Астана қаласының автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және дамытуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы
Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және дамытуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары жасалды.
Көлік саласының түйінді көрсеткіштері тұрақты өсім динамикасын көрсетіп отыр.
Осылайша, 2013 – 2017 жылдар ішінде тасымалданған жүктердің көлемі 2013 жылы 124,1 млн. тоннадан 2017 жылы 151,6 млн. тоннаға дейін 22%-ға артса, осы кезеңде жолаушыларды тасымалдау 2013 жылы 1 961,0 млн. адамнан 2017 жылы 2 528,5 млн. адамға дейін 1,2 есе ұлғайды, көлікпен көрсетілген қызметтердің көлемі 2017 жылы 605 615,5 млн. теңгені құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 4,2%-ға артық (560 225,9 млн.теңге).
Көлік саласының серпінді дамуын жүзеге асыру көлік жүйесі мен жол инфрақұрылымын тұрақты дамытусыз мүмкін болмайды.
Жол құрылысын қаржыландыруды талдау оң динамиканы көрсетіп отыр: егер 2016 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға және жақсартуға 37 390,8 млн. теңге бөлінсе, 2017 жылдың өзінде 60 647,2 млн. теңге бөлінген.
Көлік жүйесін модернизациялау және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар елордадағы көлік мобильділігінің деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, Астана агломерациясының көлік хабы ретінде дамуы, көлік құралдары санының артуы, халықтың тұрақты өсімі жолдарға түсетін жүктемені күшейтеді, көлік саласындағы қазіргі проблемаларды бір мезгілде шешуге мүмкіндік бермейді.
Бүгінгі таңда көлік саласындағы өзекті мәселелер қатарында: автокөлік құралдарының, оның ішінде транзиттік автокөлік құралдары санының қарқынды өсуіне байланысты автожолдарға түсетін жүктеменің өсуі, соның нәтижесінде жол төсемінің тозуы, көшелердің өткізу қабілетінің төмендігі, тұрақ орындарының жеткіліксіз саны, мұның өзі жолдардың өткізу қабілетіне кері әсерін тигізеді, көліктің баламалы түрлерінің болмауы, автопарктердің қызмет көрсету сапасының төмендігі болып қалуда.
Мемлекеттік аудитпен Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының көптеген бұзушылықтары анықталды.
Қаржылық бұзушылықтардың толығымен қалпына келтіруге жататын жалпы сомасы 2 624,2 млн. теңгені құрайды.
Аудит қорытындысы бойынша 31 рәсімдік бұзушылық, мемлекеттік аудит объектісінің қызметімен байланысты заңнама бұзушылықтарының 6 фактісі анықталды.
Тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 393,4 млн. теңгені құрады.
Аудит объектісімен есептеулердің дұрыстығын қамтамасыз ететін растайтын құжаттары жоқ бюджеттік өтінімдерді жасауға жол беріледі, бұл олардың бюджеттік өтінімдерді жасауға үстіртін қарайтынын айғақтайды.
004 «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2017 жылға жалпы сомасы 5 500,0 млн.теңгеге бюджет қаражаты жоспарланып, бекітілді.
Осы ретте, аудит жүргізу барысында көше учаскелері бойынша жоспарланған қаражаттың ұсынылған сметалық есептердің нақты құнына сәйкес келмейтіндігі анықталды, бұл 424,9 млн. теңге сомасында бюджет қаражатын артық жоспарлауға әкелген.
Сонымен қатар, мемлекеттік аудитпен «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының авторлық және техникалық қадағалаумен сүйемелдеуге шарттарды уақтылы жасамау, жобаларды сапасыз техникалық сүйемелдеу бөлігінде көптеген бұзушылықтары анықталды.
Анықталған заңнама нормаларын бұзушылықтың 34 фактісі бойынша тиісті уәкілетті органдарға әкімшілік іс қозғау үшін материалдар жіберілді.
Көптеген жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, автожол учаскелері мен инженерлік желілер пайдаланылғанымен, бұл жобалар заңнамада белгіленген тәртіппен пайдалануға берілмеген.
Мәселен, «Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейінгі Жангелдин көшесінің учаскесін реконструкциялау» объектісі аяқталған, шарт бойынша төлемнің қалдығы 62,2 млн. теңгені құрайды, алайда аламыш объекті 2 жылдан астам пайдаланылып келсе де қазіргі таңға дейін пайдалануға берілмеген. Аудитпен барлығы белгіленген тәртіппен пайдалануға берілмеген 12 объекті анықталды.
Сонымен бірге, объектілердегі техникалық қадағалауды бір маманның жүзеге асырғаны белгілі болды, бұл жұмыс көлемінің ауқымды болуына байланысты физикалық тұрғыда мүмкін емес, кейбір жағдайларда бір ғана маман 3 объектіде техникалық қадағалауды бір мезгілде жүргізген.
Жоғарыда жазылған жағдайдың салдарынан мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 68,2 млн. теңгеге сапасыз орындалған жұмыстар анықталды.
Аудит барысында анықталған проблемалық мәселелердің бірі құрылыс мерзімінің нормативтік мерзімдерден асып кетуі болып табылады, бұл кейіннен жобалардың қымбаттауын қаржыландыру, аяқталмаған объектілерді күтіп ұстау, жобалау-сметалық құжаттаманы және т.б. түзетуді қаржыландыру қажеттілігі түрінде бюджеттің негізсіз шығындарына алып келеді.
Басқарманың жолдарды орташа және ағымдағы жөндеу шеңберінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлемей жол инфрақұрылымының күрделі құрылысын жүргізетіні анықталды, ал жол негізін орнату және абаттандыру арқылы жүргізілетін объектілердің құрылысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Басқармаға тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.