2020 жылдың 9 айындағы аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесі (www.rkastana.gov.kz. сайтында орналастырылған) негізінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асырады.
Сыртқы мемлекеттік аудит халықтың өмір сүру жағдайы сапасының серпінді өсуін және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы ресурстарын заңды түрде басқарудың тиімділігі мен оның қамтамасыз етілуін арттыру мақсатында жүргізіледі.
2020 жылдың 9 айында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы 7 аудиторлық іс-шара (44 объект) бойынша қорытынды шығарды, онда мемлекеттік аудит қамтыған қаражат көлемі 228 606,9 млн. теңгені құрады, соның ішінде:
- мемлекеттік органдарда – 172 822,9 млн. теңге;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінде – 55 784,0 млн.теңге.
Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 19 068,6 млн.теңгені құрады, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 8 735,6 млн. теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 4 510,8 млн. теңге және тиімсіз жоспарлау – 5 822,2 млн. теңге, сондай-ақ аудит объектілері қызметінде 1 013 рәсімдік бұзушылық мен 400 кемшілік анықталды.
Бүгінгі күні қалпына келтіруге/өтеуге ұсынылған 8 735,6 млн. теңгенің 8 659,3 млн. теңгесі (99,1%) қалпына келтірілді/өтелді, соның ішінде:
- ақшалай түрде 277,3 млн. теңге өтелді;
- ұйым бюджетіне 45,0 млн. теңге өтелді;
- жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу, есеп бойынша көрсету жолымен 1 394,5 млн. теңге қалпына келтірілді;
- есепке алу (құжаттарды сәйкес келтіру) бойынша 6 942,5 млн.теңге қалпына келтірілді.
2020 жылдың 3 тоқсанында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын (бұдан әрі - МЖӘ жобалары) іске асыру тиімділігіне аудит жүргізілді.
Аудит 2017-2019 жылдар аралығында жоспарланған 47 МЖӘ жобасынан барлығы 14 жоба іске асырылғанын (МЖӘ туралы шарттар жасалды), олардың құны 49 256,2 млн.теңгені құрағанын, тартылған инвестициялар көлемі 29 800,0 млн. теңгені немесе 60,5%-ды құрағанын атап өтеді.
4 жоба бойынша 42,3 млн.теңге сомасында жергілікті бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған.
Мысалы, «Астана қаласында патологоанатомиялық бюроны салу және пайдалану» МЖӘ жобасы бойынша Хусейн Бен Талал көшесінде жер учаскесі бөлінді, алайда мүдделі инвесторлардың болмауына байланысты жоба іске асырудан алынды (конкурстық құжаттамаларды әзірлеуге 7,7 млн.теңге жұмсалды).
Балабақшаларды салу бойынша 11 жобалық-сметалық және техникалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 312,1 млн. теңге жұмсалды, соның ішінде жалпы сомасы 259,2 млн.теңгеге 9 жобалық-сметалық құжаттама бойынша құрылыс әлі басталмаған, бұл ретте жобаларға 2014-2015 жылдардағы ескірген мемлекеттік ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары бар, бұл 2013-2015 жылдары пайдаланылған қаражаттың тиімсіз игерілгенін көрсетеді (қаражат мемлекеттік аудит шеңберінен шығатын кезеңде игерілген).
Сонымен қатар, үшінші тоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасында (бұдан әрі - Басқарма) жүргізілген тиімділік аудиті аяқталды, оның қорытындысы бойынша Басқарманың ішкі регламенттеуші құжаттарын өзектендіру және оларды нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес келтіру, Басқарма функционалына сәйкес келмейтін функцияларды қайта қарастыру бойынша ұсынымдар берілді.
Сондай-ақ, Тексеру комиссиясы Басқармаға 4 мемлекеттік қызмет стандарттарындағы заңнамалық олқылықтарын жетілдіру бойынша ұсынымдар берді.
Жалпы алғанда, анықталған бұзушылықтарды талдау жол берілген бұзушылықтардың негізгі себептері қаржы тәртібі деңгейінің төмендігі және Қазақстан Республикасы нормативтік құжаттарының дұрыс түсіндірілмеуі, жекелеген жағдайларда жауапты тұлғалардың техникалық қателіктерге жол беруі болып табылатынын көрсетеді.
Барлық проблемалық мәселелер бойынша тиісті ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне және мәслихатына жолданды.
Сондай-ақ, есепті кезеңде 2020 жылдың 1 жартыжылдығындағы елорда бюджетінің атқарылуына ағымдағы бағалау әзірленіп, Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне және мәслихатына ұсынылды.
Әрбір аудиторлық іс-шара бөлінісіндегі толық ақпаратпен және ағымдағы бағалаумен www.rkastana.gov.kz сайтында танысуға болады.
Жіберілген бұзушылықтар үшін 121 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 49 лауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке, 72 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды (жалпы сомасы 2,2 млн.теңгеге айыппұл салынды). Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына процессуалдық шешім қабылдау үшін 5 мемлекеттік аудит материалдары жолданды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде Тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдарға, уәкілетті органдарға, мемлекеттік басқару органдарына және аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою жөніндегі 30 ұсыным мен 183 тапсырма жолдады. Мерзімі жеткен ұсынымдар мен тапсырмалар бойынша орындалу көрсеткіші 100%-ды құрады.
Жоғарыда баяндалғандардың барлығы бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін арттыру, Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының бұзушылықтарын алдын алу және оларды барынша азайту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Осыған байланысты Тексеру комиссиясы ағымдағы қызметтің нәтижелерін және болашақта үздік нәтижелерді қамтамасыз ету мүмкіндігін ескере отырып, алдағы кезеңдерге қызметін жоспарлауды жүргізуде.