Жетімнің ақысын жеу қашан болып еді?
Қалалық Тексеру комиссиясы бірқатар техникалық және кәсіптік білім беру ошақтары мен бірнеше мәдени мекемеде заңға қайшы әрекеттер мен кемшіліктерді анықтады. Бұл мемлекеттік тапсырысты іске асыратын 14 мәдени нысан мен 11 колледжде жүргізілген аудит қорытындысында белгілі болды.
Мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Шынар Байсейітованың айтуынша, аудит кезінде жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар сыртқы киіммен, аяқ киіммен, жұмсақ заттар мен қондырғылармен және өтемақымен толық көлемде қамтамасыз етілмегені анықталды. Заңбұзушылықтың жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрады.
«Тексеріс барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға тамақтануға бөлінетін қаржы толық көлемде төленбегені анықталды. Мәселен, Көпсалалы колледжде оқитын осы санаттағы балалар жартылай ғана ыстық тамақпен қамтылған. Қорытындысында төленбеген қаржының жалпы сомасы 1,7 млн теңге болды. Кәсіптік-техникалық колледжде 2017 жылдың қаңтарынан мемлекеттік стипендияны дұрыс есептемегендіктен студенттер 3 млн теңгеден астам сомаға кем алған. Әсіресе, мемлекеттік тапсырысты іске асыратын жекеменшік колледждерде өрескел заңбұзушылықтар орын алды» деді бөлім басшысы.
Атап айтқанда, «М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникация академиясы» АҚ «Ақмола колледжі» ЖШС жетім балаларға жоғарылатылған стипендияны 900 мың теңгеге кем төлеген. Бұған қоса, екі жекеменшік колледж каникул кезінде студенттерге жол жүру үшін өтемақы төлемеген. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің түсіндіруінше, мемлекеттік тапсырыс аясында оқитындарға бұл өтемақы толық көлемде төленуі керек.
Спикердің сөзінше, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, 12 мемлекеттік колледждің сегізінде, 23 жекеменшік колледждің де сегізінде ғана студенттерге жатақханалардан орын беріледі.
Бүгіндері елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында колледж студенттерін хостелдерге орналастыру қанатқақты жобасы жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 75,7 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы 860 студентті хостелдерге орналастыруды көздеді. Хостелдер де тексеріліп, қорытындысында бөлмелерде төрт адамнан тоғыз адамға дейін тұратыны, студенттердің қауіпсіздігі тиісті дәрежеде емес екені анықталды. Асүйде тоңазытқыш пен тамақ пісіретін плита, бұған қоса, Wi-Fi мен телефон байланысының жоқтығы анықталды. Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтері де хостелдердің жұмысына оң шешім шығармаған.
Мәдени ошақтарда ақпараттық жұмыс тиісті деңгейде емес екені анықталған. Мәселен, кейбір ұйымдарда бюджет қаржысына сатып алынған ақпараттық киоскілер бос тұрғаны, кейбір сайттарда ақылы қызмет жөнінде ақпарат орналастырылмағаны белгілі болған.
Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаевтың айтуынша, 3-4 жылдан бері аудит өткізілмеген мекемелер бар. «Егер сұрақтар туындап жатса, оларға жауап беруге дайынбыз. Бастысы, бюджеттік тәртіпті көтеру керек. Ал егер біздің ұсыныстарымыз дер кезінде орындалмаса, заңсыздыққа жол бергендер айыппұл төлейді» дейді ол.
Фарида Каримова
«Астана Ақшамы» газеті
5 Қазан, 2019 жыл
https://www.astana-akshamy.kz/zhetimning-aqysyn-zheu-qashan-bolyp-edi/