Тексеру комиссиясының 2011 жылға Астана қаласы бюджетінің атқарылуы туралы есебі бойынша баспасөз-релизі
2012 жылғы 6 маусымда өткен Астана қаласы мәслихатының сессиясында Астана қаласы әкімдігінің жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды болып табылатын, Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының 2011 жылға Астана қаласы бюджетінің атқарылуы туралы есебі ұсынылды.
Жалпы алғанда, Есепте жергілікті атқарушы органның 2011 жылға жергілікті бюджеттің өзекті параметрлерін орындағаны байқалады.
Сонымен қатар, Тексеру комиссиясының бағалауы бойынша жергілікті бюджет кірістері мен шығыстарының атқарылуын талдау, сондай-ақ жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындылары макроэкономикалық көрсеткіштерді болжауда да, жергілікті бюджеттің қалыптасуы мен атқарылуында да белгілі түйіткілді мәселелер мен аяқталмаған жұмыстардың бар екендігін көрсетеді.
2011 жылға макроэкономикалық көрсеткіштерді жоспарлау кезінде жалпы өңірлік өнімнің көлемі 2010 жылғы қорытындының нақты көрсеткіштерінен 18% төмен құрылды.
2011 жылы жергілікті бюджет сегіз рет нақтыланып және бірнеше рет түзетілген, бұл түпкілікті нәтижеге бағдарланған бюджеттендіру қағидатымен толық байланыспайды.
Тәжірибеде бұл жергілікті бюджет кірістері мен шығыстарын жеткілікті негізделмеген жоспарлауға, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жауапкершілігінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Салық органдарының салық әкімшілігін жақсарту тұрғысындағы пәрменді шаралары өткен жыл ішінде елорда әкімдігінің алға қойған бірінші кезектегі міндеттерін шешуге бағытталған жергілікті бюджет түсімдерін 15,0 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Оң өзгерістермен қатар, салық органдарының жұмыстарында жекелеген жетіспеушіліктер де бар.
Сонымен, 2011 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде жергілікті бюджет кірісіне түсетін түсімдер 2010 жылғы нақты түсімдер көрсеткіштерінен 2,6 млрд. теңгеге төмен жоспарланған.
2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда тексерістер саны және қосымша аударылған сомалар көрсеткіштерінің төмендеуі орын алған.
Жеке заңды тұлғалар салық заңнамасының толық жетілмегендігін пайдаланып, мүлікке салынатын салықты есептеу үшін тұрғын емес жылжымайтын мүліктің құнын айтарлықтай төмендетіп отыр.
Тексеру комиссиясымен мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының атқарылуына жүргізілген талдау бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарды әзірлеу және оның барлық кезеңдерінде іске асыру бойынша жұмысына формалдық әдістемесін анықтады. Бұл ретте, жеке мақсаттар мен нысаналы индикаторлардың шынайлығы, тікелей және түпкілікті көрсеткіштердің негізділігі қосымша қарауды талап етеді.
Квазимемлекеттік секторлар ішінен бюджет алушылардың басым көпшілігі мемлекеттік басқару органдарымен іске асырылатын стратегиялық бағыттармен анықталған функционалдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамайды.
Жалпы, мемлекеттік активтерді тиімді басқару үшін Тексеру комиссиясы мемлекет активтері мен мүлкін толыққанды есепке алуды және мониторингті қамтамасыз етуге, квазимемлекеттік секторлар субъектілерінің ұйымдастырушылық құрылымын саралауға және функциялардың көп сатылылығы мен қайталануын болдырмауға ұсыныс жасады.
Тексеру комиссиясымен жүргізілген барлық бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдармен орындалуға міндетті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.