«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында инвестицияларды тартудың тиімділігін бағалау

Мақала «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының (бұдан әрі - АЭА) елордамыздың экономикалық және әлеуметтік дамуындағы рөліне арналған. Талдау объектісі ретінде Индустриалық паркті дамыту, берілетін салық және кеден артықшылықтарының тиімділігі, АЭА аумағында күрделі қаражат салуды тарту шеңберінде жасалатын мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары қарастырылады.

Мақалада өңірді дамытудың инновациялық нысандары, шетелдік инвестицияларды тарту және экспортты ынталандыру арқылы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің келелі мәселелері сөз болады.

Сыртқы экономикалық байланыстарды жандандыру, экономика салаларын қолдау, әлеуметтік проблемаларды шешу, технологиялар және қазіргі менеджмент, инвестицияларды тарту мақсатында әлемдік экономикада түрлі елдердің оқшауланған аумағында шаруашылық жүргізудің арнайы экономикалық-құқықтық жеңілдікті режимі бар арнайы экономикалық аймағын құру тәжірибесі кеңінен таралды.

Дүние жүзінде айрықша танымал болған арнайы экономикалық аймағы бұл АҚШ-тағы "Силикон аңғары" болып табылады, онда әлем бойынша есептеу техникасы және компьютерлердің барлық көлемінің 20%-ы шығарылады, сондай-ақ Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі арнайы экономикалық аймақтарды айрықша атап өтуге болады. Мәселен, БАЭ-дегі осындай аймақ (Дубай) экономикалық аймақтардың халықаралық рейтингі бойынша 2014 жылы [1] бизнес үшін ең қолайлы жағдай жасайтын әлемдегі ең озық арнайы экономикалық аймағы болып танылды.

Бүгінде Қазақстан Республикасында 10 [2] арнайы экономикалық аймағы құрылды, оның бірі - «Астана – Жана қала» экономикалық аймағы болып табылады. АЭА аумағы [3] 7 634,71 га құрайды, оның құрамына алаңы 598,1 га №1 Индустриалды парк, алаңы 433,1 га №2 Индустриалды парк және қалалық жеңілрельсті желі кіреді, оның алаңы 72,41 гектар.

Инвесторлардың іскери жұмысын белсендендіру үшін АЭА аумағында жеңілдікті салық және кеден режимдері қолданылады, инфрақұрылымдық құрылыстар салу үшін, жер учаскелерін (жалға) беру үшін мемлекет жағдай жасауда.

Мәселен, Астана қаласы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің ақпаратында 2010-2014 жылдары АЭА-ның сыртқы экономикалық қызметіне қатысушы кәсіпорындарға жалпы сомасы 80,0 млрд. теңге кеден преференциялары көрсетілген [4].

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес 2012 жылдан 2014 жылға дейін АЭА-ға 53 қатысушыға 6,0 млрд.теңге сомасынан артық салықтық жеңілдіктер берілген [5].

АЭА-ның инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі ауқымды әрі қаржы салуды талап ететін өндірістің дамуы мен қолайлы жұмыс істеуіне, сондай-ақ инвесторлар қаражаты мен несиелік қаржыны тарту үшін шешуші жағдайдың бірі болып табылады.

«Астана – жана қала» АЭА ақпаратына сай қазіргі уақытта Индустриалдық парк кіші станциямен, тарату пункттерімен, ұзындығы 3,4 км. магистралды жылу трассасымен қамтамасыз етілген [6].

АЭА аумағындағы инвестиция тартудың тағы бір стимуляторы «Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтары туралы». Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі № 469-IV көзделген тәртіппен қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін пайдалануға (жалға) өтеусіз уақытша пайдалануға беру болып табылады

Бүгінгі күні «Астана – жана қала» АЭА ақпаратына сай Үйлестіру кеңесінің жер учаскелерін пайдалануға (жалға) өтеусіз уақытша пайдалануға беру туралы оң шешімін Индустриалдық парк аумағында жұмыс істейтін АЭА-ға қатысушылардың бәрі алды.

