«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының 2020 жылғы 6 айдағы қызметінің қорытындылары» мақаласы
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тиісті жылға арналған Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі негізінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асырады.
Сыртқы мемлекеттік аудит халықтың өмір сүру жағдайы сапасының серпінді өсуін және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру және заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Мәселен, 2020 жылдың 6 айында 5 аудиторлық іс-шара бойынша қорытынды жасалды, онда мемлекеттік аудит жалпы сомасы 189 713,0 млн. теңге болатын 40 нысанды қамтыды, атап айтқанда:
- мемлекеттік органдарда – 133 929,0 млн. теңге;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінде – 55 784,0 млн. теңге.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 17 477,6 млн. теңгені құрады, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 8 735,2 млн. теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 4 468,5 млн. теңге және тиімсіз жоспарлау – 4 273,9 млн. теңге, сондай-ақ, аудит объектілерінің қызметіндегі 938 рәсімдік бұзушылық пен кемшілік анықталды.
Қалпына келтіруге/өтеуге ұсынылған 8 735,2 млн. теңгенің 5 403,8 млн. теңгесі қалпына келтірілді/ өтелді:
- ақшалай нысанда өтелгені – 308,1 млн. теңге;
- жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу, есепке алу бойынша көрсету жолымен қалпына келтірілгені – 5 095,7 млн. теңге.
Бұзушылықтарды жол бергені үшін 109 лауазымды тұлға, соның ішінде, тәртіптік жауапкершілікке – 49, әкімшілік жауапкершілікке – 60 (жалпы сомасы 8,3 млн. теңге айыппұл салынды) жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдарына 4 материал берілді.
Сонымен қатар, есепті кезеңде Тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдарға, уәкілетті органдарға, мемлекеттік басқару органдарына және аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшіліктерді жою бойынша 22 ұсыным және 157 тапсырма жолдады.
Аудиторлық іс-шараларды өткізу кезінде негізінен бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, салықтық әкімшілендіру тиімділігіне, жергілікті бюджетке салықтар мен басқа да төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз етуге назар аударылды.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары аудит объектілерінің қызметінде жекелеген жүйелік кемшіліктердің бар екенін көрсетті.
Мысалы, аумақты дамыту жоспарында және Білім басқармасының бюджеттік бағдарламаларында көрсетілген көрсеткіштердің бір бөлігі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бекітілген көрсеткіштерге сәйкес келмейді.
Елорданың білім беру жүйесінің дамуы балалар санының едәуір өсуімен сипатталады, соңғы 3 жылда елорда халқы 10,2%-ға өсті, осы кезеңде жалпы білім беретін мектептер оқушыларының саны 26,6%-ға, балабақшаларда тәрбиеленушілердің саны 5,9%-ға өсті.
Елорданың білім беру ұйымдарында орын тапшылығы ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жүйелі проблема болып табылады.
Білім беру ұйымдарының аса тығыз жасақталғандығының салдарынан санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы қамтамасыз етілмейді, бұл өз кезегінде білім беру процесінің сапасына және балалардың қауіпсіздігіне теріс әсер етеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдарының қызметінде ірі салық төлеушілердің аванс беруі есебінен салық түсімдері көрсеткіштерін негізсіз көтеру бөлігінде кемшіліктер байқалады, ол салық әлеуеті мен төлем көзінен салық салынатын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша теріс мәні бар болжамдық көрсеткіш арасындағы үлкен салықтық алшақтықтың туындауына әкеп соққан және бұл жоғарыда көрсетілген салық түрлері бойынша жеткізілген жоспарлардың шиеленіскендігін куәландырады.
Іс жүзінде нақты жиналған салықтар көрсеткішінің көмегімен салықтық әлеуетті бағалаудың қазіргі әдісі үлкен салықтық алшақтықты құрайды, өйткені, болжамдық көрсеткіштерді (мүлік салығы, жер салығы және т.б.) анықтау кезінде жергілікті бюджетке салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлері бойынша түсімдердің барынша мүмкін болатын сомасының жиналғыштығы ескерілмейді.
Жалпы, анықталған бұзушылықтарды талдау бұзушылықтарға жол берілуінің негізгі себептері қаржылық тәртіп деңгейінің жеткіліксіздігі, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында тиісті өзара іс-қимылдың, сондай-ақ, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне бақылаудың болмауы болып табылатынын көрсетеді.
Тексеру комиссиясы есепті кезеңде 2019 жылғы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті қалыптастырып, мәслихаттың қарауына ұсынды, ол мазмұны бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылады, сондай-ақ, 2020 жылғы 1 тоқсандағы елорда бюджетінің атқарылуын ағымдағы бағалау жасалып, мәслихатқа және Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне ұсынылды.
Әрбір аудиторлық іс-шара бойынша толық ақпаратпен және тоқсан сайынғы ағымдағы бағалаумен келесі сайттан танысуға болады: www.rkastana.gov.kz.
Тексеру комиссиясы қаржылық тәртіпті нығайту және елордада экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды жалғастыратын болады.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
Тексеру комиссиясы» ММ