2019 жылғы 31 қаңтарда Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында Астана қаласында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іс-шараларының іске асырылуын бағалау жөніндегі мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды
Астана қаласында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) орындауға бағытталған іс-шаралардың іске асырылуын бағалау бойынша жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары, жалпы алғанда, Астана қаласының жергілікті атқарушы органдары аталған іс-шараларды бекітілген жоспарларға сәйкес орындайтынын және тілдерді меңгеру деңгейінің жақсарғанын меңзейтін нәтижелер көрсеткіштерінің оң серпініне әкелетінін көрсетіп отыр.
Осылайша, Мемлекеттік бағдарламаның «Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі» көрсеткішіне қол жеткізу 2016 жылы 81%-дан 2017 жылы 83%-ға дейін, «Республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі» 25%-дан 26%-ға дейін, «Республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі» 5,0%-дан 8,0%-ға дейін артқан.
Сонымен бірге, егер алғашқы екі көрсеткіш бойынша жоспарлы және нақты мәндер жалпы республикалық мәндерден жоғары болса, үшінші көрсеткіш бойынша жоспарлы және нақты мәндер Мемлекеттік бағдарламаның ұқсас жоспарлы көрсеткішінен әлдеқайда төмен (2017 жылы 52,9%-ға және 2020 жылы 40,0%-ға) екенін атап өткен жөн.
Бұл ретте, Астана қаласының жергілікті атқарушы органдары Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 6 қаңтардағы №114-1 қаулысымен бекітілген Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында (бұдан әрі – АДБ)Мемлекеттік бағдарламаның 9 нысаналы индикаторынан тек 3 ұқсас индикаторды белгілегенін атап өтеміз. Астана қаласының бекітілген іс-шаралар жоспарында нәтижелердің сандық көрсеткіштері және оларды орындау мерзімдері анықталмаған. Нәтижесінде әлеуметтік зерттеу тек қана АДБ-ға енгізілген үш нәтиже көрсеткіші бойынша жүргізілген.
Осылайша, жергілікті атқарушы органдарда Астана қаласында 9 нысаналы индикатордың 3-еуіне ғана қол жеткізу бойынша ақпарат бар, оның ішінде 2017 жылы жоспарлы нәтижелердің екеуіне қол жеткізіліп («Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі» жоспар – 80%, орындалуы – 83% және «Республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі» жоспар – 22%, орындалуы – 26%), біреуіне қол жеткізілмеген («Республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі» жоспар – 17%, орындалуы 8%).
Біздің пікірімізше, «Республикадағы үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі» көрсеткіші бойынша жергілікті және республикалық деңгейдегі жоспарлы және нақты мәндерінің едәуір алшақтығының себебі есептеу әдістемесіндегі айырмашылықтармен байланысты.
Мемлекеттік бағдарламаның барлық индикаторлары бойынша ақпараттың болмауына байланысты, Астана қаласы бойынша белгіленген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін іске асырудың нәтижелілігін және тиісті қызметтің жоспарлы (тікелей, түпкілікті) және нақты нәтижелерінің ара қатынасын бағалау мүмкін емес.
Сондай-ақ, жүргізілген әлеуметтік зерттеудің анықтығы мен объективтілігін анықтау мүмкіндігі жоқ, себебі Басқарма халықтың тіл білімінің деңгейін анықтаудың мынадай балама әдістерін қолданбайды: интернет-ресурстарға кіру саны, электронды порталда және ХҚКО-да мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу, call-орталықтар мен ұялы байланыс операторларынан, мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлердің тестілеуден өту нәтижелері бойынша тестілеу орталықтарының мәліметтері және т.б.
Астана қаласының Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі ҚР Үкіметінің іс-шаралар жоспарларында жергілікті атқарушы органдар үшін көзделген барлық іс-шараларды қамтымайды. Қалалық іс-шаралар жоспарының жекелеген іс-шаралары толық көлемде орындалмайды. Нәтижесінде Мемлекеттік бағдарламада көзделген іс-шаралардың барлық түрлері бірдей жүргізілмейді (мысалы, тележобалар, телеойындар, телесабақтар өткізілмейді). Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өткізілетін іс-шаралар түрлерінің саны 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы қысқарған. Іс-шаралардың басым көпшілігі жыл сайын бір нысанда жүзеге асырылады (семинарлар, дөңгелек үстелдер, кештер және т.б.).
