2019 жылғы 12 ақпанда өткізілген Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Астана қаласының Ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесінде Астана қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етуге бөлінген жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды
Астана қаласында қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге байланысты шығыстардың қаржыландырылуын талдау оң динамиканы көрсетіп отыр.
2016-2018 жылдар кезеңінде осы бағыт бойынша шығыстар 26 574 905,0 мың теңгені құрады, Астана қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығыстар басым мәнге ие.
Жүргізілген аудит ішкі істер органдары бөлімшелерінің материалдық-техникалық қамсыздандырылуы жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Сонымен қатар, халық санының артуы, бақыланбайтын көші-қонның жоғары деңгейі елордада қылмыс деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бермейді.
Қылмыстылық деңгейіне кері әсер ететін себептердің бірі ішкі істер органдарындағы кадрлардың тұрақтамауы болып табылады, ол өз кезегінде еңбекақының төмендігіне, тұрғын үй мәселесінің шешілмеуіне, ішкі істер органдарының бір қызметкеріне түсетін жүктеменің жоғары болуына байланысты.
Аудит барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жүйелі бұзушылықтары анықталды, шарттар жасасу рәсімдерінің бұзушылықтарына жол беріледі, олардың орындалуына тиісті бақылау жүргізілмейді, полиция қызметкерлеріне сыйақы төлеу, іссапар шығындарын төлеу, заттай мүлік және киім-кешек беру тәртібінің жүйелі бұзушылықтары анықталды.
Қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 550,4 мың теңгені құрады, ол толығымен өтелуге жатады.
Аудит қорытындысы бойынша 40 рәсімдік бұзушылық пен мемлекеттік аудит объектісінің қызметімен байланысты кемшілік анықталды.
Тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 15 724,8 мың теңгені құрады.
Астана қаласында қоғамдық тәртіптің сақталуын және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінген жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудитпен бюджеттік және өзге де заңнаманың бұзушылықтары анықталды, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Астана қаласының Ішкі істер департаментінің (бұдан әрі – Департамент) бюджеттік және стратегиялық жоспарлау саласындағы бөлімшелерінің қызметінде олқылықтар бар.
Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасындағы (бұдан әрі – АДБ) көрсеткіштер саны Базалық тізбеге (ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы №166 бұйрығымен бекітілген) сәйкес келмейді, аталмыш тізбемен салыстырғанда «Қоғамдық қауіпсіздік және құқық тәртібі» бағыты бойынша АДБ-да бекітілген нысаналы индикаторлар саны 2 еседен аса артық, бұл ретте базалық тізбеден тыс бекітілген нысаналы индикаторлар (5 индикатордан 4-еуі) есірткі қылмыстарымен байланысты.
Есірткіге байланысты қылмыстар бойынша нысаналы индикаторлар санын таңдаудың нақты негіздемесі жоқ, сондай-ақ олардың «Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету» мақсатына және «Астананы қауіпсіз қалаға айналдыру» АДБ бағытына қол жеткізуге елеулі әсерінің бар-жоғы сараланбаған.
Аудит объектісі бюджеттік бағдарламаларды бекіту кезінде бюджеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторларын АДБ-ның нысаналы индикаторларымен өзара байланыстыруды жүргізбейді.
Мәселен, 2017 жылға арналған 001 «Республикалық маңызы бар қала, астана аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер» бюджеттік бағдарламасын (бұдан әрі – 001 бюджеттік бағдарлама) бекіту кезінде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінде базалық тізбеде және АДБ-да бекітілген «Жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың (100 зардап шеккенге) санын азайту» индикаторы жоқ.
2016 жылға арналған 004 «Астана қаласында нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу бойынша қызметтер» бюджеттік бағдарламасында АДБ-да бекітілген 4 индикатордың тек 2-еуі ғана көрініс тапқан, сондай-ақ 2017 жылға да 2 индикатор бекітілген.
Жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштерін жоспарлау кезінде алдыңғы кезеңдердегі нақты деректер ескерілмейді.
Осылайша, Департаменттің есепті мәліметтеріне сәйкес 2016 жылы жасалған қылмыстардың нақты саны 39 725 қылмысты құрады, алайда 2017 жылға «Жасалған қылмыстардың саны» жоспарлы көрсеткіші 57 154 қылмыс болып бекітіледі, бұл 2016 жылдың жоспарынан 16,6%-ға (48 980), ал іс жүзіндегі санынан 43,8%-ға (39 725) артық.
Департамент бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу және бекіту кезінде бюджеттік бағдарламаларды бекіту мерзімдерін сақтамайды, сипаттамаларды қайталайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 195 бұйрығымен бекітілген Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) әзірлеу және бекіту қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды өзге де бұзушылықтарға жол беріледі.
Аудит объектісінің бюджетті жоспарлауы кезінде бюджеттік өтінімдерге есептерді дайындауда артық және негізсіз жоспарлау фактілері анықталды. Барлығы аудиттелген кезеңде жалпы сомасы 34 985,0 мың теңге бюджет қаражатын артық және негізсіз жоспарлауға жол берілген.
Қызметкерлерге сыйақы беру, сауықтыру жәрдемақысын, іссапар шығындарын төлеу тәртібі туралы қолданыстағы заңнаманың жалпы сомасы 244,2 мың теңгені құрайтын бұзушылықтары анықталды.
Аудитпен мемлекеттік сатып алудың едәуір бөлігі бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатыны анықталды, бұл бәсекелестікті шектейді және соның салдарынан бюджет қаражатының ықтимал үнемделуі орын алмайды.
Мысалы, 001 бюджеттік бағдарлама бойынша аудиттелетін кезең үшін бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемінен 9 304 256,4 мың теңге сомасына немесе мемлекеттік сатып алудың барлық көлемінің 83%-ы, оның ішінде өткізілмеген конкурстар бойынша 6 740 682,9 мың теңге сомасына немесе осы бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алудың барлық көлемінің 60,1%-ы бір көзден сатып алу жүзеге асырылды.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың көптеген бұзушылықтары және жасалған шарттардың талаптарын сақтамау, оның ішінде мемлекеттік сатып алу порталында талап етілетін ақпаратты және т.б. орналастырмау анықталды.
Департамент тауарлар мен қызметтерді жеткізу шарттарын бұзғаны үшін 38,2 мың теңге сомасында тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды қамтамасыз етпеген, тиісінше осы өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану бойынша шаралар қабылданбаған.
Аудит барысында 15 724,8 мың теңге сомасында «Робопатруль» кешенін сатып алуға бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау фактісі анықталды.
Департамент сатып алған «Робопатруль» кешені нысаналы мақсаты бойынша қолданылмайды, бұл мемлекеттік мүліктің тиімсіз пайдаланылуын көрсетеді.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Департаментке тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.