 3 жоба бойынша жалпы сомасы 409 446,0 мың теңгеге және ҚТҮСБ – 1 жоба бойынша 30 504,6 мың теңгеге жұмыс құнын негізсіз арттырған. Аудит жүргізу кезінде олардың бір бөлігі бойынша жоғары құнмен (жалпы сомасы 1 110,4 мың теңгеге) жұмысқа ақы төлеу жүзеге асырылған.
Бұл ретте, техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдар шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамаған, атап айтқанда ЖСҚ-да сәйкессіздіктер анықталған кезде оларға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныстар енгізуді қамтамасыз етпеген.
ҚТҮСБ жұмыстарды қабылдау кезінде де бұзушылықтарға жол берген:
- «Промышленный тұрғын алабында, Шарбақты көшесі №46-ғимаратта орналасқан №57 орта мектепке жапсарлас құрылыс салу» жобасы бойынша ҚТҮСБ-мен жалпы сомасы 5 483,6 мың теңгеге атқарылған жұмыстардың шынайылығын растау қамтамасыз етілмеген және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жалпы сомасы 3 623,1 мың теңгеге жұмыстардың орындалуы қамтамасыз етілмеген;
- «Астана қаласында А. Иманов және Е. Брусиловский көшелерінің қиылысы ауданында мектеп салу» (сыртқы инженерлік желілерсіз және абаттандырусыз) жобасы бойынша жалпы сомасы 65 286,4 мың теңгеге атқарылған жұмыстардың шынайылығын растау қамтамасыз етілмеген және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жалпы сомасы 17 245,9 мың теңгеге жұмыстардың орындалуы қамтамасыз етілмеген.
Мәселен, екі жоба бойынша мектептерді жобалық-сметалық құжаттамада көзделгенге қарағанда төмен техникалық сипаттамалары бар дербес компьютерлермен жинақтау фактілері орын алған.
Алайда, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұза отырып, шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамаған жобалаушылар мен мердігерлерге оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану жөнінде шаралар қабылданбаған.
Айтарлықтай мәселе болып құрылыс объектілерінің сыртқы желілерін (электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, телефондандыру және т.б.) коммуналдық меншікке уақтылы берілмеуі болып табылады. Бұл ретте, іс жүзінде бұл ұйымдармен аталған желілерді пайдалану жүзеге асырылады және тиісінше, оларды қолданудан ұйымдар табыс алады.
Жалпы аудит нәтижелері бойынша 505 718,4 мың теңгеге, оның ішінде 21 993,3 мың теңгесі өтелуі тиіс (аудит барысында 18 470,3 мың теңгесі өтелді) және 483 725,1 мың теңгесі қалпына келтіруі тиіс (аудит барысында 69 695,4 мың теңгесі қалпына келтірілді) қаржылық бұзушылықтар, сондай-ақ 76 рәсімдік бұзушылықтар мен 25 кемшіліктер анықталды.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданды және тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
Мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнама нормаларын бұзу фактілері бойынша материалдар әкімшілік шаралар қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды.
Сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша аудит материалдары Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданды.
Құрылыстың сметалық құнын көтеру және сапасыз және орындалмаған жұмыс көлемін қабылдау фактілері бойынша аудит материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына жолданды.