«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының 2019 жылдың 1-тоқсанындағы қызметінің қорытындылары» мақаласы
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы www.rkastana.gov.kz сайтында орналастырылған тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі негізінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асырады.
Сыртқы мемлекеттік аудит «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес және Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкес бюджетті жоспарлау, атқару және активтерді басқару тиімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
2019 жылдың 1-тоқсанында 4 аудиторлық іс-шара қорытындысы шығарылды. Мемлекеттік аудитпен жалпы сомасы 78 448,6 млн. теңгені құрайтын 18 аудит объектісі қамтылды, атап айтқанда:
- мемлекеттік органдарда – 57 123,6 млн. теңге;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінде – 21 325,0 млн. теңге.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 3 534,4 млн.теңгені құрады, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 3 064,5 млн. теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 329,8 млн. теңге және тиімсіз жоспарлау – 140,1 млн. теңге, сондай-ақ аудит объектілерінің қызметіндегі 480 рәсімдік бұзушылық пен кемшілік анықталды.
Қаржылық бұзушылықтардың қалпына келтіруге/өтеуге ұсынылған 3 064,5 млн. теңгенің бүгінгі күні 1 888,6 млн. теңгесі қалпына келтірілді/өтелді, оның ішінде:
- ақшалай нысанда өтелгені – 2,4 млн. теңге;
- жұмыстарды орындау, қызмет көрсету, тауарларды жеткізу, есеп бойынша көрсету жолымен қалпына келтірілгені – 1 886,2 млн.теңге.
Анықталған бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, жол берілген бұзушылықтардың негізгі себептері қаржылық тәртіптің төмен деңгейі, бюджет қаражатын пайдалануға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, сондай-ақ корпоративтік басқарудың тиісті жүйесінің жоқтығы болып табылады.
Осылайша, жіберілген бұзушылықтар үшін 28 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, оның ішінде тәртіптік – 24, әкімшілік – 4 (жалпы сомасы 0,8 млн.теңгеге айыппұл салынды). Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына процестік шешім қабылдау үшін 1 мемлекеттік аудит материалы жіберілді.
Сонымен бірге, есепті кезеңде Тексеру комиссиясымен жергілікті атқарушы органдарға, уәкілетті органдарға, мемлекеттік басқару органдары мен аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен олардың жұмысындағы кемшіліктерді жою бойынша 7 ұсыным мен 70 тапсырма берілді.
Барлық проблемалық мәселелер бойынша тиісті ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатына және әкіміне жолданды.
Әрбір аудиторлық іс-шара бөлінісінде толығырақ ақпаратты www.rkastana.gov.kz сайтынан алуға болады.
Сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту үшін қажетті шараларды қамтамасыз ету мақсатында «Сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде анықталған құқық бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит материалдарын беру тәртібін бекіту туралы» бірлескен бұйрықтың жобасы әзірленіп, ол Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді.
Сонымен қатар, аудиторлық қызметтің сапасын арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит жүргізудің әдіснамалық құжаттарын әзірлеу (1) және жетілдіру (10) бойынша жұмыс жүргізілді. Осы әдіснамалық құжаттар мемлекеттік орган қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, аудиторлық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұсынымдарды қамтиды.
Сондай-ақ, есепті кезеңде Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлерін шақырумен семинар өткізілді, онда сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелері талқыланды.
Елордада қаржылық тәртіпті нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға және оларды барынша азайтуға бағытталған іс-шаралар жалғастырылатын болады.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