2020 жылғы 10 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті
Тексеру комиссиясының отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) жобаларын іске асыру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.
Жүргізілген аудит қорытындылары бойынша 2017 - 2019 жылдар аралығында жоспарланған МЖӘ-нің 47 жобасынан барлығы 14 жоба немесе 29,8%-ы іске асырылғаны (МЖӘ туралы шарттар жасалды) атап өтілді, соның ішінде экономика салалары бойынша: білім – 7 жоба, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – 3 жоба, көлік және инфрақұрылым – 2 жоба, ақпарат және байланыс – 1 жоба, мәдениет және спорт – 1 жоба.
Сонымен қатар, МЖӘ жобаларын талдау энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірде-бір МЖӘ жобасы іске асырылмағанын көрсетті, бұл «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі міндеттеріне сәйкес келмейді.
Іске асырылатын 14 жобаның жалпы құны 49 256 173,7 мың теңгені құрады, соның ішінде тартылған инвестициялар көлемі 29 799 965,0 мың теңгені немесе 60,5%-ды құрады, ол (инвестициялар) төмендеу үрдісіне ие, оның ішінде жасалған МЖӘ шарттарын бұзу салдарынан.
Сондай-ақ, 2017 жылмен салыстырғанда МЖӘ-нің іске асырылып жатқан жобаларының төмендеу үрдісі анықталды. Егер 2017 жылы жалпы сомасы 32 176 999,0 мың теңгеге 7 жоба (мемлекеттік бастамасы бар 6 жоба және 1 жеке қаржылық бастама) іске асырылса, 2019 жылы жалпы сомасы 9 908 647,0 мың теңгеге барлығы 4 жоба (мемлекеттік бастамасы бар 1 жоба және 3 жеке қаржылық бастама) іске асырылды. Осыған ұқсас, 2018 жылы жалпы сомасы 7 170 527,7 мың теңгеге 3 жоба (барлығы 3 жеке қаржылық бастамасы бар) іске асырылды.
Осылайша, теріс динамиканың себебі бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан МЖӘ жобаларын жоспарлау сапасының жеткіліксіздігі болып табылады.
Сонымен қатар, біздің бағалауымыз бойынша, бұл төмендеу (жасалған шарттардың саны) Нұр-Сұлтан қаласының аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында (бұдан әрі – АДБ) «Оң қорытындылар алған МЖӘ жобаларының саны және олар бойынша конкурс жариялау» индикаторының орнына 2019 жылғы қазанда енгізілген «МЖӘ шеңберінде іске асырылатын жобалардың жалпы санынан Жергілікті атқарушы органдардың МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді талап етпейтін жобалардың үлесі» көрсеткішінің (индикатор) өзгеруіне байланысты.
Жүргізілген аудит МЖӘ жобалары бойынша жасалған шарттарға қарамастан, оларды одан әрі іске асыру әрдайым табысты бола бермейтінін көрсетеді, бұл, өз кезегінде, іс жүзінде АДБ-ның тиісті индикаторларына қол жеткізуді бұрмалайды және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тиісті жоспарлау, бақылау, мониторинг деңгейінің, жауапкершілігінің болмауын және МЖӘ жобаларын іске асыру тиімділігіне теріс әсер ететін сараптамалық сүйемелдеудің нашарлығын көрсетеді.
Сонымен қатар, МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау бөлігінде оң динамика да байқалады. Осылайша, егер 2017 жылы МЖӘ шарттарымен барлық 7 жоба бойынша 32 176 999,0 мың теңге сомасына міндеттемелер қабылданса, 2018 жылы 3 жобаның 2-еуі бойынша 5 286 195,0 мың теңгеге ғана міндеттемелер қабылданды. 2019 жылы жасалған 4 МЖӘ шартының барлығы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданбаған, бұл жергілікті бюджетке түсетін жүктеменің төмендегенін көрсетеді.
МЖӘ жобаларына аудит жүргізу шеңберінде МЖӘ жобалары бойынша кейіннен шешімдер қабылдау кезінде назар аударылуын талап ететін МЖӘ-нің әртүрлі кезеңдерінде туындайтын МЖӘ-нің құқықтық шарттарының, оны жүзеге асыру тәсілдерінің, дайындау және іске асыру, шарттарды орындау, есептілік процестерінің және басқа да мәселелердің жекелеген сәйкессіздіктері мен бұзушылықтары белгіленген.
2017-2018 жылдары жеке серіктестердің жобаның құнынан өз қаражатының 1-10%-ымен ғана МЖӘ жобаларын іске асыруы жеке әріптестердің қаржылық тұрақтылығын жоғалту тәуекелдеріне әкеп соқтырды және ол жеке әріптестердің банктік қарыздары бойынша пайыздарды төлеуі түрінде жергілікті бюджетке қосымша жүктеме болады.
Мемлекеттік аудит материалдары балабақшалар салу бойынша 11 жобалық-сметалық және техникалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 312 063,9 мың теңге жұмсалғанын, соның ішінде жалпы сомасы 259 165,2 мың теңгеге 9 жобалық-сметалық құжаттама бойынша құрылыс әлі басталмаған, бұл ретте, жобаларға 2014-2015 жылдардағы мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары бар. Осыған байланысты қазіргі уақытта жобалық-сметалық және техникалық құжаттамалар ескірген.
Осылайша, балабақшалар салу бойынша 9 жобалық-сметалық және техникалық құжаттаманы әзірлеуге жұмсалған 259 165,2 мың теңге тиімсіз пайдаланылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 4 жобаны іске асырмауы да бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғандығын және пайдаланылғандығын көрсетеді, конкурстық құжаттамаларды әзірлеуге және консультациялық сүйемелдеуге 42 280,0 мың теңге жұмсалған.
Қазіргі уақытта елордалық автоәуесқойларға қатысты МЖӘ-нің өзекті жобаларының бірі ақылы тұрақ орындарын іске асыру жобасы болып табылады.
Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 22 маусымдағы №108-1325 «Елордадағы көлік құралдарын тұраққа қою үшін ақы алуға және оларды тұраққа қою уақытын есепке алуға арналған арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталған орындарды белгілеу туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы құжаттың қабылданбауына байланысты осы қаулыға енгізілмеген тұрақ орындары бойынша төлем алынады. Сонымен қатар, тестілік режимде жұмыс істейтін, олар бойынша төлем алынбауы тиіс тұрақ орындары бойынша халықты хабардар ету бойынша жұмыстардың әлсіздігі байқалады.
Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында спортты дамытуды қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдан бастап Паралимпиадалық жаттығу орталығында және «Тарлан» мұз айдынында дене мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында спортты дамыту бойынша МЖӘ жобасы іске асырылуда.
Аталған спорттық кешендерге ақысыз негізде қатысатын физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдардың 2019 жылы көрсетілген спорттық объектілерге қатысуын талдау ресми интернет-ресурста тиісті ақпараттың болмауына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тиісті басқармалары тұлғасындағы мемлекеттік әріптестердің белсенді жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты паспорттық өткізу қабілетімен салыстырғанда осы МЖӘ объектілерінің жеткілікті жүктелмегенін көрсетеді.
Жалпы, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 42 280,0 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, 58 рәсімдік бұзушылық пен 14 кемшілік анықталды.
Мемлекеттік аудиттің бір материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тапсыруға ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы қаулы қабылдады, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.