«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының 2019 жылғы 6 айдағы қызметінің қорытындылары» мақаласы
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес www.rkastana.gov.kz сайтында орналастырылған тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі негізінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асырады.
Сыртқы мемлекеттік аудит халықтың өмір сүру жағдайы сапасының серпінді өсімі мен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы ресурстарының тиімді әрі заңды басқарылуын арттыру мақсатында жүргізіледі.
Осылайша, 2019 жылдың 6 айында 88 516,3 млн.теңге жалпы сомасымен 30 елордалық объектіні қамтыған 8 аудиторлық іс-шара бойынша қорытынды жасалды, оның ішінде:
- мемлекеттік органдарда – 67 191,3 млн.теңге;
- квазимемлкеттік сектор субъектілерінде – 21 325,0 млн.теңге.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 33 883,3 млн.теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 5 079,3 млн.теңге, бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы – 7 081,9 млн.теңге және тиімсіз жоспарлау – 21 722,0 млн.теңге, сондай-ақ 496 рәсімдік бұзушылық пен аудит объектісінің қызметіндегі кемшіліктер анықталды.
Қалпына келтіруге/өтеуге жататын 5 079,3 млн.теңге қаржылық бұзушылықтардың бүгінгі күні 1 973,5 млн.теңгесі қалпына келтірілді/өтелді, оның ішінде:
- ақшалай өтелгені – 4,5 млн.теңге;
- жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу, есеп бойынша көрсету жолымен қалпына келтірілгені – 1 969,0 млн.теңге.
Қаржылық бұзушылықтардың негізгі бөлігі (68,6%) Бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларын сақтамаумен байланысты. Мәселен, мәдениетті дамытуға бағытталған жергілікті бюджет қаражатын пайдалану бойынша мемлекеттік аудит жүргізу кезінде аудит объектісінің жалпы сомасы 1 479,1 млн.теңгеге берілген мүліктің құнын бухгалтерлік есепте көрсетпеу фактісі анықталды. Мұндай бұзушылықтарға жол берудің негізгі себептері бухгалтерлік қызмет қызметкерлерінің жеткіліксіз біліктілігі және кадрлардың тұрақтамауы болып табылады.
Сондай-ақ, бюджет қаражатын жоспарлау кезінде жол берілетін едәуір бұзушылықтар санын атап өту қажет. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын аралық бағалау іс-шаралар жоспарын түзету кезінде нақты іске асыру аяқталғаннан кейін жалпы сомасы 21 402,3 млн.теңгеге іс-шаралардың енгізілгенін көрсетті, бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің «Нәтижелілік пен тиімділік» және «Ресурстық қамтамасыз ету» қағидаттарына сәйкес келмейді. Мұнымен қоса, жергілікті атқарушы орган резерві қаражатының пайдаланылуына, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің дебиторлық және кредиторлық берешегінің пайда болуының анықтығы мен негізділігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар борышының басқарылуына мемлекеттік аудит жүргізу кезінде 144,6 млн.теңге сомасында республикалық бюджет қаражатын негізсіз бөлу және бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау фактісі анықталды, аталмыш қаражат экономиканы дамытуға және басым әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталмаған.
Жалпы, анықталған бұзушылықтарды талдау қаржылық тәртіптің төмен деңгейі, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында тиісті өзара іс-қимылдың, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне бақылаудың болмауы жол берілген бұзушылықтардың негізгі себептері болып табылатынын көрсетеді.
Барлық проблемалық мәселелер бойынша тиісті ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты мен қала әкіміне жіберілді.
Сондай-ақ, есепті кезеңде 2019 жылғы 1-тоқсандағы елорда бюджетінің атқарылуына ағымдағы бағалау қалыптастырылып, Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатына және әкіміне ұсынылды.
Әр аудиторлық іс-шара бойынша толық ақпаратпен және тоқсан сайынғы ағымдағы бағалаумен www.rkastana.gov.kz сайтында танысуға болады.
Жол берілген бұзушылықтар үшін 41 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, оның ішінде тәртіптік - 34, әкімшілік – 7 (жалпы сомасы 1,7 млн.теңгеге айыппұл салынды). Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына процестік шешім қабылдау үшін 2 мемлекеттік аудит материалы жіберілді.
Сонымен қатар, есепті кезеңде Тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы органдарға, уәкілетті органдарға, мемлекеттік басқару органдарына және аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою бойынша 21 ұсыныс пен 126 тапсырма жолдады.
Қаржылық тәртіпті нығайту және елордада экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Тексеру комиссиясы бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға және оларды барынша азайтуға бағытталған іс-шараларды одан әрі жалғастыратын болады.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