Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының 2017 жылғы қызметінің қысқаша қорытындылары
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында сыртқы мемлекеттік аудит органдарымен бюджет қаражатын және мемлекет активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Осылайша, өзіне жүктелген өкілеттіктер шеңберінде Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы 2017 жылы 68 объектіні қамтыған 18 аудиторлық іс-шара жүргізді. Аудитпен қамтылған қаражаттың жалпы көлемі 296,5 млрд. теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты – 16,0 млрд. теңге (5,5%) және жергілікті бюджет қаражаты – 276,8 млрд. теңге (94,5%).
Есепті жыл қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар сомасы 230,5 млрд. теңгені немесе аудитпен қамтылған қаражат көлемінің 77,7%-ын құрап, бұл 2016 жылдың осыған ұқсас көрсеткішінен 42,1 млрд. теңгеге немесе 18 %-ға артық.
Қалпына келтіруге/өтеуге жататын қаражаттан (48,9 млрд.теңге) 24,8 млрд. теңге қалпына келтірілді/өтелді, оның ішінде:
- ақшалай өтелгені – 0,8 млрд. теңге;
- қалпына келтірілгені – 24,0 млрд.теңге.
Сонымен бірге, 2017 жылы 4,3 млрд. теңге сомасындағы өткен кезеңдердің қаражаты қалпына келтірілді/өтелді, оның ішінде:
- ақшалай өтелгені – 0,4 млрд. теңге;
- қалпына келтірілгені – 3,9 млрд.теңге.
Анықталған қаржылық бұзушылықтардың негізгі бөлігі бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік жасау (91,6%), бюджетті жоспарлау (0,03%), азаматтық құқықтық қатынастар саласында (0,02%), коммуналдық мүлікті пайдалану (0,01%) және басқа да нормативтік-құқықтық актілер (8,3%) бойынша жіберілген.
Аталған бұзушылықтар бойынша 128 тұлға жауапкершілікке тартылды, оның ішінде әкімшілік – 48, тәртіптік – 79, қылмыстық – 1.
Аудиторлық іс-шаралар қорытындылары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдар мен соттарға 67 материал жолданды. Оларды қарастыру нәтижесінде 48 қозғалған әкімшілік іс бойынша 0,8 млрд. теңге жалпы сомасына айыппұл салынды.
Құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін 4 материал жолданды.
Сонымен бірге, Тексеру комиссиясының қызметі бұзушылықтарды анықтауға ғана емес, жүйелі кемшіліктер мен проблемалық мәселелерді, сондай-ақ оларды шешу жолдарын белгілеуге бағытталған.
Осылайша, есепті кезең ішінде Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясымен мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға барлық анықталған проблемалық мәселелер және бұзушылықтар бойынша 102 ұсыным және 261 тапсырма берілді.
2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша аудит объектілерімен орындалған орындау мерзімі келген ұсынымдар саны - 69 (73%) және сәйкесінше тапсырмалар саны - 118 (72%).
2018 жылы Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясымен қаржылық тәртіпті нығайту мақсатында бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін арттыруға, заңнама нормалары бұзушылықтарының алдын алуға және оларды барынша азайтуға бағытталған іс-шаралар жалғастырылатын болады.