Тексеру комиссиясының отырысында Нұр-Сұлтан қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды
Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасында және 11 колледжде (оның ішінде 8 мемлекеттік және 3 жеке меншік) жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (бұдан әрі - ТжКБ) мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырудың барлық кезеңдерінде бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, олардың көбі жүйелі сипатқа ие.
1) «Кәсіптік-техникалық колледжі» КММ;
2) "Энергетика және байланыс колледжі " МКҚК;
3) "Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі" МКҚК;
4) « Гуманитарлық колледж» МКҚК;
5) "Технологиялық колледжі " МКҚК;
6) «Политехникалық колледж» МКҚК;
7) «Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі» МКҚК;
8) "Көпбейінді колледжі" МКҚК;
9) «М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы» АҚ-ның «Ақмола колледжі» ЖШС;
10) "Менеджмент және бизнес колледжі» ЖШС;
11) «Басқару колледжі» ЖШС.
Өткізілген аудитпен ТжКБ ұйымдарында мамандарды даярлауға бағытталған, аудитпен қамтылған бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жоспарлау сапасының төмен деңгейі атап өтіледі.
Осылайша, 024 және 038 бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті көрсеткіштерінің Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) әзірлеу және бекіту (қайта бекіту) қағидаларына және олардың мазмұнына қойылатын талаптарға олардың сандық шамада белгіленбеуі, жоспарланатын көрсеткіштер мен есептік деректердің нақты есеп-қисаптарының болмауы бөлігінде сәйкес келмеуі анықталды.
Мұнымен қоса, 2017 жылға арналған 038 бюджеттік бағдарлама бойынша жоспарланған соманың 27 243,7 мың теңге жалпы сомасына асырылғаны анықталды.
Негізгі проблемалардың бірі техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын жан басына қаржыландыру тетіктерінің болмауы болып табылады. Осыған байланысты, Басқарма мен ТжКБ ұйымдары арасында жасалатын шарттарда Шарттың сомасын негіздейтін таратып жазылуы жоқ және тиісінше көрсетілген қызметтердің ай сайынғы актілері нақты орындалған жұмыс (қызмет) көлемін көрсетпестен ақы төлеуге ұсынылады.
Жекелеген жағдайларда жасалған шарттарға сомаларды түзету бөлігінде өзгерістер енгізіледі, кейбір ТжКБ ұйымдары іс жүзінде пайдаланылмаған бюджет қаражатын бюджет кірісіне қайтаруды дербес жүзеге асырады, бұл ретте аудит ТжКБ ұйымдарының іс жүзінде жұмсамаған шығыстарын қайтармау фактілерін анықтады.
Мәселен, 6 ТжКБ ұйымы бойынша жалпы сомасы 27 626,0 мың теңгеге республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісіне пайдаланылмаған қаражатты қайтару дербес жүзеге асырылған.
Бұл фактілер мемлекеттік тапсырыстың нақты орындалуына тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, бұл бөлінген қаражаттың қайта бөлінуіне, оларды тиімсіз пайдалануға, сондай-ақ оқушыларды оқытуға жұмсалатын шығындарды өтеу кезіндегі бұзушылықтарға әкеп соқты.
Сондай-ақ, аудитпен оқушыларды заңнамада көзделген төлемдер мен өтемақымен қамтамасыз етпеу жағдайлары анықталды, бұл оқушылардың мемлекеттік қолдау шараларын жете алмауына әкеледі, олардың құқықтарына нұқсан келтіреді, әлеуметтік көңіл-күйлеріне әсер етеді.
Мысалы, тексерілген кезеңде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар оқуды бітіру және жұмысқа орналастыру кезінде киім-кешекпен, аяқ киіммен, жұмсақ мүкәммалмен, жабдықтармен толық емес көлемде жалпы сомасы 1 226,3 мың теңгеге қамтамасыз етілмеген (Көпбейінді колледж - 459,2 мың теңге, Энергетика және байланыс колледжі - 377,3 мың теңге, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі - 389,8 мың теңге).
Көпбейінді колледждің мүгедек балалары аудит кезінде тегін ыстық тамақ үшін өтемақымен толық көлемде қамтамасыз етілмеген, онда айырмашылықтың жалпы сомасы 1 713,4 мың теңгені құрады.
«Қазақ көлік және коммуникация академиясы» АҚ-ның «Ақмола колледжі» ЖШС-да жалпы сомасы 932,2 мың теңгеге жетім балалар қатарындағы оқушыларға жоғары стипендияны толық төленбеуге жол берілді.
Ерекше атап өтетін жайт, аудитпен қамтылған жеке колледждер оқушыларға демалыс кезінде жол жүру үшін өтемақы төлемеген.
Осылайша, Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлерінің 2-бөлімі 4-тармағын бұза отырып, жекелеген ТжКБ ұйымдарында стипендия алуға құқығы жоқ студенттерге жалпы сомасы 2 081,4 мың теңгені негізсіз есептеу фактілері анықталды («Қазақ көлік және коммуникация академиясы» АҚ-ның «Ақмола колледжі» ЖШС - 1 742,9 мың теңге, "Басқару колледжі" ЖШС - 338,5 мың теңге).
Бұдан басқа, жекелеген ТжКБ ұйымдарында («Менеджмент және бизнес колледжі» ЖШС және "Басқару Колледжі" ЖШС) үлгерімі төмен студенттерге стипендияны заңсыз төлеу фактілері, сондай-ақ үлгерімі мен сабаққа қатысуын есепке алу бойынша қатаң есептегі құжаттарды толтыру кезіндегі бұзушылықтар анықталды.
