Сынап көру және қателесу әдісімен: бюджет қалай қалыптасады
«Вечерняя Астана» газетінің 01.06.2019 жылғы № 63 (3896) санында жарияланған
Жақында елорданың Тексеру комиссиясы қалалық мәслихатқа 2018 жылғы Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің атқарылуы туралы жергілікті атқарушы органның есебіне қорытындысын ұсынды.
Өткен жылы бюджет қаражатының қаншалықты тиімді пайдаланылғаны, сондай-ақ соңғы уақытта бюджет процесінде болып жатқан оң өзгерістер туралы қалалық Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп АҚПОМБАЕВ «Вечерняя Астана» газетіне берген сұхбатында айтты.
- Иманжүсіп Латкенұлы, 2018 қаржы жылындағы бюджеттің атқарылу нәтижелері қандай? Сіз елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері дамуының оң динамикасын атап өте аласыз ба?
- Ең алдымен, қаладағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын атап өту қажет. Осылайша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша елордада экономиканың көптеген салаларының серпінді дамуы сақталуда деген қорытынды жасауға болады. Мысалы, өнеркәсіптің айтарлықтай өсуі байқалады. Нәтижесінде оның ЖӨӨ жалпы көлеміндегі үлесі 2018 жылы 5%-дан асты.
Бұл ретте құрылыс саласының үлесі қысқарғанын айта кету қажет. Жалпы көлемде ол 2018 жылы 7,5%-ға дейін азайды.
Елорда халқының айтарлықтай өсуін ескере отырып, жұмыссыздық деңгейі 2017 жылғы 4,6%-дан 2018 жылы 4,5%-ға дейін төмендеді. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет деп санаймын.
2018 жылдың 9 айында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жалпы өңірлік өнім 3 975,8 млрд. теңгені құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (3 880,0 млрд.теңге) 2,5%-ға артты. Бұл елдің ЖІӨ құрылымында 10% -ды құрайды. 2018 жылдың 9 айында халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ өсімі 2017 жылдың сәйкес кезеңіне (3 892,8 мың теңге) 90,8 мың теңгеге төмендеп, 3 802 мың теңгені құрады. Осылайша, 2018 жылы елорда халқының өсімі оның экономикалық дамуынан озып отыр.
- Бұл көрсеткіштер бюджеттің кіріс бөлігіне әсер етпей қоймайды ғой …
– Әрине. Бюджет кірістерінің ең жоғары үлесін – 95,2% – cалықтық түсімдер (248,3 млрд.теңге немесе 60,2%), сондай-ақ трансферттер – 144,5 млрд. теңге немесе 35%-ды құрады. Өткен жылы бюджет түсімдерінің нақты орындалуы 430 млрд. теңгені немесе есепті қаржы жылына түзетілген бюджетке 100,9%-ды құрады.
- Бюджеттің шығыстары бойынша атқарылу нәтижелері қандай?
- Елорда бюджетінің шығыстары бойынша атқарылу көрсеткіші 2018 жылы 99,8% деңгейінде қамтамасыз етілді – жоспарланған 431,070 млрд.теңгенің іс жүзінде 431,747 млрд. теңгесі игерілді. Бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуіне бюджетті нақтылау мен түзету әсер етті. Олар бірінші жартыжылдықта бюджетті ұлғайту жағына, ал екінші жартыжылдықта азаю жағына қарай әр түрлі бағыттағы сипатқа ие болды.
Есепті кезеңде бюджеттің 50%-дан астамы (51,1%-ы немесе 220,6 млрд.теңге) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға, жол салуға және энергетикалық кешенді дамытуға жұмсалған, бұл ретте әлеуметтік салаға 30,5%-ы (131,6 млрд. теңге) келеді.
Әлеуметтік сала әр өңір мен жалпы елдің даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш болып табылады.
Бұл сондай-ақ елордаға да қатысты, мұнда аталмыш көрсеткіштің абсолюттік сандарда 2016 жылы 128,3 млрд.теңгеден 2018 жылы 131,6 млрд. теңгеге дейін өсуі байқалады.
