2019 жылғы 4 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» атты салтанатты іс-шара өткізілді
Аталмыш іс-шара барысында мемлекеттік рәміздердің тарихы, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту және Мемлекеттік Гимннің мән-мағынасы мен құндылығы, олардың мемлекеттілік негізін қалау мен нығайтудағы орны, сондай-ақ өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жайлы сөз қозғалды.
Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы біз өз тарихымызға, еліміздің өткені мен келешегіне лайықты құрмет көрсетеміз. Егер әрбір қазақстандық азамат Мемлекеттік Гимнді еліне деген мақтаныш сезімімен жүрек тұсын ұстап тыңдар болса, Туымыз бен Елтаңбамызды қастерлеп, қадіріне жете білсе – нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі мен негізгі ұғымдарды анықтайтын нормативтік-құқықтық актілер, мемлекеттік нышандарды тиісті түрде пайдаланбағаны үшін қолданылатын шаралар айтылды.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заңға «Қазақстан» атауын латын графикамен «Qazaqstan» деп стандарттың бүкіл мәтіні бойынша жазу бөлігінде енгізілген өзгерістер де атап өтілді. Бұл жаңалық қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірумен байланысты.
Салтанатты іс-шараның соңында мемлекеттік рәміздерді қолдану мәселелері бойынша ақпараттық бейнероликтер көрсетілді.