Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының 2018 жылғы 12 айдағы қызметінің қорытындылары
Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы 2018 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес 75 объектіні, оның ішінде 30 мемлекеттік мекеме және 45 квазимемлекеттік сектор субъектісін қамтыған 18 аудиторлық іс-шара бойынша қорытынды шығарды, қамтылған қаражат көлемі 665 817,6 млн. теңгені құрады.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.
Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 118 996,3 млн.теңгені құрады, оның ішінде 50 522,7 млн. теңге сомасына рәсімдік сипаттағы 1 809 бұзушылық, 67 093,0 млн. теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер – 1 160,9 млн. теңге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерін бұзушылықтар – 172,8 млн. теңге, тиімсіз жоспарланған қаражат – 46,8 млн. теңге.
Қалпына келтіруге/өтеуге ұсынылған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасынан бүгінгі күні 61 794,0 млн.теңге қалпына келтірілді/ өтелді, оның ішінде 106,7 млн. теңге ақшалай нысанда өтелді, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды жеткізу, есепке алу бойынша көрсету жолымен 61 687,3 млн. теңге қалпына келтірілді.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары аудит объектілерінің бюджет, бухгалтерлік, салық заңнамаларын және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жүйелі түрде бұзуын көрсетеді.
Жол берілген бұзушылықтар үшін 88 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдарына процестік шешім қабылдау үшін 15 материал жіберілді. Уәкілетті органға және сотқа әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 124 материал жіберілді, оларды қарау нәтижесі бойынша жалпы сомасы 33,5 млн.теңгеге айыппұл салынды.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға, уәкілетті органдарға, мемлекеттік басқару органдарына және аудит объектілеріне 18 аудиторлық қорытынды мен 82 нұсқама жіберіліп, 66 ұсыныс және 273 тапсырма берілді.
Барлық проблемалық мәселелер бойынша тиісті ақпарат Астана қаласының мәслихатына және қала әкіміне жіберілді.
Әрбір аудиторлық іс-шара бойынша толық ақпарат www.rkastana.gov.kz сайтында орналастырылған.
Сонымен қатар, сыртқы мемлекеттік аудит органдары «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес бюджетті жоспарлау мен атқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жүзеге асырады.
Осылайша, Тексеру комиссиясы 2018 жылдың ішінде тоқсан сайынғы негізде елорданың жергілікті бюджетінің атқарылуына ағымдағы бағалауды жүргізді. Мәслихатқа және Астана қаласының әкіміне жергілікті бюджеттің атқарылу тиімділігін арттыруға, бағдарламалық құжаттарды іске асыруға және қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған ұсыныстар жіберілді.
Аудиторлық қызметтің сапасын арттыру мақсатында Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне тұрақты негізде техникалық оқу жүргізіледі.
Мәселен, 2018 жылдың қыркүйек айында «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК директорының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы, профессор А.Б. Зейнелғабдиннің қатысуымен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы заңнамаға енгізілген жаңалықтарды түсіндіру бойынша техникалық оқу өткізілді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында техникалық оқу өткізілді.
Жүктелген өкілеттіктері шеңберінде ағымдағы жылы Тексеру комиссиясы бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзушылықтардың алдын алу және оларды барынша азайту бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.
«Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