Тексеру комиссиясы есепті кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына аудит жүргізді.
Осылайша, соңғы 3 жылда мүгедектер санының тұрақты өсуі байқалады, елордада олардың саны орташа есеппен жыл сайын 10%-ға ұлғаюда.
Астанада тіркелген мүгедектер санының артуына ауру-сырқаудан басқа, елордадағы мүгедектерді әлеуметтік қолдау жағдайымен, басқа өңірлермен салыстырғанда мүгедектерді оңалту жөніндегі мамандардың болуымен байланысты оның тартымдылығына орай көші-қонның артуы да себеп болып отыр.
Мүгедектер санының өсуіне байланысты мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру да артуда, осылайша 2017 жылы 1 923 250,0 мың теңге, ал 2018 жылы 2 103 129,0 мың теңге қарастырылды, аталған қаражат санаторий-курорттық емдеу бойынша қызметтермен, протездеу және протездік-ортопедиялық бұйымдармен және т.б. қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік салада анықталған бұзушылықтар барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне тән және бұл, ең алдымен, объектілердің қаржылық тәртібінің төмен деңгейіне, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан ведомстволық бағынысты ұйымдарға тиісті бақылаудың болмауына байланысты.
Тексеру комиссиясымен анықталған қаржылық бұзушылықтардың негізгі үлесі (89,0%) бухгалтерлік есепті жүргізу ережелерін сақтамаумен байланысты, олардың негізгі себептері бухгалтерлік қызмет жұмыскерлерінің жеткіліксіз біліктілігі және кадрлардың тұрақтамауы болып табылады.
Бюджет кодексі нормаларын бұзушылықтар – 5,0%, Салық кодексі – 9,2%, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнама нормалары – 10,7%, мемлекеттік сатып алу туралы – 0,9% құрады.
2018 жылы бюджеттің шығыс бөлігінің көлемі 381 млрд.теңгеден 438 млрд. теңгеге дейін немесе 15,0%-ға артып, жыл соңына қарай 431 млрд. теңгеге дейін төмендеді.
- Мәслихат депутаттары бюджетті сапалы орындау мәселесін бірнеше рет көтерді. Барлық басқармалар жоспарланған бюджеттік бағдарламаларды толық көлемде орындады ма?
- Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларының нәтижелері барлық жағдайларда бірдей бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімді пайдалану қамтамасыз етілмейтінін куәландырады. Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды жоспарлау мен іске асыруда кемшіліктер бар.
Айта кету керек, республикалық бюджеттен елорда бюджетіне 6 маусымда 26 млрд.теңге сомасында трансферттер мен кредиттер бөлінді, алайда 22 қарашадағы нақтылаумен 11 млрд. теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Бұл республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануын көрсетеді.
Бұдан басқа, Астананы дамыту бағдарламасын аралық бағалау көрсеткендей, Даму бағдарламасында көрсетілген барлық мәселелердің 74-нен 40-ы бойынша проблеманы шешу тәсілдері белгіленбеген.
Инвестициялық жобаларға келер болсақ, мұнда да жоспарлаудың кемшіліктері анықталды. 115,5 млрд.теңге сомасына жоспарланған 235 бюджеттік инвестициялық жобаның саны жыл соңына қарай 216 жобаға дейін кеміді, бұл ретте бюджет 126 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылған. Осылайша, бұл жобалар нақты стратегиясыз іске асырылуда деген тұжырым туындайды, бұл сайып келгенде алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге әсерін тигізетіні сөзсіз.
Сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде құрылыстың нормативтік мерзімдерін сақтамау сияқты кемшілікке жол берілетінін атап өткім келеді, бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне әсер етеді, ал жекелеген жағдайларда жобалар құнының қымбаттауына әкеледі. Көп жағдайда объектілерді коммуналдық меншікке және пайдаланушы ұйымдарға беру мерзімдерінің созылуы орын алады. Бұл объектілердің уақытынан бұрын тозуына, тиісінше бюджет қаражатын пайдаланудың тиімсіздігіне әкеледі. Сонымен қатар, қалада бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылға тиісті бақылаудың жоқ екенін атап өту қажет, бұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға және экономикалық шығындарға алып келеді.
