Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Е.Қ. Тұрлыбековтың мақаласы
«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №40 (28768) нөмірінде жарияланды
Тексеру талабы – тегеурінділік
Есеп комитетінің бақылау іс-шаралары өңірлерге бөлінетін трансферт көлемінің ұлғайғанын көрсетеді. Алайда, аталған қаражат әрдайым тиімді пайдаланыла бермейді. Жергілікті бюджет қаражатын ұтымды пайдалануда өңірлердегі сыртқы мемлекеттік аудит органдары – тексеру комиссияларының рөлі ерекше.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігі мен сапасын арттыруға Мемлекет басшысының тұрақты көңіл бөлуінің арқасында тексеру комиссиялары қалыптасу жылдарында жергілікті бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылуына үлес қосқан толыққанды құрылымдарға айналды.
Тексеру комиссияларының мемлекеттік орган ретінде қалыптасуы және өткен жылдың қараша айында қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның олардың қызметіне әсері жөнінде Есеп комитетінің мүшесі Ерлан ТҰРЛЫБЕКОВПЕН әңгімелескен едік.
– Ерлан Қабыкенұлы, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңды қабылдау тексеру комиссияларының қызметіне қалай әсер етті? Есеп комитеті олардың қызметін үйлестіруді алдағы уақытта да жалғастыра ма?
– Ең алдымен, заңда мемлекеттік аудиттің сыртқы және ішкі болып бөлінгенін атап өту қажет.
Сыртқы аудиттің негізгі міндеті – ұлттық ресурстардың тиімді пайдаланылуын бағалау. Бұл мәселелермен Есеп комитеті және өңірлердің тексеру комиссиялары айналысатын болады.
Ішкі аудитті ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметі жүргізеді.
Тексеру комиссияларымен өзара іс-қимылымызға келсек, Есеп комитеті тексеру комиссияларына әдістемелік көмек көрсетуді бұрынғысынша жалғастырады. Біз тексеру комиссияларына әрдайым қолдау білдіріп, оларға ақпараттық, консультациялық көмек көрсетіп, қызметіне озық стандарттар енгіздік. Бұған қоса, жыл сайын бірлескен бақылау іс-шараларын (аудиторлық іс-шараларды) жүргізіп отырамыз, бұл тексеру комиссияларының қызметкерлеріне Есеп комитетіндегі әріптестерінен практикалық тәжірибе алуға, қойылған міндеттерді барынша сапалы шешуге, яғни қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір біз Есеп комитетінің ақпараттық жүйесін тексеру комиссияларының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, сыртқы мемлекеттік аудит мәселелері бойынша қажетті ақпаратпен алмасатын боламыз. Заңның қабылдануына орай, бізге тексеру комиссиялары орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасаған кезде олардың мүдделерін білдіру бойынша қосымша құзырет берілді.
Сонымен бірге, Президент Әкімшілігінің келісуі бойынша Есеп комитеті тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау және босату жөнінде өңірлердің мәслихатына ұсыным енгізеді.
– Тексеру комиссиялары – бүгінгі таңда сыртқы мемлекеттік аудиттің толыққанды органдары. Олар қалай дамып жатыр? Осыдан бірнеше жыл бұрын Есеп комитеті олардың қызметін сынағаны есімізде…
– Мен уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап беріп, жүктелген функцияларды тиімді орындау үшін кез келген мемлекеттік орган өз қызметін жетілдіруге, жұмыстың жаңа әдістерін қолдануға, яғни бір орында тұрмауға тиіс деп есептеймін. Шынымен де, Есеп комитеті бұрын тексеру комиссияларына қатысты елеулі ескертулер айтты. Қызметті ұйымдастырудағы проблемалар, біліктілігі жоғары мамандардың жетіспеушілігі, қызметкерлер санының жеткіліксіздігі, тексеру комиссияларының жұмыс тәртібін және оны ұйымдастыруды регламенттейтін айқын нормативтік-құқықтық базасының жасалмағандығы туралы айтқанымыз рас. Бұған қоса, тексеру комиссиялары сыртқы қаржылық бақылаудың толыққанды органдары емес, тек мәслихат аппаратының құрамында ғана болатын. Бұл ретте тексеру комиссиясының төрағасы депутаттар ішінен сайланып, жергілікті бюджетті қалыптастыруға және бекітуге қатысатын, сонымен қатар, бақылау органының басшысы ретінде бюджеттің атқарылуы туралы қорытынды дайындайтын. Мұндай шарттарда жергілікті бюджеттің атқарылуының толықтығын, тиімділігін сапалы бақылау және объективті бағалау туралы сөз болуы мүмкін емес еді.
Жағдай 2011 жылы түбегейлі өзгерді. Мемлекет басшысы 2011 жылғы 2 мамырда «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы» № 67 Жарлыққа қол қойды. Облыстарда, Астана және Алматы қалаларында дербес мемлекеттік мекемелер – мәслихаттарға есеп беретін тексеру комиссиялары құрылды.
