Үстіміздегі жылдың 11 қазанында Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылау бойынша кеңес өткізілді

Тексеру комиссиясының төрағасы И. Ақпомбаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында әрі қарай дамудың басымдықтарын белгілеп, оларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Осылайша, Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың ең төменгі еңбек ақысын бір жарым есе көтеруді, педагог мәртебесі туралы заң әзірлеуді және қабылдауды, медициналық қызметкерлердің жалақысын 20%-ға арттыруды, алғашқы жарналарды субсидиялауды, сондай-ақ 7-20-25 бағдарламасын іске асыру шеңберінде медицина саласының қызметкерлері мен мұғалімдер үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыруды тапсырды.

Тексеру комиссиясының мүшесі Руслан Маратұлы Досаев Жолдаудың негізгі тұстарын егжей-тегжей түсіндірді.

Биылғы жылғы жолдауда басымдық берілген салалар қатарында банктерге көмек көрсету, қазақстандықтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру мәселелері, ІІМ жұмысындағы өзекті проблемалар және т.б. аталды.

Мәселен, Президент Ұлттық банкке еліміздегі банктерге 600 млрд. теңге көлемінде ұзақ мерзімді өтемділікпен қаржы бөлуді тапсырды. Өз кезегінде Үкімет өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау бойынша жобаларды несиелендіру мақсатымен алдағы 3 жылда Ұлттық банкке қосымша 500 миллиард теңге бөлуі тиіс.  

Білім беру саласындағы мәселелерді шешу үшін Елбасы     2019-2021 жылдары қосымша 50 млрд. теңге бөлуді тапсырды.

Мемлекет басшысы медициналық-әлеуметтік көмектің қол жетімді болуын баса айтты, сондай-ақ келесі жылы Астана қаласында Ұлттық онкология орталығын салуға кірісу қажеттілігін атады.

Президент өзінің жыл сайынғы жолдауында полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсыра отырып, бұл ретте кадрлардың сапасын арттыруға, атап айтқанда үздіктерді іріктеу мақсатында оларды қайта аттестаттаудан өткізуге көңіл бөлу қажеттілігін атап өтті.

Елбасы соттардың жұмысындағы кадр мәселесін шешуге, сондай-ақ судьяларды тағайындау кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге тоқталды.

Тұтастай алғанда, Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы тұрмыс-тіршіліктің барлық салаларын жақсарту бойынша басымдықтар мен міндеттерді қамтиды.