- Мәслихат депутаттары қалалық ведомстволардың дебиторлық қарыз сомасына алаңдаулы. Бұл қаражатты қала бюджетіне қайтару болжамдары қандай?
- Дебиторлық берешектің пайда болу себептері әрдайым өзгеріссіз – аванс беру, шарттық міндеттемелерді орындамау, сотта істердің қаралуы және басқалар. Жекелеген жағдайларда дебиторлық берешек ҚР заңнамасының талаптарын бұзу нәтижесінде пайда болады.
2018 жылы дебиторлық берешек сомасы 42,3 млрд.теңгені құрады. Ол ең ірі көлемде Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасымен (19,5 млрд.теңге - дебиторлық берешектің жалпы көлемінің 46%-ы), Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасымен (14,8 млрд. теңге немесе 35%), Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен (7,7 млрд. теңге – 18%) жіберілді.
Есепті жылы өткен жылдардағы дебиторлық берешек үлесінің 2017 жылмен салыстырғанда оның жалпы көлемінде 64%-дан 76%-ға дейін өсуі байқалады. Бұл жағдайға көбіне әкімшілердің жыл сайын бекітілетін берешектерді өтеу кестесін сақтамауы ықпал етеді, ол есепті жылы тек 32%-ға ғана орындалған.
2018 жылдың қорытындысы бойынша кредиторлық берешек 2017 жылғы деңгейге қарағанда 27%-ға (2017 жылы 1,8 млрд.теңгеден 2018 жылы 2,3 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды және кредиторлық берешекті өтеу кестесі 50%-ға (1,8 млрд. теңгеден 0,9 млрд. теңгеге дейін) орындалмаған.
- Мемлекеттік аудитті жүзеге асыру кезінде Тексеру комиссиясы қандай мәселелерге ерекше мән береді?
- Мәслихат депутаттарымен айтылған ұсыныстар мен ескертулерге, әлеуметтік саладағы, елорда азаматтарының өмір сүру жайлылығы мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осылайша, ағымдағы жылы білім беру және қала аумағын абаттандыру тақырыптары бойынша аудиторлық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
- Сіздің ойыңызша, бюджет қаражатын пайдалану кезінде қаржылық және орындаушылық тәртіптің көрсеткіштерін жақсарту үшін әкімдік құрылымы неге назар аударуы қажет?
- Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жоспарлау, іске асыру және мониторингілеу үшін әкімдіктің атқарушы органдарының өзара іс-қимылы мен жауапкершілігін күшейту жөнінде шаралар қабылдау;
- жергілікті бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін ұлғайту бөлігінде барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік кірістер департаментімен тиімді түрде өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету;
- бюджеттік бағдарламаларда көзделген тікелей және түпкілікті көрсеткіштерге қол жеткізе отырып, бюджеттік бағдарламаларды сапалы әрі тиімді іске асыру бойынша шаралар қабылдау;
- бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын арттыру мақсатында бюджет мүмкіндігін ескере отырып, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру басымдығын айқындау қажет.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне назар аударғым келеді, олардың көпшілігі қаланы дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттермен өзара байланыстырылмаған. Мұның себебі, менің ойымша, әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің квазимемлекеттік сектор субъектілерімен өзара іс-қимылының болмауы болып табылады.
Есепті кезеңде 665,8 млрд.теңге сомасында бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін қамти отырып, 18 аудиторлық іс-шара өткізілді. Анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 67,1 млрд.теңгені, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің көлемі – 1,2 млрд. теңгені құрады. Қаржылық бұзушылықтар көлемінің 66,8 млрд.теңгесі қалпына келтірілуге жатады, оның 61,7 млрд. теңгесі қалпына келтірілді (92,3%), 265 млн. теңгесі бюджетке өтелуге жатады, 106 млн. теңге өтелді.