Айтпақшы, ағымдағы жылы өңірлерде тексеру комиссияларының құрылғанына 5 жыл толады. Тексеру комиссиялары құрылғаннан бері олардың қызметінің тиімділігін арттыру және мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
Жағдайды пайдалана отырып, тексеру комиссияларының қызметкерлерін шағын да болса, аса маңызды болып саналатын төл мерекелерімен құттықтағым келеді. Жұмыс істеген қысқа мерзім ішінде тексеру комиссиялары сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың толыққанды, тәуелсіз органдары болып қалыптасқанын, олардың қызметі нәтижелі екенін атап өткен жөн.
Мәселен, 2015 жылы тексеру комиссиялары үстеме бақылауды қоса алғанда, 3 243 бақылау нысанын тексерді. Олар анықтаған бұзушылықтардың жалпы сомасы 2014 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге ұлғайып, 780,0 млрд.-тан астам теңгені құрады. Қалпына келтіруге (өтеуге) жататын қаражаттың 135,3 млрд. теңгесі немесе 96%-ы белгіленген мерзімдерде қалпына келтірілді.
– Осы сапалы жаңалықтар жергілікті деңгейде сыртқы бақылаудың тиімділігін арттыруға қаншалықты әсер етті?
– Қабылданған шаралар арқылы тексеру комиссияларының пәрменді және нәтижелі бақылау жүргізуі үшін қажетті барлық шарттардың жасалғанын атап өткен жөн.
Жергілікті жерлерде сыртқы бақылау органдарының мәртебесін заңнамалық тұрғыдан айқындау, тексеру комиссияларының құрамы мен қызмет тәртібін қалыптастыру рәсімдері олардың жергілікті билік органдарына тікелей тәуелділігін жойды. Тексеру комиссияларына жеткілікті қызметкерлер саны берілді. Жалпы алғанда, тексеру комиссияларына қатысты заңнаманы жетілдіру жергілікті бюджетті бақылаумен толық қамтуға айтарлықтай септігін тигізді. Сондықтан да, 2005 жылғы және қазіргі тексеру комиссияларының арасындағы айырмашылық жер мен көктей деп нық сеніммен айта аламын.
Бүгінгі таңда тексеру комиссиялары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің толыққанды құрамдас бөлігі болып табылады. Олар анықтаған бұзушылықтар көлемі жыл өткен сайын артып келеді.
– Қажетті нормативтік базаның қабылданумен тексеру комиссияларының барлық қиыншылықтары шешілді ме?
– Тексеру комиссияларының қызметінде қиыншылық қалмады деп айта қою қиын. Бұл ретте өткен жылдар ішінде тексеру комиссияларының қызметін жетілдіру бойынша бірқатар іс-шаралардың жүзеге асырылғанына тоқталсам ба деймін.
Бүгінгі таңда тексеру комиссияларының қызметі үшін сапалы негіз жасалды. Аталған өзгерістер мемлекеттік аудиттің тиімді жүйесін құрудың тек кезекті сатысы болып табылады. Оны ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкестендіру үшін алда әлі көптеген жұмыстар жүргізу қажет. Қазір «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң нормаларын іске асыру үшін барлық қажетті заңға тәуелді актілерді әзірлеумен айналысып жатырмыз.
Сондай-ақ, 2011 жылы Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі құрылғанын атап өткен жөн. Кеңес отырыстарында біз барлық тексеру комиссияларының төрағаларымен бірге проблемаларды талқылап, оларды шешу жолдарын іздестіреміз.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның қабылдануына байланысты, Үйлестіру кеңесі бұрынғыдай тек сыртқы емес, сонымен бірге, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың барлық органдарын біріктіріп, оның шешімдері мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың барлық органдарының орындауы үшін міндетті болып табылады.
– Ерлан Қабыкенұлы, биылғы жылы Есеп комитеті де мерейтойын атап өтеді. Әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?
– Иә, ағымдағы жылғы 19 сәуірде елімізде мемлекеттік аудиттің жоғары органының қалыптасқанына 20 жыл толады.
1996 жылы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша құрылған Есеп комитеті, республиканың сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің негізіне айналды. Қалыптасу және даму жылдары ішінде орасан зор қаржылық бұзушылықтар анықталып, триллиондаған теңгелер бюджетке қайтарылды. Қазір Есеп комитеті мемлекеттік басқарудың тәуелсіз органы болып табылады, бюджет қаражатына тиімді мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті барлық өкілеттіктерге ие.
Әріптестерімді осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Есеп комитетінің барлық қызметкерлеріне зор денсаулық, жақсылық, осынау күрделі де көп еңбекті талап ететін жұмыстарында жаңа кәсіби табыстар тілеймін!
Әңгімелескен
Сейфолла Шайынғазы,
«Егемен Қазақстан»