Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның және ведомстволық бағынысты ұйымның активтерді басқару қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудиттің қорытындылары

2023 жылғы 31 тамызда Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті, онда ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның және ведомстволық бағынысты ұйымның активтерді  басқару  қызметінің тиімділігіне  жүргізілген мемлекеттік аудитінің қорытындылары қаралды.

Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігіне  талдау Астана қаласының Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) сәулет және қала құрылысы қызметі, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, еңбек қатынастары салаларында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында азаматтардың заңды құқықтарының бұзылуын болдырмайтын бақылаушы органның міндеттері мен өкілеттіктері жүзеге асырылатынын көрсетті.

 Басқарма тарапынан  лицензиялар беру, аттестаттау жүргізу, ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу және т.б. қызмет көрсету бойынша 11 мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылады, ветеринариялық анықтамалар мен паспорттар беру бойынша 2 қызметті «Астана ветеринария қызметі»  ШЖҚ КМК ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі- «Астана ветеринария қызметі») жүзеге асырады.

Басқарма қызметін тексеру Басқарманың және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін реттейтін ішкі құжаттарды әзірлеу және жасау кезінде тиісті өзгерістердің уақтылы енгізілмегенін атап өтті. Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауды (373,8 млн.теңге), тікелей және түпкілікті көрсеткіштерді дұрыс бекітпеуді, сондай-ақ 016 «Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу»  және 025 «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру» бюджеттік бағдарламаларын іске асыру бойынша есептік деректердің бұрмаланғанын  көрсетті.

Экономикалық шығындар (0,5 млн. теңге) есептен шығарылған ауыл шаруашылығы техникасының мемлекеттік нөмірлерін кәдеге жарату кезінде, оларды кейіннен металл сынықтары ретінде тапсырусыз және түскен қаражатты бюджет кірісіне аударусыз жіберілді. Жергілікті атқарушы органның төтенше жағдайларды жою жөніндегі шұғыл шығындарға арналған резерві есебінен іс-шараларды іске асыру кезінде жөндеу жұмыстарын сапасыз орындауға  (1,3 млн.теңге) жол берілген.

Осыған ұқсас бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер аудитпен «Астана ветеринария қызметі» кәспорнында  анықталды. Жарғыны, бөлімдер туралы ережелерді және Кәсіпорын қызметін реттейтін басқа да ішкі құжаттарды уақтылы өзектендіру жүзеге асырылмайды.

Мемлекеттік мүлік туралы заңнаманы бұза отырып, «Астана ветеринария қызметі» еңбекақы төлеу қоры, басшы, оның орынбасарларының, бас бухгалтердің лауазымдық жалақыларының мөлшері бекітілмеген, осылайша активтерді тиімді жоспарлау (51,7 млн.теңге) қамтамасыз етілмеген.

Ұжымдық шартта «Жұмысы жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, қосымша ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің ұлғайтылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың Тізбесін, сондай-ақ оларды беру Қағидаларын» бекіту жөнінде шаралар «ҚР Еңбек кодексінің 105-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес қабылданбағандықтан мемлекет активтерін тиімсіз пайдалануға (12,5 млн. теңге) жол берілген.

«Астана ветеринария қызметі» активтердің тиімсіз пайдаланылғанын көрсетті, атап айтқанда, 2022 жылғы 9 қарашада балансқа  қабылданған құны 52,1 млн. теңге жиналмалы ангарлардың үш жиынтығы (тез салынатын, металл, қаңқасыз құрылыс, ауданы 170 м2) жарты жылдан астам, сондай-ақ 2020 жылғы тамыздан бастап пайдаланылмайды жануарлардың мәйіттерін кремациялауға және құны 52,2 млн. теңге ветеринариялық қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған жабдық пайдаланылмаған.

Басқарма мен Кәсіпорын арасында жасалған шарттар шеңберінде зарарсыздандыру және кастрациялау бойынша қызметтер көрсетуге азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар  бойынша үшінші тұлғаларды тарту 33,6 млн.теңгеге бюджет қаражатын бұрмалап,  экономикалық шығынға алып келген.

Жауапты тұлғалар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы төленуге ұсынылған орындалған  жұмыстар актілерін дұрыс есепке алмау салдарынан жіберілген иттер мен мысықтарды күтіп-бағу  бойынша нақты көрсетілмеген қызметтер үшін жалпы сомасы 15,3 млн.теңгеге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға әкеп соқтырған.

Сәбит Мұқанов 2/1 мекенжайындағы питомникті бақылау тексеру жануарларды уақытша ұстау бойынша заңнама талаптарының сақталмағанын көрсетті: қоршаулардың қарапайым санитариясы қамтамасыз етілмеген, ауыз судың болмауы, жануарларды қауіпсіздікте ұстау шарттары сақталмаған  (қоршаулар бір бос  қабырға және темір торлы үш ашық қабырғалы қоршау болып келеді, шатыры жоқ, едендердің беті қатты емес, сумен жууға және дезинфекциялау құралдарымен өңдеуге бейімделмеген), жеке қоршауларда иттердің қашуына мүмкіндік беретін тесіктер орын алады.

Кәсіпорын тарапынан үй жануарларының иелерін ақпараттандыру бойынша жұмыс жеткіліксіз, TANBA мәліметтер базасына жүргізілген талдау көптеген иелердің үй жануарларын тіркемейтінін көрсетті.   

Портал деректеріне сәйкес бүгінгі күні Астана бойынша 16 229 жануар, оның ішінде 11 148 ит және 5 081 мысық тіркелген. Алайда, тіркеуге жататын жануарлардың саны туралы  сараптамалық деректер жоқ.

Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 330 481,9 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде өтелуге жататын 16 799,6 мың теңге (оның ішінде аудит барысында 8 614,6 мың теңге өтелді), қалпына келтірілуге 313 682,3 мың теңге (аудит барысында толық қалпына келтірілді), тиімсіз жоспарлау сомасы 425 515,0 мың теңгені, тиімсіз жоспарлау мемлекет активтерін пайдалану сомасы – 116 845,2 мың теңге, ықтимал шығындар мен жоғалған пайда сомасы - 34 542,5 мың теңгені құрады, сондай-ақ 36 рәсімдік бұзушылықтар мен 20 жүйелік кемшіліктер анықталды.

Барлығы әкімшілік жауапкершілік белгілері бар 7 факт анықталды, оның ішінде аудит барысында 6 факт бойынша аудит объектілерінің 5 қызметкеріне жалпы сомасы 862,6 мың теңгеге айыппұл салынды.

Сондай-ақ, жануарлармен жауапты қарым-қатынас саласындағы талаптарды сақтамау фактісі бойынша тиісті шешім қабылдау үшін Астана қаласы бойынша Полиция департаментіне бір материал жіберілді.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында Тексеру комиссиясы әзірленген тапсырмалар мен ұсынымдар жолданды.

Жаңалықтар