2019 жылдың 30 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында Астана қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруды аралық бағалау жөніндегі мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды

2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасының (бұдан әрі – Даму бағдарламасы) 2016-2018 жылдар кезеңінде іске асырылуына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы жүргізген аралық бағалау қойылған мақсаттарға жетуді бейнелейтін нысаналы индикаторлардың  көпшілігіне қол жеткізілгенін көрсетті. Бұл Даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижелі болып, қойылған мақсаттарға сәйкес келетін өзгерістерге әкелгенін білдіреді.

Осылайша, 2016 жылы іске асырылуы тиіс 112 нысаналы индикатордың 79-ына (70,5%) қол жеткізілді, 2017 жылы іске асырылуы тиіс 116 нысаналы индикатордың 88-іне (75,9%) қол жеткізілді, 2018 жылы іске асырылуы тиіс 114 нысаналы индикатордың 77-іне (67,5%) қол жеткізілді.

Бағаланатын кезеңде қол жеткізілген нысаналы индикаторлардың орташа үлесі 71,3%-ды құрады, бұл, біздің ойымызша, Астана қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру қорытындылары бойынша 2015 жылы қол жеткізілген көрсеткіштердің үлесінен жоғары деңгей болып табылады, ол 60,8%-ды құраған еді.

Тексерілетін кезеңде қол жеткізілмеген нысаналы индикаторлардың ең көп үлесі елорда экономикасының дамуын көздейтін «Заманауи бәсекеге қабілетті қала» 1-бағытына (2016 ж. – 53,6 %, 2017 ж. - 55,2%) келеді, бұл осы бағыт бойынша Даму бағдарламасын іске асыру кезінде орын алған және, біздің ойымызша, көп жағдайда аталған кезеңде қалыптасқан халықаралық экономикалық және саяси ахуалға байланысты белгілі бір қиындықтарды көрсетеді. Сондай-ақ, нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің жоғары үлесі «Өмір сүру үшін қолайлы қала» 4-бағытына (2016 ж. - 35,0 %, 2017 ж. - 17,4 %) және «Қаланы басқару тиімділігін арттыру» 6-бағытына (2016 ж. және 2017 ж. -50%) келеді.

Сонымен қатар, жүргізілген талдау 2016-2018 жылдары Даму бағдарламасын іске асыру кезінде Нұр-Сұлтан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің көпшілігі бойынша оң динамика қамтамасыз етілгенін көрсетті.

Сонымен қатар, көзделген 114 нысаналы индикатордың 83 индикаторы бойынша оң өзгерістер динамикасы (72,8%), 23 индикатор бойынша теріс динамика байқалған (20,2%), 8 индикатор бойынша көрсеткіштердің алып тасталуы/ауыстырылуы себепті (7,0%) өзгерістер динамикасын бақылау мүмкін болмаған.

Бұл ретте, теріс динамика бар нысаналы индикаторлардың ең көп үлесі Даму Бағдарламасының 1, 2 және 3-бағыттарына, атап айтқанда: сәйкесінше 35,7%, 18,6% және 27,3% тиесілі.

Даму бағдарламасын іске асыру кезеңінде барлығы 4 027 690,1 млн.теңге жалпы сомасына қаражат игерілді, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты – 681 201,5 млн. теңге, жергілікті бюджет қаражаты – 606 197,2 млн. теңге, меншікті және қарыз қаражаты – 2 739 946,7 млн. теңге және Ұлттық қор қаражаты – 344,7 млн. теңге.

Тұтастай алғанда, Даму бағдарламасын іске асыру үшін қаржыландыру көлемін жоспарлау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылғанымен, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаудың жекелеген кемшіліктері мен фактілері орын алған.

Мәселен, Іс-шаралар жоспарын түзету кезінде нақты іске асыру аяқталғаннан кейін оған жалпы сомасы 21 402,3 млн.теңгеге іс-шаралар енгізілді, бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің «нәтижелілік және тиімділік» пен «ресурстық қамтамасыз ету» қағидаттарына сәйкес келмейді.

Мұнымен қоса, Іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде іс-шаралардың қайталану, сондай-ақ орындалу нәтижелері қайталанған түрлі іс-шараларды енгізу фактілеріне жол берілген, бұл түпкі нәтижесінде Даму бағдарламасын іске асыруға қажетті қаражатты жоспарлауға әсер етеді. Іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралар/жобалар бойынша бюджетті нақтылау барысында қаржыландыру алынып, басқа жобаларға қайта бөлінген, соның нәтижесінде жобалар орындалмай қалады.

Жүзеге асырылған іс-шаралар Даму бағдарламасының мақсаттарына сәйкес келеді. Алайда, оны әзірлеу және түзету кезінде жоғарыда аталғандармен қоса басқа да елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктер орын алды.

Осылайша, қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, Даму бағдарламасында көрсетілген барлық мәселелер бойынша бірдей шешу тәсілдері белгіленбеген. Сапасыз нысаналы индикаторлар, атап айтқанда мақсаттарға жетуді көрсетпейтін немесе теріс динамикасы бар индикаторлар жоспарланған және қолданылады.

Даму бағдарламасында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарына (міндеттер, индикаторлар және көрсеткіштер бойынша), атап айтқанда Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасына және кейбір мемлекеттік бағдарламаларға сәйкессіздік бар. Сонымен қатар, заңнаманы бұза отырып, бюджеттік бағдарламалардың барлығының түпкілікті көрсеткіштері нысаналы индикаторлармен өзара байланыстырыла бермейді. Бұл ретте, осы кемшіліктер бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша атап көрсетілгенін және олардың кейбіреулері уақтылы жойылмағанын атап өтеміз.

Сонымен қатар, Даму бағдарламасында жекелеген нысаналы индикаторлардың мәні Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының деңгейінен төмен, бұл республика деңгейінде осы көрсеткіштерге қол жеткізбеу тәуекелін арттырады.

Сондай-ақ, Астана қаласын дамыту бағдарламасына жыл сайынғы түзетулер әзірлеу және енгізу кезінде Президенттің Қазақстан халқына жолдауларында көрсетілген жекелеген тапсырмалардың ескерілмегені анықталды.

Жоғарыда аталған кемшіліктер мен бұзушылықтар Даму бағдарламасын іске асыру туралы есептерде жекелеген іс-шаралардың орындалмауы және қаражаттың игерілмеу себептері туралы ақпараттың жоқтығымен қоса, Даму бағдарламасының үйлестірушісі оның мониторингін және бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды тиісті деңгейде жүзеге асырмағанын көрсетеді.

Жалпы аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 21 402 300,0 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ 28 рәсімдік бұзушылық және 1 кемшілік анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясымен қаулы қабылданып, тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.