2019 жылғы 19 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті
Тексеру комиссиясының отырысында елорда бюджетінен жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс саласындағы аумақтық уәкілетті органның жергілікті бюджет қаражатын пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде (бұдан әрі – Департамент, ТЖД) жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша аудит объектісі қаржылық және шаруашылық операцияларды жасау кезінде жіберген оларды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының талаптарынан кейбір ауытқушылықтар, сондай-ақ ішкі регламенттейтін құжаттарды әзірлеу мен бекітуге байланысты өзге де бұзушылықтар анықталды.
Департамент бюджеттік бағдарламаларды іске асыру аясында көзделген іс-шараларды жалпы алғанда орындады, жоспарланған түпкі нәтижелердің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді.
Сонымен қатар, түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне және Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың негізгі индикаторларына қол жеткізілуіне қарамастан, жылдан жылға қайталанатын бірқатар жүйелі бұзушылықтар мен кемшіліктер бар, атап айтқанда:
- бірқатар жағдайларда бюджеттік бағдарламаларды бекіту (қайта бекіту) мерзімдері, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың бекітілген нысандарының мазмұнына қойылатын талаптар сақталмайды;
- бюджеттік бағдарламаны сапалы жоспарлау қамтамасыз етілмеген (387005 «Республикалық маңызы бар қала, астана ауқымындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою»), атап айтқанда нәтижелілік көрсеткіштері бойынша, осылайша төтенше жағдайлар санын төмендету бойынша түпкілікті нәтиже көрсеткішін орындауға тікелей нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу деңгейі әсер еткен жоқ - тікелей нәтиженің 8 жоспарланған көрсеткішінен 2 көрсеткішке ғана қол жеткізілді (25%).
- бюджеттік бағдарламалар (387005 және 387003 «Аумақтық органның және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің күрделі шығыстары») арасындағы түпкілікті нәтижелер көрсеткіштерінің қайталану фактілері бар.
Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бағдарламасына (АДБ) сәйкес «Төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын қамтамасыз ету деңгейі, %» нысаналы индикаторына қол жеткізуге жауапты болып табылатын Департамент өз қызметімен жоғарыда көрсетілген индикаторға қол жеткізу мақсатында іс-шараларды жүзеге асыруға ықпал етпейтіні кемшілік ретінде атап өтіледі.
Сондай-ақ, АДБ-дағы 387005 бюджеттік бағдарламаның қаражаты есебінен қол жеткізу көзделген «Төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын қамтамасыз ету деңгейі,%» нысаналы индикаторы Бағдарламаның нәтижелілік көрсеткіштерімен өзара байланыстырылмаған.
АДБ іс-шараларын орындау бойынша жекелеген есептік мәліметтер Департаменттің нақты деректеріне сәйкес келмейді, бұл Департаменттің АДБ бірлесіп орындаушы орган ретінде ұсынылатын ақпараттың толықтығын, сапасын және дұрыстығын қамтамасыз етпеуін көрсетеді.
Департамент 387005 бюджеттік бағдарламасы қаражатының есебінен АДБ-да жоспарланбаған іс-шараларға арналған шығыстарды қаржыландыруға жол береді, күрделі шығыстарға, атап айтқанда ұзақ мерзімді активтерді (LED экрандар)сатып алуға байланысты 387005 ағымдағы бюджеттік бағдарлама қаражатын негізсіз пайдалану орын алған.
Бюджет қаражатын жоспарлау тиісті деңгейде іске асырылмайды, атап айтқанда әлеуетті өнім берушілер бағаларының мониторингі, нарықты, сатып алынатын тауарларды (қызметтерді) талдау, ақпараттың жалпыға қолжетімді көздерін зерделеу жүзеге асырылмайды. Сатып алынатын тауарлардың (қызметтердің) қажеттілігін және олардың санын растайтын жекелеген құжаттар мен есеп-қисаптар жоқ.
Департамент мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде, атап айтқанда тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) біртектілігін анықтауда мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларын сақталмайды. Мемлекеттік сатып алу құжаттамасын (шарттарды, техникалық ерекшеліктерді, бастапқы құжаттарды және т.б.) ресімдеу бойынша бұзушылықтар жүйелі сипатқа ие.
Сонымен қатар, Департамент қызметтерді жеткізушілерге олардың шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген шараларды дер кезінде қолданбайды, атап айтқанда тұрақсыздық айыбын ұстап қалу (өндіріп алу), сот органдарына жеткізушілерді жосықсыз деп тану туралы арыз беру.
Бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібін бұзу салдарынан Департамент 2017-2018 жылдары уәкілетті органға бұрмаланған деректері бар қаржылық есептілікті жіберген.
Жалпы мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 4 201,8 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 63 рәсімдік бұзушылық және 22 кемшілік анықталды.
Сондай-ақ, Тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 235-бабына сәйкес бюджеттік есептілікті жасау бойынша ҚР заңнамасының нормаларын сақтамау бөлігінде әкімшілік іс жүргізуді қозғады.
Мұнымен қоса, мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын бұзудың 1 фактісі бойынша және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзу саласындағы 4 факті бойынша аудит материалдары Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне әкімшілік шаралар қабылдау үшін жіберілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы аудит объектісіне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді.