Ағымдағы жылдың 16 тамызында Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында «Астана қалалық жарық» ЖШС-де мемлекет және квазимемлекеттік сектор активтерінің пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қарастырылды
«Астана қалалық жарық» ЖШС-де (бұдан әрі – Серіктестік) мемлекет және квазимемлекеттік сектор активтерінің пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары жалпы Серіктестік қызметін жарғысына және Даму жоспарында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге сәйкес жүзеге асырғанын көрсетті.
Сонымен бірге, Серіктестіктің 2016 және 2017 жылдарға арналған Даму жоспарларында сапа мен тиімділік көрсеткіштері белгіленбеген және, сәйкесінше, Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасымен (бұдан әрі – Басқарма) жеткізілмеген. Аталған көрсеткіштерден бөлек Басқармамен заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шығыстар лимиттері жеткізілмеген, бұл Серіктестіктің негізгі стратегиялық құжаты болып табылатын даму жоспарларын әзірлеу және бекіту үстіртін қаралатынын айғақтайды. Өз кезегінде, сапа көрсеткіштері мен тиімділік көрсеткіштерінің белгіленбеуі Серіктестік қызметінің тиімділігін мониторингілеуге және бағалауға кері әсерін тигізеді.
Мұнымен қоса, тексерілген кезеңде Серіктестіктің қызметі шығынды болғаны анықталды (2016 жылғы шығын – 13,0 млн. теңге, 2017 жылы – 266,7 млн. теңге). Бұдан бөлек, өткен кезеңдерде айтарлықтай шығын жинақталған, соның нәтижесінде 2017 жылғы 31 желтоқсандағы жылғы жағдай бойынша жалпы шығын көлемі 1 765,6 млн.теңгені құрады.
Бұл ретте мұндай көлемдегі шығын Серіктестіктің жеткізушілер мен мердігерлер алдында кредиторлық берешек түрінде міндеттемелер алуының нәтижесінде қалыптасқан, оның 2017 жылғы 31 желтоқсандағы жылғы жағдай бойынша көлемі Серіктестік активтерінің құнынан (482,4 млн. теңге) 249,7%-ға асып түсіп, 1 639,1 млн. теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Серіктестікте қалыптасқан қаржылық тәртіптің төмен деңгейін атап өту қажет, соның нәтижесінде бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамада бірқатар бұзушылықтар жіберілген. Кейбірінің қорытындысы бойынша материалдар әкімшілік шаралар қабылдау үшін Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды.
Жалпы аудит нәтижелері бойынша 60,6 млн. теңге жалпы сомасына Қазақстан Республикасының бюджеттік және басқа да заңнама бұзушылықтары анықталды (қаржылық бұзушылықтар), оның ішінде қалпына келтіруге жататыны 42,4 млн.теңге, өтеуге жататыны – 18,3 млн.теңге, сондай-ақ 41 рәсімдік бұзушылық пен кемшілік анықталды.
Сонымен қатар, осы қорытындыны жасау алдында Серіктестік басшылығы тарапынан 79,3 мың теңге сомасын кәсіпорын кірісіне өтеу және 6 млн.теңгеден астам соманы есеп бойынша қалпына келтіру шаралары қабылданды.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданып, тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.