«Наркология және психотерапия орталығы» ШЖҚ МКК-дағы мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің басқарылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Наркология орталығының қызметі оның Жарғысына сәйкес келетінін, химиялық және химиялық емес аддикция салдарынан психикалық және мінез-құлық бұзушылықтарынан зардап шегетін науқастарға медициналық көмек көрсетуге бағытталғаны атап өтіледі.
Тексерілген кезең аралығында Наркология орталығының есебінде тұратын тұлғалар саны 2015 жылғы жылына 12522 мың адамнан 2016 жылы 7055 мың адамға дейін азайған. Алайда, жалпы санының айтарлықтай азаюы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 2 желтоқсандағы № 814 бұйрығымен бекітілген Маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған адамдарды есепке алу, қарау және емдеу қағидаларынан «анонимді есепке алу» ұғымының алынып тасталуымен байланысты.
Сонымен бірге, мемлекеттік аудит нәтижелері Наркология орталығының қаржылық-шаруашылық қызметінің жоспарлау және мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде заңнама талаптарын бұзушылықтармен сипатталатынын көрсетті. Дәрілік заттар қорларын басқару тиімділігі жеткілікті деңгейде емес. Сондай-ақ, аудитпен ТМККБК шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін шығындарды өтеу бойынша бірқатар сұрақтардың бар екендігі анықталды.
Біріншіден, құны 415,0 млн. теңгені құрайтын қолданыстағы «Медициналық ақпараттық жүйе» ақпараттық жүйесі өндірістік пайдалануға енгізілмей жұмыс істеуде.
Мысалы, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы № 217 Заңының 17-бабы 3-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V Заңымен күші жойылған) мемлекеттік ақпараттық жүйені пайдалануға беру оның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының аумағында қабылданған стандарттарға сәйкестігіне аттестаттаудың нәтижелері бойынша және сынақ зертханасында мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бағдарламалық өнімдеріне, бағдарламалық кодтарына сынақтардың және олардың нормативтік-техникалық құжаттамасына сараптаманың оң нәтижесі болған кезде жүзеге асырылады.
Екіншіден, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бөлігінде де белгілі бір сұрақтар бар.
Атап айтқанда, 2016 жыл бойы 90 қаптама көлемінде Нейромультивит дәрілік заты пайдаланылмай қалдық қалуына қарамастан, 2017 жылы қосымша 120 қаптама сатып алынған, олар аудит өткізу сәтіне пайдаланылмаған.
Осыған ұқсас, 2016 жылы Нодикт 50 мг дәрілік заты 9 қаптама көлемінде сатып алынып, олар қазіргі уақытқа дейін мақсатына сәйкес қолданылмаған.
Үшіншіден, аудитпен ішкі бақылаудың жоқтығынан бухгалтерлік есептілікті бұрмалау фактілеріне жол берілгені атап өтіледі, сондай-ақ материалдық активтер есепке алынбай, қаржылық есептілікте негізгі қаражаттар құрамында көрсетілмеген.
Осылайша, Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңның 6-бабы 3-тармағын, Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларының 4-тармағын бұза отырып Наркология орталығымен бухгалтерлік есепте жарғылық капиталын ұлғайту бойынша операция жүргізіліп, 2016 жыл кезеңіне қаржылық есептілікте «Жарғылық акционерлік капитал» 410 - қатар бойынша 3,0 млрд. теңге сомасына ұлғайту құрылтайшының тиісті шешімінсіз жүзеге асырылған.
Жоғарыда көрсетілген бұзушылық 2016 жылғы қаржылық есептіліктің сапалық негізгі сипаттамаларының – түсініктілік және сенімділік қағидаттарының бұрмалануына әкеп соққан.
Сонымен бірге, «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңның 6-бабы 1 және 2-тармақтарына, Наркология орталығының Есепке алу саясатының 15-тарауына қайшы «Астана қаласының Құрылыс басқармасы» ММ-нен «Астана қаласының Коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-нің 2016 жылғы 22 сәуірдегі бұйрығына сәйкес 620,7 млн. теңге жалпы сомасына қабылдау-тапсыру актілеріне сәйкес қабылданған материалдық активтер негізгі қаражат ретінде есепке алынбай, 2016 жыл кезеңіне қаржылық есептілікте негізгі қаражаттар құрамында көрсетілмеген.