Нұр-Сұлтан қаласында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында Нұр-Сұлтан қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – Басқарма) Нұр-Сұлтан қаласында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.
Аудитпен мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша іс-шараларды қаржыландыруда оң динамика атап өтіледі.
Басқарма әкімшілік ететін мүгедектерді әлеуметтік қолдау шеңберінде тексерілетін бюджеттік бағдарламалар бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 4 026 379,0 мың теңгені құрады, оның ішінде 2017 жылы – 1 923 250,0 мың теңге және 2018 жылы – 2 103 129,0 мың теңге.
Сонымен бірге, жыл сайын мүгедектер санының артуы байқалады. Осылайша, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектердің саны 20 882 адамды құраса, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 23 674 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санынан 2,3%-ды құрайды.
Мүгедектігі бар адамдар санының қарқынды өсуіне байланысты мұқтаж мүгедектердің (өтініш берушілердің) жекелеген әлеуметтік көмек түрлерімен толық қамтылмауы байқалады.
Жүргізілген аудитпен бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау, көрсетілетін қызметтердің қажеттілігін айқындау кезінде жіберілген қаржылық бұзушылықтар, рәсімдік бұзушылықтар анықталды, бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне түзету жүргізу қажеттілігі белгіленді.
Сондай-ақ аудит барысында «Е-Собес» ААЖ дерекқорының мәліметтері мен Басқарманың мүгедектерді есепке алу, оларға әлеуметтік қолдау көрсету және әр түрлі қолдау құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі нақты және есептік мәліметтері арасында елеулі алшақтық анықталды.
Бюджет қаражатын тиімсіз және негізсіз жоспарлау, шарттық міндеттемелерді орындамау фактілеріне жол беріледі.
Мәселен, Басқармамен 2017 жылдың ортасында қосымша бюджеттік өтініммен протездеу және протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметтер сомасы ұлғайтылды, ал 2017 жылдың желтоқсанында 35 000,0 мың теңгеге азайтылды, бұл бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау туралы айғақтайды.
2017-2018 жылдарға арналған 015 бюджеттік бағдарламасы бойынша бюджет қаражатын жоспарлау кезінде жеке көмекшілер қызметтерінің әкімшілік шығыстары бойынша жалпы сомасы 93 774,9 мың теңгеге шығындар негіздемесінің толықтығы қамтамасыз етілмеген, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу кезінде 71 420,6 мың теңге сомасында өнім берушілердің әкімшілік және өзге де шығыстары бойынша тиісті есептеулер болмаған.
Мемлекеттік аудитпен үкіметтік емес ұйымдардың аудиттелетін кезеңде әлеуметтік аударымдар мен салықтарды төлеуге көзделген жалпы сомасы 102 800,4 мың теңге қаражатты төлеуге негізсіз ұсынғаны, ал Басқарманың оны төлегені анықталды.
Сонымен қатар, мұқтаж мүгедектерді қамтамасыз ету үшін сатып алынатын тауар-материалдық құндылықтарды есепке алу және сақтау кезінде жекелеген кемшіліктер байқалды.
Аудитпен мүгедектерге жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсыну саласын реттейтін қолданыстағы заңнаманың кемшіліктері атап өтіледі.
Осылайша, жеке көмекшілер қызметі қоғамдық бірлестіктермен өз бетінше көрсетілмейді, ол толық көлемде ақылы қызмет көрсету шарттарының негізінде орындау үшін қоғамдық бірлестіктерге қатысы жоқ сырттай жеке тұлғаларға тапсырылады.
Мұнымен қоса, заңнамада жеке көмекшілерге қойылатын өлшемшарттар айқындалмаған (мысалы, жыныс-жас критерийлері, денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық және т.б.), жеке көмекшілермен көрсетілетін қызметтердің көлемі бойынша қандай да бір талап қойылмайды, оларға демалыс және мереке күндері еңбегіне ақы төлеу тәртібі регламенттелмеген, айына немесе жылына жұмыс істеудің максималды сағат саны белгіленбеген.
Заңды тұлғалармен жеке көмекшілердің және т.б. көрсетілетін қызметтерге шарт жасау кезінде шығыстардың құнын есептеу және төлеу тәртібі/шарттары реттелмеген.
Аудитпен қамтылған бюджет қаражатының жалпы көлемі 3 810 778,6 мың теңгені, бұзушылықтардың жалпы сомасы 138 518,8 мың теңгені құрады, оның ішінде өтеуге жататын қаржылық бұзушылықтар – 102 800,4 мың теңге.
Тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 718,4 мың теңге, тиімсіз жоспарлау көлемі 35 000,0 мың теңгені құрады.
Аудит қорытындысы бойынша 13 рәсімдік бұзушылық және мемлекеттік аудит объектісінің қызметімен байланысты жүйелік кемшіліктің 9 фактісі анықталды.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Басқармаға тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.