Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігінің мемлекеттік аудитінің қорытындылары
2024 жылғы 4 сәуірде Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) кезекті отырысы өтті, онда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитінің қорытындылары қаралды, тексеру кезінде Астана қаласының «Байқоңыр» ауданы, Өндіріс және С638 көшелерінің қиылысында (бұдан әрі – «Өндіріс» ДШСК), «Сарыарқа» ауданы, Көктал тұрғын алабы, Баршын және Қайнар көшелерінің қиылысы (бұдан әрі- «Көктал» ДШСК), «Есіл» ауданы, Ильинка тұрғын алабы, Қожанұлы және Жәменке көшелерінің қиылысында (бұдан әрі – «Ильинка» ДШСК), «Алматы» ауданы, «Железнодорожный» тұрғын алабы, №17 және 2 ТЖ көшелерінің қиылысы ауданында (бұдан әрі-«Железнодорожный» ДШСК) орналасқан 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын салу мемлекеттік жоспарлау құжаттарында көзделген мерзімдерді бұза отырып жүзеге асырылғанын анықтады. Осы уақытқа дейін «Ильинка» ДШСК және «Железнодорожный» ДШСК пайдалануға берілмеген.
Бұл ретте «Ильинка» ДШСК заңнама нормаларын бұза отырып пайдалануға берілмесе де пайдаланылуда. «Железнодорожный» ДШСК мердігердің өндіріс кестесінен артта қалуына байланысты осы уақытқа дейін аяқталмаған құрылыс болып табылады.
Тартылған сарапшы жобалау кезінде қолданыстағы құрылыс нормаларын бұзуға жол берілгенін анықтады:
- витражды терезелерді 50% - дан астам шынылауға рұқсат етілген, ал нормаларға сәйкес, Астана қаласы климаттық жағдайларына қарай витраждарды шынылану коэффициенті 25% - дан аспауы тиіс;
-жеке позициялар бойынша «Ильинка» ДШСК және «Железнодорожный» ДШСК жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін әлеуетті өнім берушілердің прайс-парақтары сату бағасын нақтыламай пайдаланылған.
Сонымен қатар, ДШСК құрылысы кезінде заңнамада көзделген қажетті рәсімдерді жүргізбестен жобалық құжаттамадан ауытқуларға жол берілген. Бұл ретте жекелеген жағдайларда жобалау құжаттамасынан ауытқулар соншалықты маңызды (құрылыс кезінде орындалған инженерлік және (немесе) технологиялық жабдықты ауыстыруды қоса алғанда, инженерлік-техникалық және (немесе) технологиялық жобалау шешімдері бөлігінде), олар заңнамаға сәйкес қайталама сараптама жүргізе отырып, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуді талап етеді, алайда түзетулер жасалмаған. Жіберілген ауытқулар ДШСК дұрыс пайдалану мүмкіндігі мен қосымша бюджет шығыстары тәуекелдерін тудырады.
Жалпы, дене –шынықтыру –сауықтыру кешендері бойынша жалпы сомасы 408 503,5 мың теңгеге орындалмаған жұмыс көлемі және жоқ жабдықтарды анықтады, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтін жұмыстар мен жабдықтарды қабылдауға жол берілген.
Кейбір жағдайларда ДШСК салу кезінде жіберілген бұзушылықтар оларды пайдалану қаупін туғызады, оның ішінде өрт қауіпсіздігін арттырады (металл конструкцияларының негізгі элементтерінің отқа төзімді жабынының болмауы, ғимарат конструкцияларының тиісті қосылыстарының болмауы).
Астана қаласының Құрылыс басқармасы мердігерлердің ДШСК құрылыстарын салу жөніндегі шарттардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жеткіліксіз дәрежеде жүзеге асырған, оның ішінде «УМИРЗАК» ЖШС мердігерін шарт талаптарын орындамағаны үшін жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізу бойынша жұмыс жүргізілмеген.
«Ильинка» ДШСК –дегі жаттығу залы жобалық құжаттамада көзделген толық көлемде жинақталмаған, бұл спорттық нәтижелерге қол жеткізу үшін жаттығу процестерінің мүмкіндіктерін шектейді. Бұл ретте «Ильинка» ДШСК минифутбол, волейбол, баскетбол жаттықтыруларын өткізу үшін жабдықталған. Алайда, жоғарыда аталған командалық спорт түрлері бойынша жаттығулар жүргізілмейді. Сонымен қатар, «Ильинка» ДШСК ғимаратында жобалық құжаттамада көзделген ХҚКО, полиция, кітапхана, буфет, кофе-бар жұмыс істемейтіні анықталды.
Жалпы аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 425 795,6 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, оның ішінде 28 494,7 мың теңге өтелуге және 397 300,9 мың теңге қалпына келтірілуге тиіс, тиімсіз бюджет қаражатын пайдалану - 360 149,9 мың теңге, ықтимал шығындар мен жоғалған пайда сомасы – 9 876,5 мың теңге, 62 рәсімдік бұзушылық және 4 жүйелік кемшілік анықталды.
Аудит нәтижелері бойынша Тексеру комиссиясының 16 фактісі бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға жіберілді.
Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында Тексеру комиссиясы әзірленген тапсырмалар мен ұсынымдар жіберді.