2019 жылғы 12 ақпанда өткізілген Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында мәдениетті дамытуға бағытталған жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды
Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасында (бұдан әрі – Мәдениет басқармасы) және мәдениет саласында өз қызметін жүзеге асыратын 14 ведомстволық бағынысты кәсіпорында жүргізілген аудит қорытындысы бойынша Басқарманың және кәсіпорындардың қызметіндегі кемшіліктер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының бұзушылықтары анықталды.
Осылайша, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) әзірлеу және бекіту (қайта бекіту) қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды бұза отырып, Мәдениет басқармасы бюджеттік бағдарламаға нақтылауды белгіленген мерзімнен кеш, яғни мәслихаттың тиісті шешімі бекітілген күннен кейін 10 жұмыс күні өткен соң бекіткен.
Басқарма Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуы туралы ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға белгіленген мерзімнен кеш жіберген, бұл Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу, іске асыру және бақылау қағидаларын бұзу болып табылады.
004 «Әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларды жүргізу» бюджеттік бағдарламасының түпкілікті нәтижелері Астана қаласын дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларымен толық көлемде өзара байланыстырылмаған.
Мәселен, 004 бюджеттік бағдарламасының түпкілікті көрсеткіштері Даму бағдарламасымен оның іс-шаралар жоспарында көзделген «Әлемнің түрлі елдерінен өнер қайраткерлерін тарта отырып, әр түрлі бұқаралық іс-шараларды, көрмелерді, көрсетілімдер мен фестивальдерді өткізу, отандық ұжымдардың гастрольдік турларын ұйымдастыру» іс-шарасын іске асыру жолымен жанама түрде ғана байланысты. Бұл ретте, көрсетілген іс-шара қандай да бір сандық және/немесе сапалық көрсеткіштерді көрсетпей қаржыландыру сомасын ғана көздейді.
Аудитке 004 «Астана қаласының халықаралық және республикалық деңгейде мәдени орталық ретінде имиджін арттыру, елорда тұрғындары мен қонақтарының бос уақыты сапасын жақсарту...» бюджеттік бағдарламасының түпкілікті нәтижесін айқындау үшін қандай да бір ақпарат көздері (имиджді анықтау бойынша рейтингтер, әлеуметтік сауалнамалар немесе бос уақытын жақсарту динамикасын анықтау үшін бақылаулар) ұсынылған жоқ.
Сонымен қатар, Мәдениет басқармасы мен ведомстволық қарасты кәсіпорындар өнім берушілердің қосалқы мердігерлерге шарттық міндеттемелерін беру бөлігінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына жол берген, олардың жиынтық көлемі көрсетілетін қызметтер көлемінің үштен екісінен асады.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін бұза отырып, Мәдениет басқармасымен жалпы сомасы 15 493,2 мың теңгеге 5 шарт (іс-шара) бойынша көрсетілген қызметтердің анықтығы қамтамасыз етілмеген (шартқа қатысы жоқ шоттарға төлем жасалған, жекелеген растайтын құжаттары жоқ).
Аудитпен Мәдениет басқармасының жалпы сомасы 44 943,9 мың теңгеден астам қаражатты тиімсіз пайдаланғаны анықталды (іс-шараларды өткізу үшін қызмет көрсетушілердің оларды сатып алуының нақты құнынан айтарлықтай асып түсетін мүлікті жалға алуы, бюджеттік бағдарламаның мақсатына сай келмейтін іс-шараларды өткізу).
Жекелеген шарттарды талдау кезінде Басқарманың бюджет қаражаты есебінен делдалдық қызметтердің едәуір көлемін өтейтіні анықталды, ал іс-шаралардың негізгі қатысушылары болып табылатын және халықтың мәдени қажеттілігін қамтамасыз етіп, қанағаттандыратын талантты ұжымдарды көтермелеу және қолдау екінші орынға қалдырылады, бұл, өз кезегінде, қаражатты пайдалану кезіндегі кемшілік болып табылады.
Бухгалтерлік есеп туралы заңнаманы бұза отырып, Басқарма 2017-2018 жылдары 1 479 103,4 мың теңгелік мүлік құнын есепте көрсетпеген, бұл қаржылық есептіліктің бұрмалануына және 155 305,9 мың теңге жалпы сомасына амортизация есептелмеуіне әкелді.
Сондай-ақ, Мәдениет басқармасының ведомстволық қарасты кәсіпорындарында бюджет және өзге де заңнаманың көптеген бұзушылықтары, жарғылық емес қызметті жүзеге асырудың жекелеген фактілері анықталды.
Кәсіпорындар мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізу үшін даму жоспарларын бекіту бойынша есептілікті және даму жоспарларының орындалуы туралы есептерді бірыңғай операторға ұсыну мерзімдерін бұзады. Жекелеген кәсіпорындарда даму жоспарларында түпкілікті нәтиже көрсеткіштері жоқ.
Тікелей нәтиженің жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, кірістер және (немесе) шығыстар көрсеткіштері бойынша нақты деректерді дұрыс көрсетпеу, қаржылық есептілікті бұрмалау, қызметтерді жеткізушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде, жеткізушілерден тауарларды жеткізу мен қызметтерді көрсетудің мерзімдерін кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыбы сомасын өндіріп алу бойынша шаралар қолданбау орын алады.
Кәсіпорындардың жалпы сомасы 31 612,8 мың теңгеге мемлекет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалануы, жалпы сомасы 768 542,5 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 177 рәсімдік бұзушылық және 74 кемшілік анықталды.
2016 жылдан бастап 2018 жылдың 9 айына дейінгі кезеңде кәсіпорындардың ақылы қызметтерді Мәдениет басқармасының жоспар-тапсырмалары негізінде ақысыз немесе жеңілдікпен көрсетуі нәтижесінде қалыптасқан жіберіп алған пайдасының жалпы сомасы 567 350,2 мың теңгені құрады, бұл Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 24 мамырдағы №105-1016 «Мәдениет саласындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бағаларын белгілеу туралы» қаулысына қайшы келеді.
Мұнымен қоса, Мәдениет басқармасының жекелеген ведомстволық қарасты кәсіпорындарының интернет - ресурстарындағы имидждік парақшаларында түрлі экскурсиялардың, көрмелердің, спектакльдердің, бос жалға берілетін үй-жайлардың және бағалары көрсетілген басқа да қызметтердің болуы туралы ақпарат орналастырылмаған.
Жалпы, жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 76 556,7 мың теңге сомасындағы қаражаттың және мемлекет активтерінің тиімсіз пайдаланылуы, 2 263 139,1 мың теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, 215 рәсімдік бұзушылық пен 76 кемшілік анықталды.
Мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және сәулет қызметі саласындағы заңнама нормаларын бұзудың 15 фактісі бойынша аудит материалдары әкімшілік шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Бір факті бойынша аудит материалдары процестік шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданды, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.