Ағымдағы жылдың 28 тамызында Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында Астана қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыруға бөлінген жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қарастырылды
Аудит объектілері қызметінің мақсаты мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу, олардың денсаулығын сақтау және нығайту, дене, интеллектуалдық және адамгершілік тұрғысында дамыту болып табылады.
Астана қаласының бюджетінен мектепке дейінгі білім және тәрбие беру объектілерін салуға және реконструкциялауға бөлінетін қаражатты талдау барысында оң динамика байқалды, егер 2016 жылы осы мақсаттарға 388 462,0 мың теңге бөлініп, 2017 жылы балабақшалардың құрылысына 1 249 812,8 мың теңге игерілген.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын күтіп-ұстауға бөлінетін шығындар бойынша да оң өзгерістер қалыптасқан, осылайша 2016 жылы балабақшалардың қызметін қамтамасыз етуге 8 684 719,2 мың теңге бөлінсе, 2017 жылы 10 920 711,8 мың теңге бөлінген, ал 2018 жылға 13 754 016,0 мың теңге көзделген.
Сонымен бірге, Астана қаласында халық санының өсімі мен миграциялық үрдістердің жоғары қарқыны жағдайында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен толық қамту міндеті әлі де шешілмей отыр.
Мемлекеттік аудит 19 бөбектер бақшасы – мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында жүргізілді.
Қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 2 552,6 млн. теңгені құрады, оның ішінде қалпына келтіруге жататыны – 2 552,2 млн. теңге.
Аудит қорытындысы бойынша 197 рәсімдік бұзушылық, мемлекеттік аудит объектілерінің қызметімен байланысты 87 заңнама бұзушылық фактісі анықталды.
Жыл сайын мектепке дейінгі білім және тәрбие беру ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге бөлінетін қаржыландыру көлемінің артуына қарамастан, мектепке дейінгі білім беру объектілерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы төмен деңгейде қалуда.
Барлық аудит объектілері бойынша топтық дене шынықтыру және музыка залдарын жабдықпен, жиһазбен және қажетті құрал-саймандармен жарақтандырудың орташа үлесі 60-тан 70%-ға дейін құрайды. Жарақтандырудың төмен деңгейі барлық дерлік аудит объектілерінде, әсіресе №2 «Батыр», №17 «Ер Төстік», №55 «Қарақат» бөбектер бақшаларында байқалған.
Аудит объектілерімен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмайды, ішкі орынжайлар, көлеңке түсіретін бастырмалар, ойын алаңдары мен абаттандыруда санитария нормаларын бұзушылықтар белгіленді (№17, 34, 45, 54, 55, 62, 73, 74, 75, 77, 84 бөбектер бақшалары).
Тексерілген объектілердің қаржылық тәртібі, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті жасаудың жай-күйі төмен деңгейде, аудиттелген 19 объектінің 18-інде бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті бұзушылық фактілері анықталды.
Осылайша, № 55 бөбектер бақшасында жүргізілген аудит тексерілген кезеңде қаржылық-шаруашылық операциялардың бухгалтерлік есепте жазылмағанын көрсетті, талдамалық тіркелім жазбалары жоқ, бастапқы құжаттама ішінара жасалмаған, 2016 және 2017 жылдары қаржылық есептілік жасалмаған, бөбектер бақшасының тексерілген кезеңдегі есеп саясаты әзірленбеген.
Мемлекеттік кәсіпорындарды дамыту жоспарларының әзірленуін және орындалуын талдау барысында аудит объектілерінің оларды жасауға үстіртін қарайтыны байқалды, кейбір объектілерде Даму жоспарлары тіптен жоқ, бұл осы бағыттағы қолданыстағы нормаларды сақтауға деген немқұрайдылықты көрсетеді.
Мемлекеттік аудит объектілерінің барлығында Мемлекеттік кәсіпорындарды дамыту жоспарларын орындау бойынша есепті әзірлеу және ұсыну қағидаларын бұзушылықтың жалпы 79 фактісі анықталды.
Тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілердің шарттық міндеттемелерін орындауына жүргізілген сәйкестік мемлекеттік аудиті ҚР Азаматтық кодексінің және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының көптеген бұзушылықтары орын алғанын көрсетті.
Жылдық мемлекеттік сатып алу жоспарларын белгіленген мерзімнен кеш, жекелеген жағдайларда 34 күнге дейін кешіктіріп бекітудің 17 фактісі анықталды (№7, 15, 17, 22, 34, 55, 59, 62, 63, 65, 74, 77 бөбектер бақшалары).
№54, №73, №75, №84 бөбектер бақшаларында тауарларды жеткізу мерзімдерін бұзу, тұрақсыздық айыбын өндірмеу және жеткізушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары ретінде танымау фактілері орын алған.
Қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, барлық дерлік аудитпен қамтылған бөбектер бақшаларында қызметкерлердің балалары Білім басқармасымен берілетін жолдамасыз тәрбиленуде. 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша №54 бөбектер бақшасын қоспағанда, барлық аудиттелген бақылау объектілерінде осы мекемелердің қызметкерлерінің балалары болып табылатын 243 бала тиісті жолдамасыз тіркелген.
Аудит барысында анықталған бұзушылықтардың көбісі бір тектес және барлық аудит объектілерінде қайталанатынын атап өткен жөн.
Тексеру комиссиясы отырының қорытындысы бойынша Білім басқармасына және аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.