Аталған фактілер Басқарма тарапынан мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыратын ТжКБ жеке меншік ұйымдарына тиісті бақылаудың болмауын және бюджет қаражатын пайдалану кезінде бұзушылықтардың елеулі тәуекелдерінің болуын меңзейді.
ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігінің негізгі көрсеткіші түлектерді жұмысқа орналастыру болып табылатыны белгілі.
Бұл ретте аудит қорытындылары көрсеткендей, ТжКБ ұйымдары және Басқарма мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бітірушілердің нақты жұмысқа орналасуына мониторингті тиісті деңгейде жүргізбейді, ТжКБ ұйымдарында және Басқармада бітірушілерді жұмысқа орналастыру жөнінде нақты мәліметтер жоқ.
ЗТМО мәліметтеріне сәйкес ТжКБ ұйымдарының түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі төмен – 53,9%.
Сонымен қатар, аудит барысында ТжКБ-ның кейбір түлектерін жұмысқа орналастыру орны бойынша сұраныс жіберіліп, көпшілік жағдайда оларды жұмысқа орналастыру расталмады.
Осылайша, сұрау жіберілген 37 түлектің 9-ы жұмысқа орналастырылмаған, 4-еуімен еңбек шарты жасалғаннан кейін келесі күні бұзылған, 14-і бойынша ұсынылған анықтамаларда (4 ұйым) көрсетілген мекенжайлар бойынша ұйымдардың болмауына байланысты жұмысқа орналасу фактісін растау мүмкін болмады.
Аудитпен ТжКБ ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіз деңгейі атап өтіледі. Жекелеген колледждердің өз ғимараттары, жатақханалары, спорт және акт залдары жоқ, жиһазбен және жабдықтармен толық жабдықталмау фактілері анықталды.
Мәселен, 2005 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК жеке ғимараты мен жатақханасы жоқ, ол оқу процесін жүргізу үшін, оның ішінде кабинеттер, шеберханалар, зертханалар және т.б. арналған жалпы ауданы 633,5 ш.м. «Құрылыс-техникалық колледжі» МКҚК жатақханасының 1-ші қабатында орналасқан.
Елорданың ТжКБ жүйесіндегі тағы бір өзекті және көкейтесті мәселе бүкіл республика аумағындағы сияқты оқушыларды жатақхана орындарымен қамтамасыз ету мәселесі болып қала береді.
Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 наурыздағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көзделген студент жастардың, оның ішінде колледж оқушыларының өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі міндеттерді іске асыру мақсатында колледж оқушыларын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде хостел алаңында 1 студентке айына 22,0 мың теңге және 5,0 мың теңге студент есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба қабылданды.
Осылайша, 2018 жылы Басқарма мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждердің 860 студентін хостелдерге орналастыру үшін 024 бюджеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 75 680,0 мың теңге бюджет қаражатын бөлді.
Бұл ретте, аудитпен санитариялық нормалардың сақталмауы, сондай-ақ хостелдерде тұру шарттарының ТжКБ ұйымдары жасасқан жалдау шарттарына техникалық ерекшелікте бекітілген талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ хостелдерде тұру кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер анықталды.
Сонымен қатар, студенттердің уақытша тұруына арналған жатақханада (хостелдерде) жалға берілетін үй-жайларды жеткізушілерде хостелдерді пайдаланудың ішкі тәртіп ережелері, хостел мен т.б. жұмыс тәртібі туралы ақпарат жоқ, сондай-ақ оқушылар, келушілер мен бөгде адамдардың жатақханаға (хостел) кіруі және шығу уақыты бойынша, алып өтетін заттарын қарау бойынша шектеу жоқ және т.б.
Анықталған фактілер хостелдерде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестігі, оқушылардың қауіпсіздігі, сондай-ақ тәрбиелік-профилактикалық жұмыс қамтамасыз етілмейтінін куәландырады, бұл ретте колледж оқушылары саны арасында кәмелетке толмаған жасөспірімдер айтарлықтай бөлігін құрайды.
Аудит қорытындысы бойынша ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті жасау саласындағы заңнаманың жүйелі бұзушылықтары, сондай-ақ ТжКБ ұйымдарының жарғылық емес қызметті жүзеге асыру фактілері анықталды.
Осылайша, аудит нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 9 лауазымды тұлғаға 1 047,9 мың теңге сомасында, бухгалтерлік есеп бойынша - 5 тұлғаға 315,6 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды («Кәсіптік-техникалық колледжі» КММ, «Гуманитарлық колледжі» МКҚК, «Көпбейінді колледж» МКҚК, «Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі» МКҚК, «Энергетика және байланыс колледжі» МКҚК).
Жоғарыда көрсетілген барлық бұзушылықтар мен кемшіліктер ТжКБ оқу процесі ұйымдарының қызметіне, ұсынылатын білім беру сапасы мен бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыруға әсерін тигізеді, сондай-ақ ТжКБ ұйымдарының қызметін бақылау мен үйлестірудің жеткіліксіз деңгейі туралы куәландырады.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 88 656,3 мың теңгені құрады, оның ішінде өтеуге жататын қаржылық бұзушылықтар 37 848,9 мың теңге, 115 рәсімдік бұзушылық, мемлекеттік аудит объектісінің қызметіне байланысты жүйелік кемшіліктердің 18 фактісі анықталды.
Тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі - 48 599,0 мың теңге, тиімсіз жоспарлау көлемі 2 208,4 мың теңгені құрады.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді.