«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» ҚР Президенті Жолдауының негізгі тұстарын түсіндіру
Қазақстан Республикасының Президенті 2017 жылдың 31 қаңтарында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі мен алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына ену бойынша тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін жасау міндетін қойды.
Жаңғырту жаңа саясаттың негізгі бес басымдығын көздейді.
Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, оның негізгі бағыттары цифрлық мемлекет тұжырымдамасын әзірлеу, дәстүрлі базалық салаларды, оның ішінде өнеркәсіп, АӨК, көлік және логистика, құрылыс секторын және тағы басқа салаларды дамыту, басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру, сондай-ақ аса маңызды міндет – «Нұрлы Жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру жолымен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады.
Екінші белгіленген басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, оның мақсаты елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету болып табылады.
Үшінші басымдық ретінде Елбасы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау деп атады. Мұндағы негізгі міндет - ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалпына келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капиталды тарту.
Төртінші басымдықты Ұлт көшбасшысы адами капитал сапасын жақсарту ретінде белгіледі. IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлінетін болады.
Бұған қоса, білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгереді. Осылайша, бүгінгі күннің өзінде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуде.
Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Реформалау шеңберінде жеке меншікті және бизнесті қорғауға, кәсіпкерлік саласында құқық бұзушылықтар үшін жазаны төмендетуге, діни экстремизмді насихаттаудың, оның ішінде интернет пен әлеуметтік желілерде (киберқылмыс) алдын алуға ерекше назар аударылады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігі айқындалған.
Мемлекет басшысы өз сөзінде елдің Үшінші жаңғыруының түйінді міндеттерін белгіледі, солардың бірі - бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру, Ұлттық қор қаражатын оңтайлы пайдалану, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру жолымен ұлттық салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу болып табылады.
Белгіленген міндеттерді шешу мемлекеттік басқару жүйесінің бір бөлігі болып табылатын мемлекеттік аудитке де жаңа талаптар қояды, ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа бағдарларына сай болуы тиіс.
Әсіресе үшінші жаңғыртуды «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізінде жүргізу маңыздылығын ерекше атап өту қажет.
Осылайша, 93-қадамды іске асыру барысында «Мемлекеттік аудит және қаржылық баықлау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, онда мемлекеттік аудиттің мақсаты бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру ретінде белгіленген.
Функциялардың қайталануын болдырмау мақсатында мемлекеттік аудит саласындағы заңнамамен мемлекеттік аудит органдарының жүйесі, олардың құзыреті мен қызмет бағыттары, мемлекеттік аудитті жүргізудің жалпы және рәсімдік стандарттары, мемлекеттік аудиторлардың кәсіби этикасы және тағы басқалары бекітілді.
Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың уәкілетті органдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен тексеру комиссиялары болып табылады, олардың құзыретіне тиімділік және сәйкестік аудитін, республикалық және жергілікті бюджеттердің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің аудитін, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігінің аудитін және т.б. жүзеге асыру жатқызылды.
Жергілікті бюджеттің атқарылуын бағалаудан бөлек, тексеру комиссияларына жергілікті атқарушы органның және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономикаға немесе оның жекелеген саласының, әлеуметтік және мемлекеттік басқарудың басқа да салаларының дамуына әсерін бағалау бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі құжаттардың тиісті бюджеттің атқарылуы мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде жүзеге асырылуын бағалау бойынша өкілеттік берілді.
Жалпы алғанда, аудиторлық қызмет енді тек бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, бірінші кезекте жүйелік кемшіліктер мен проблемалық мәселелерді, сондай-ақ оларды шешу жолдарын белгілеуге бағытталатын болады.
Осылайша, Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудит жүйесінің қалыптасуы мен дамуы Ұлт көшбасшысымен қойылған міндеттерді нәтижелі орындаудың қажетті шарттарының бірі болып табылады.
Президентпен қазіргі жағдайды тұрақтандыру бойынша белгіленген мақсаттар мен міндеттер өршіл болып келеді, алайда ол осы міндеттерді шешудің және мақсаттарға жетудің алгоритмін ұсынды. Аталған міндеттерге Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы халқының еркін бір арнаға тоғыстырып, ортақ күш-жігер танытқанда ғана қол жеткізуге болады.