Инвестициялар тартудың жоғарыда аталған тетіктері АЭА аумағында айтарлықтай күрделі қаржының тарылуына мүмкіндік берді.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Иинвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2015 ж. 1 шілдедегі жағдаймен Арнайы экономикалық аймағына қатысушылардың бірыңғай тізіліміне АЭА-ға қатысушылардың 95-і енгізілген, олардың негізгі үлесі 61%-тей құрылыста және қалғаны - 39% -тей өнеркәсіпте шоғырланған. Осы кәсіпорындар құны - 1201,2 млрд.теңге 124 жобаны іске асыруда. [7]

АЭА іске қосылған кезден қазірге дейін 2257,6 млрд. теңге сомасында инвестиция тартылды, оның 106,6 млрд. теңгесі немесе 4,7% шетелдік қаржы салуы, 2 2151,0 млрд. теңге немесе 95,3% отандық инвестициялардың үлесінде [8].

Соңғы бес жыл ішінде «Астана – жана кала» мемлекеттік кіріс басқармасының ақпаратына сай АЭА-ға қатысушылар 17,0 млрд.теңге салық (ЖТС, шетелдік тұлғалардан ЖТС және ЖС) төледі, Индустриалдық парк кәсіпорындары сомасы 347,8 млрд.теңге өнім шығарған, 3 000–дай жаңа жұмыс орындары ашылған.

АЭА-ны құрудың негізгі мақсаттарының бірі болып табылатын сыртқы экономикалық қызметі шеңберінде 9,1 млрд.теңге өнім экспортқа шығарылған [9].

Астана қаласында инновацияларды дамыту және енгізу үшін Астаны қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 31 мамырдағы № 30-484п қаулысымен АЭА аумағында «Astana Innovations» |АҚ құрылды.

Бүгінде «Астана – жана қала» АЭА ақпаратына сай инновациялық кәсіпорындардың (старт-ап-компаниялардың) саны – 16, онда 70 жұмыс орыны ашылды, 2012ж.- 2014ж. аралығында 170-тен астам инновациялық жобалар іске асты [10].

Ал талдау көрсеткенлей АЭА қызметінде кейбір проблемалар орын алуда. Мәселен, Индустриалдық паркте инфрақұрылымның дайындығының қажет көлемі толық қамтамасыз етілмеген және пайыздық жағынан 80% құрап отыр.

Мысалға, автомобиль жолының ұзындығы 18,7 км құрайды немесе керек километраждан 80%., сондай-ақ тиісінше 23 км немесе 77%, тұрмыстық кәріз 22,4 км немесе 80%, жауын шашын кәрізі 33,5 км немесе небәрі 82%. [11].

Сонымен қатар, «Астана – жана қала» АЭА ақапараты бойынша Индустриалды парктің аймағында істеп тұрған 21 өндірістік кәсіпорынның тек 4 объектісі уақытша жылумен қамтамасыз етілген («Локомотив кұрастыру зауыты» АҚ, «АБК-Мақсат» ЖШС, "Электровоз құрастыру зауыты" ЖШС, "Тұлпар-Тальго" ЖШС), ал қалған объектілерде жылумен жабдықтау жоқ, сол себепті инвесторлар автономды жылытуды қарастырады.

Инфрақұрылымның құрылыстарын салу бойынша жұмыстардың толықтай аяқталмауының бір себебі 3 жыл (2012ж. мен 2014ж. кезеңі) бойы қаржыландырудың уақытыл қамтамасыз етілмегені болып табылады.

Бұдан басқа, жер учаскелерін пайдалануға (жалға) өтеусіз уақытша пайдалануға беру кезінде оларды ресімдеудің, Үйлестіру кеңесінің жер учаскелерін пайдалануға (жалға) өтеусіз уақытша пайдалануға беру туралы оң шешімін созылыңқылығы байқалады, бұның өзі өндірістік жобалардың іркіліссіз іске асырылуына кедергі болады.

Жер қатынастары басқармасының деректері бойынша 2015 жылдың 1 жартыжылдығында Үйлестіру кеңесінің жер учаскелерін жалға пайдалануға беру туралы оң шешімін алған 55 объектінің ішінен 17–і ресімдеу сатысында болып отыр [12].

Сонымен қатар, экспортпен тек бір кәсіпорын - тепловоздар шығарушы «Локоматив кұрастыру зауыты» АҚ ғана айналысады, ол құрылғаннан бері жаңа 701 жұмыс орыны ашылды, 172,9 млрд. теңге сомасында өнім шығарылды, Тәжікстан, Украина, Кырғызстан және Түркіменстан секілді елдерге 12 тепловоз экспортталды.

Осы іске қосылған өндірістік кәсіпорындардың талдауы көрсеткендей, АБК «Мақсат» ЖШС-тан (АБК «Мақсат» ЖШС –та 268 жаңа жұмыс орыны құрылды, сомасы 13,1 млрд. Теңге өнім шығарылды) басқа барлық кәсіпорындар жобаланған қуатын толық орындамай отыр, ал көбі жоспарланған өндірістің жартысына да қол жеткізе алған жоқ.

Осылайша, АЭА қатысушыларының инвестициялық белсенділігінің оң үрдісіне қарамастан, АЭА қызметіне теріс әсер ететін және шешуді талап ететін жекелеген проблемалар көрініс табуда.

Біріншіден, Индустриалды парк жобалары үшін инфрақұрылымдарды салу кезінде оның уақтылы қаржыландырылуын қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, әкімшілік кедергілерді азайту, атап айтқанда жер учаскелерін ресімдеу үдерісін жеделдету бойынша кешенді шаралар әзірлеу керек.

Үшіншіден, АЭА аумағындағы шетелдік күрделі қаржы салудың шамалы екенін ескере отырып, шетелдік инвесторларға сервистік қызмет көрсетуді жетілдіру бағытында жұмыстарды жүргізу, шетелде сондай-ақ ақапараттық-таныстырылмдық іс-шаралар ұйымдастыру қажет.

Төртіншіден, АЭА кәсіпорындарының экспортқа нашар бағдарлануын (экспорт жасайтын 1 кәсіпорын) ескере отырып, тауар белігілерін ілгерілету, әлеуетті экспортерларды ақапараттық-талдамалық сүйемелдеу бойынша іс-шаралар өткізуді қоса алғанда экспортты жылжыту және дамыту жөніндегі шараларды әзірлеу қажет.

Бесіншіден, жоспарланған өндіріс қуатына қол жеткізуді қамтамасыз ету шеңберінде, жобаларды іске қосу кезінде АЭА – ға қатысушылардың іс-қимылын үйлестіру үшін қосымша құралдар әзірлеу, Индустриалды парктің кәсіпорындары үшін, әсіресе, өнеркәсіптің басым секторларында жобаларын іске асырушы кәсіпорындар үшін олардың шығаратын тауарларын коммерциализациялауға платформаны нығайту бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет.

Пайдаланылған дереккөздер тізімі:

1. DiIntelligence Global Free Zones of the Year 2014
2. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитетінің деректері
3. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік ету басқармасы деректері
4. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің деректері
5. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің деректері
6. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік ету басқармасының деректері
7. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік ету басқармасының деректері
8. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік ету басқармасының деректері
9. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік ету басқармасының деректері
10. «Astana Innovations» АҚ деректері
11. «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының Әкімшілік ету басқармасының деректері
12. Астана қаласының Жер қатынастары басқармасының деректері.

Ә. Байдәулетова 
Астана қаласы бойынша 
тексеру комиссиясының мүшесі

Мақала Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК «Мемлекеттік аудит - Государственный аудит» журналының № 3 (28) 2015 нөмірінде жарияланды