Осылайша, Басқарма елорданың заман ағымына сай даму қарқынының артуына қарамастан, жаңаша іс-шаралардың түрлерін толық көлемде қолданбайды (әлеуметтік желілер арқылы, онлайн-тестілеу және т.б.).
Сонымен қатар, 2018 жылғы шілдеде Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған жаңа ҚР Үкіметінің іс-шаралар жоспары бекітілгеннен кейін 2017-2019 жылдарға арналған Астана қаласының іс-шаралар жоспарына тиісті түзетулер енгізілмегенін атап өтеміз, бұл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру сапасы бойынша кері нәтижелерге әкелуі мүмкін.
Бұдан басқа, оның шеңберінде Мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру жүзеге асырылатын 002 «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағдарламасын жоспарлау кезінде жекелеген жағдайларда бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесінің қажетті көрсеткіштері белгіленбейді, бұл бюджеттік бағдарламаларды орындау және іске асыруды бағалау бойынша теріс салдарға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ, 002 бюджеттік бағдарламаның тікелей нәтиже көрсеткіштерінің барлығына бірдей қол жеткізілмеген (2016 жылы – 3 көрсеткіштің 2-еуіне, 2017 жылы 3 көрсеткіштің 1-еуіне қол жеткізілмеген).
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 4-бабының 12) тармақшасында көзделген тиімділік қағидатын бұза отырып, Басқармамен 625 адамды мемлекеттік және ағылшын тілдеріне оқыту бойынша жалпы сомасы 9 691,7 мың теңгеге шығыстар жұмсалды, нәтижесінде аталған адамдар мемлекеттік және ағылшын тілдерін меңгеру бойынша қажетті білім деңгейін алмады.
Мұнымен қоса, Астана қаласының «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындығы аясында 2017 жылдың 5 сәуірі мен 1 тамызы аралығында әлеуметтік сала қызметкерлерін жалпы сомасы 2 750,0 мың теңгеге ағылшын тілін оқыту жүзеге асырылғаны анықталды, ал «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы 2017 жылдың 10 маусымында өтті. Яғни, оқыту «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудің елеулі мерзімі өткеннен кейін аяқталды, бұл аталған іс-шараны жоспарлаудың белгілі бір кемшіліктерін көрсетеді.
Аталған фактілер мен жоғарыда келтірілген деректер Астана қаласында Мемлекеттік бағдарламаны іске асырумен байланысты жоспарлы нәтижелерге қол жеткізуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың толық тиімділігі қамтамасыз етілмегенін көрсетеді.
Астана қаласында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру кезінде бюджеттік және өзге де заңнаманы бұзудың жекелеген фактілеріне жол берілген.
Осылайша, аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 312,5 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар (бюджет кірісіне өтеуге жатады), 9 691,7 мың теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы, сондай-ақ 11 рәсімдік бұзушылық пен 9 кемшілік анықталды.
Бұл ретте Басқарма іс-шараларды өткізу үшін сыйлықтар, гүлдер, су және басқа да материалдар құнын есептеудің дұрыстығын растайтын заңнамада көзделген құжаттарсыз жалпы сомасы 33 924,0 мың теңгеге шығыстарды жоспарлау фактілеріне жол берген, бұл бюджет қаражатының артық шығынына әкелуі мүмкін.
Мұнымен қоса, Басқарма бухгалтерлік есеп туралы заңнаманы бұза отырып, іс-шараларды өткізу кезінде жалпы сомасы 14 152,0 мың теңгеге шығыс материалдарын бухгалтерлік есепте тиісінше көрсетусіз тарату фактілеріне жол берген. Жүргізілетін операцияларды бухгалтерлік есепте көретпеу фактілері Басқарма есебінің анықтығын бұрмалауға әкеледі, жүргізілетін операцияларға бақылаудың деңгейін төмендетеді және активтерді тиімсіз және (немесе) негізсіз пайдалану фактілеріне әкеп соғуы ықтимал.
Жүргізілген аудит жол берілген бұзушылықтар мен кемшіліктердің негізгі себебі жауапты қызметкерлердің біліктілігі мен орындаушылық тәртібінің жеткіліксіз деңгейі болып табылатынын көрсетіп отыр.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша қаулы қабылданып, тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.