Елордада тіл саясатын дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары
2022 жылғы 25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті, онда елордада тіл саясатын дамытуға бөлінген бюджеттік қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) қызметі елордада тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мемлекеттік жоспарлау жүйесінің стратегиялық құжаттарымен (мемлекеттік бағдарламалар, Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бағдарламасы) жоспарланған мақсаттары мен көрсеткіштеріне сәйкес жүргізілетіні атап өтілді, алайда, Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бағдарламасының көрсеткіштері Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың тиісті көрсеткіштерімен өзара байланысы толық қамтамасыз етілмеген.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Бағдарламасы мен Жоспарында Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларын, атап айтқанда: мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі; үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесі; мемлекеттік қаражаттағы қазақ тілді контенттің бұқаралық ақпарат құралдарындағы үлесі көзделмеген.
Сонымен қатар, Басқарма 2019 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының көзделген «ағылшын тілін меңгерген халықтың үлесі» нысаналы индикаторы жоспарланған 27% көрсеткішіне қол жеткізілмеді.
Басқарманың бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын талдау оларды әзірлеу мен бекіту Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің талаптарына және бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу мен бекіту Қағидаларына сәйкес келетінін көрсетті. Алайда, бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, атап айтқанда: бір бюджеттік бағдарлама шегінде өзара тікелей және түпкілікті нәтижелердің қайталануына жол берілген; бюджеттік бағдарламаларды сапасыз жоспарлау, бюджеттік өтінімдерде қамтылған есептеулерге ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы қамтамасыз етілмеген, бұл бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстарды тиімсіз жоспарлауды растайды, бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстарды растайтын құжаттар жоқ, тауарлар мен қызметтерге баға белгілеу жүргізілмейді; 002 «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағдарламасының тікелей көрсеткіштерін жоспарлауға үстірт қарау салдарынан 2020 жылға арналған бюджеттік бағдарламаны іске асыру туралы есепте деректердің бұрмалануына алып келген.
Басқарма тарапынан бюджеттік бағдарламаларды іске асыру аясында көзделген іс-шаралар жалпы орындалған. Алайда, негізгі бағыттарды іске асыру кезінде бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берілген, атап айтқанда: Басқарманың кейбір қызметкерлеріне негізсіз үстемеақылар, бонустар мен жалақылар төленген; Басқарманың қызметкерлеріне көтермелеу төлеу бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соққан негізділік қағидатын бұза отырып жүргізілген; қызмет алаңдары бойынша тиесіліліктің заттай нормаларын арттыруға жол берілген; негізгі құралдарға түгендеу жүргізілмеген, материалдық жауапты адамның болмауы бөлігінде бухгалтерлік есептің бұзылуы орын алады.
Басқарманың тоқсан сайынғы және перспективалық (жылдық) жұмыс жоспарлары әзірленбеген, Басқарманың жұмыс Регламенті қабылданбаған- бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 39, 40-баптарын бұзу болып табылатынын атап өткен жөн, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің ережелері мен қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын сапасыз жасаған, «Руханият» мекемесінің құрылымы мен шекті штат санын уәкілетті орган- Басқарма емес, «Руханият» мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме)) өзі бекіткен.
Мекеме елордада тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ құрылтай құжатында бекітілген міндеттер мен функцияларға сәйкес жүзеге асыратынын көрсетті.
Алайда, бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктер бар, мысалы: Жарғыда мекеменің құзыретіне жатпайтын функцияларды көрсету, құрылымдық бөлімшелері қызметтерінің қайталануы, жекелеген функцияларды нақты құрылымдық бөлімшелерге бөлудің болмауы.
Жалпы, Мекеменің жұмыс жоспарында тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, оның ішінде мемлекеттік, ағылшын тілдерін оқыту, осы тақырып бойынша түрлі семинарлар, конкурстар өткізуге бағытталған іс-шаралар қарастырылған, алайда бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар орын алады.
Мысалы, 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көзделген Қазақстан халқы тілдері фестивалі шеңберінде этностардың тілдерін қолдау және сақтау мақсатында іс-шаралар өткізу, сондай-ақ өңірлерде іс-шаралар, тележобалар, телеойындар, тіл мәдениетін, ономастика және терминологияны дамыту мәселелері бойынша телесабақтар өткізу жөніндегі міндеттер Мекеменің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізілмеген және тиісінше орындалмаған.
Бұдан басқа, жұмыс жоспарларында ономастика мәселелерін зерделеу бөлігінде қызметті іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоқ, ал бұл сала «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңда, Тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларда, сондай-ақ Мекеменің Жарғысында көзделген.
Мекеменің қызметі бюджет қаражаты шеңберінде қаржыландырылуына байланысты барлық жоспарланған іс-шаралар тиісті мемлекеттік бағдарламалардың міндеттеріне сәйкес келуі тиіс. Алайда, Мекеме тіл саясатының негізгі тақырыбына жатпайтын іс-шараларды ұйымдастырған («MEIİRİMDİ ELORDA» шағын футболдан қалалық қайырымдылық турнирі; қала күніне арналған шағын футболдан қайырымдылық турнирі; талантты жазушыларды, ақындарды және шығармашылық қоғамдық бірлестіктерді қолдау мақсатында 30 мың данадан астам таралыммен кітап шығару), бұл бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына әкеп соғады.
Мекемеде 2019-2021 жылдар аралығында 4 басшы және 5 басшының орынбасары, сондай-ақ 7 бас бухгалтер ауысқан, басшылық құрамның жүйелі ауысуы уәкілетті орган, Басқарма тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Осының салдарынан мемлекеттік сатып алу туралы, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманың, бюджеттік есептіліктің бұзылуына, баға белгілеу ашықтығының болмауына, өнім берушілер көрсеткен қызметтердің анықтығын қамтамасыз етпеу фактілеріне және т. б. әкеп соққан.
Жоғарыда келтірілген кемшіліктер мен бұзушылықтардың көпшілігі жүйелі сипатқа ие болғанын атап өткен жөн, бұзушылықтарды жіберудің негізгі себептері қызметкерлердің өздеріне сеніп тапсырылған жұмыс учаскелерінде өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауы, кадрлардың тұрақтамауы, басшы құрам тарапынан қызметкерлердің Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауын тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі болып табылады.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 67 234,1 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 64 790,1 мың теңге қалпына келтірілуге тиіс (отырыс өткізілгенге дейін 22 338,1 мың теңге қалпына келтірілді), 2 444,0 мың теңге өтелуге тиіс (отырыс өткізілгенге дейін 1 489,0 мың теңге өтелді), бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау сомасы 834 191,0 мың теңгені құрады, 129 470,6 мың теңге тиімсіз пайдаланылған, сондай-ақ 62 рәсімдік бұзушылық және 35 жүйелі проблемалар мен кемшіліктер анықталды.
Аудиторлық іс-шара барысында Басқарманың және Мекеменің лауазымды тұлғалары мен бұрынғы лауазымды тұлғаларына қатысты 4 әкімшілік материал толтырылды, салынған айыппұл сомасы 941,9 мың теңгені құрады.
Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне мемлекеттік сатып алу, сондай-ақ бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бұзушылық белгілері бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін 336,9 мың теңге сомасына айыппұл салынған 6 әкімшілік материал жолданды.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша қаулы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.