«Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы» ММ-де балаларға қосымша білім беруге бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары
2021 жылғы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысы өтті. Отырыста «Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы» ММ және оның ведомстволық бағынысты 10 ұйымында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары талқыланды.
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша Білім басқармасында жол берілетін жүйелі бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.
Мысалы, қосымша білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдауды және оқуға қабылдауды реттейтін нормативтік-құқықтық актінің кемшіліктері байқалады, құжаттарды қабылдау жыл сайын ағымдағы жылдың 1 тамызынан 1 қазанына дейін көзделген. Алайда, құжаттарды қабылдауға бекітілген 2 ай мерзімі оқу жылы ішінде қосымша білім алуға қолжетімділікті шектейді.
Білім басқармасының интернет-порталында қосымша білім беру ұйымдары бойынша мәліметтер жоқ, бұл халыққа дұрыс ақпарат беруге және оны өзекті қамтамасыз етуге әсер етеді. Бұдан басқа, оқушылардың қосымша сабақтарды таңдауы үшін көзделген «Қосымша білім беру бағыттауыштары» бағдарламалық қамтамасыз ету (2020-2025 жылдарға арналған БҒДМ бағдарламасына сәйкес) енгізілмеген.
Бұдан басқа, бюджеттік қаражатты жоспарлау кезінде бюджеттік өтінімдерде қамтылған есептеулерге ақпараттың толықтығы мен анықтығы қамтамасыз етілмеген, қаржыландыру көлемдерін айқындау кезінде есептеу әдіснамасы жасалмаған, 2016-2019 және 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаларда көзделген балаларды қосымша білім берумен қамту жөніндегі көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.
Білім басқармасы ведомстволық бағынысты ұйымдармен өзара бірлескен іс-қимыл жасаған кезде ұйым қызметінің мақсаттары мен міндеттері және оның сандық түйінді көрсеткіштері жеткізілмеген, даму жоспарларының іске асырылуына бақылау жүргізу қамтамасыз етілмеген, қызметтік автомобильдердің тиістілік нормалық лимиттері, әкімшілік аппараттарды орналастыруға арналған алаң көлемінің нормалары көрсетілмеген.
Айта кету керек, білім басқармасында қосымша білім беру ұйымдарын бағалау жүйесі жоқ және оқушылардың жетістіктеріне ықпал етпейді.
Басқарманың кейбір жекелеген ведомстволық бағынысты ұйымдарында қосымша білім беру бағдарламалары оқыту нәтижесіне бағдарланбаған.
Ақылы қызметтерге баға белгілеуді айқындау кезінде ұйымдар Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 9 маусымдағы №107-1207 қаулысымен бекітілген Білім беру саласындағы кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарларға (жұмыстар, қызметтер) баға нормаларын басшылыққа алмайды.
Даму жоспарларын және олардың орындалуы туралы есептерді жасау кезінде қосымша білім беру ұйымдарының үстірт қарайтыны байқалады, даму жоспарларының негізгі көрсеткіштері жоқ. Сондай-ақ, ұйымдар мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізу үшін бірыңғай операторға даму жоспарларын бекіту туралы электрондық есептерді және даму жоспарын орындау жөніндегі есептерді уақытында ұсынбайды.
Басқармада және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында мемлекеттік сатып алу туралы заң нормаларын дұрыс қолданбау, тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен шарттарды негізсіз жасау, шарт талаптарына және техникалық сипаттама талаптарына сәйкес шарттық міндеттемелердің орындалуына бақылаудың болмау фактілері анықталды, нәтижесінде өнім берушілер мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша қабылданған міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда тапсырыс берушілердің заңнамада көзделген шараларды қабылдамауы немесе уақытында қабылдамауы орын алған.
Сондай-ақ, аудит кезінде еңбекақыны, еңбек демалысы ақыларын, қосымша ақыларды, үстемеақыларды, сыйақы төлемдерін, іссапар шығыстарын негізсіз аудару фактілері бойынша Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамаларының бұзушылықтары анықталды.
Қосымша білім беру ұйымдарының материалдық - техникалық қамтамасыз етілуінің нашар деңгейі маңызды факторлардың бірі болып табылады, қосымша білім беру ұйымдарында акт залдары, спорт залдары жоқ, кіре берістерде турникеттер және тиісті бейнебақылау қондырғылары орналастырылмаған, бұл балалардың қауіпсіздігіне және мемлекет мүлкінің сақтығына әсерін тигізеді.
Білім беру ұйымдарының қызметін үйлестіру, сондай-ақ балаларды қосымша білім берумен қамту мониторингі бөлігінде басқаруды бақылау деңгейінің төмендігін атап өткен жөн.
Аудит нәтижелері бойынша 80 693,3 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау фактілері –
2 399 481,0 мың теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты –
391 073,9 мың теңге, ықтимал шығындар сомасы мен жіберіп алған пайда 681,7 мың теңгеге анықталды, сондай-ақ рәсімдік және 95 жүйелік сипаттағы 316 бұзушылық анықталды.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша білім басқармасына және оның ведомстволық бағынысты 10 ұйымына анықталған кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептер мен ахуалдарды жою, қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды, сондай-ақ басқа да бірқатар тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.