2020 жылғы 8 қазанда өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті
Жүргізілген мемлекеттік аудит Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) Регламентін, құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін әзірлеу және бекіту кезінде бірқатар жүйелі кемшіліктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтады. Басқарманың қызметі тоқсанға, жылға, ұзақ мерзімді перспективаға арналған жұмыс жоспарынсыз жүзеге асырылды.
Бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу және бекіту кезінде оны жасау жөніндегі талаптар сақталмаған, жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың көрсетілген сомасы толық, дәйекті және негіздейтін ақпаратпен расталмаған. Бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану кезінде бюджет заңнамасы талаптарының бұзылуы бюджет қаражатының нәтижелілігі, негізділігі, тиімділігі, жауапкершілігі, атаулылығы және нысаналы сипаты сияқты Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің бірқатар қағидаттарының сақталмауына әкеп соқты. 050 (2020 жыл), 055 (2017 жыл), 056 (2017 жыл, 2020 жыл) бюджеттік бағдарламалардағы (ББ) түпкілікті нәтиже көрсеткіштері ақшалай түрде көрсетілгендіктен, белгіленген критерийлерге сәйкес келмеген.
Басқарма бюджет заңнамасын бұза отырып, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы салдарынан, 2018 жылғы бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есепте бес бюджеттік бағдарлама (010, 017, 018, 055, 069 ББ) бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштерінің және үш бюджеттік бағдарлама (010, 015, 018 ББ) бойынша түпкілікті нәтиже көрсеткіштерінің, осыған ұқсас 2019 жылғы төрт бюджеттік бағдарлама (010, 017, 018, 069 ББ) бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштерінің және екі бюджеттік бағдарлама (015, 082 ББ) бойынша түпкілікті нәтиже көрсеткіштерінің анық көрсетілмеуіне жол берілді, бұл есептің бұрмалануына және нақты мәліметтерге сәйкес келмеуіне әкелді.
Аудиттелетін кезеңде жасалған шарттарда Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне/уәкілетті органға субсидиялау туралы есепті ай сайын және тоқсан сайын жіберу бөлігінде, 2020 жылғы үлгілік шартта болмауына байланысты Қаржы агенттігінің (Даму Қорының филиалы) міндеттерін орындау тәртібі регламенттелмеген. Алайда Қаржы агенттігінің аталған міндеттемесі БЖК-2025 бағдарламасы шеңберінде субсидиялау қағидаларын «Субсидиялау тетігінде» көзделген.
Сонымен қатар, Басқарма 027, 037 050, 055 және 056 ББ бойынша бюджет қаражатының бөлінген көлемі шеңберінде жасалған шарттарда көзделген міндеттер мен құқықтарды тиісінше орындауды жүргізбейді. Осыған байланысты, 2017 жылы 414 518,2 мың теңге (ББ 050 - 30 279,2 мың теңге, 055 ББ - 37 399,0 мың теңге, 056 ББ - 346 840,0 мың теңге), 2018 жылы 92 255,0 мың теңге (027 ББ - 32 000,0 мың теңге, 050 ББ - 60 255,0 мың теңге), 2019 жылы 997 391,8 мың теңге (027 ББ - 100 000,0 мың теңге, 037 ББ – 450 000,0 мың теңге, 050 ББ - 447 391,8 мың теңге) сомасына бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуына және инвестордың сатып алынған техника мен жабдықтарды мақсатты пайдалануына бақылау және мониторинг жүргізілмеген. Сондай-ақ, Басқарма аумақтық деңгейде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын (АӨК) және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру кезінде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде инвестициялық субсидиялау мониторингі бойынша жұмыс жүргізбейді, мониторинг шарттарын орындау үшін қажетті ақпарат, оның ішінде есептілікті қалыптастыру үшін қажетті ақпарат жоқ, осыған байланысты мониторинг жөніндегі есептер ресми интернет-ресурста орналастырылмаған.
Басқармада екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша кредиттеу, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау алған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің (бұдан әрі – ЖКС) қосымша жұмыс орындарын құруына қатысты анық ақпарат жоқ, бұл Басқарма қызметіндегі елеулі кемшілік болып табылады. Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар Нұр-Сұлтан қаласының шағын және орта кәсіпкерлігінде (бұдан әрі - ШОК) халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту жөніндегі бағдарламалардың міндеті тиісті деңгейде іске асырылмайтынын көрсетеді.
Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілері санының ұлғаюына қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласының ШОК субъектілері шығаратын өнімнің Қазақстан Республикасы бойынша ШОК субъектілері шығаратын өнімнің жалпы көлеміндегі, тиісінше өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі төмендеген.
Жүргізілген аудит шағын және орта кәсіпкерліктің шағын жобаларына тиімсіз қолдау көрсетілгенін куәландырады, бұл ретте кәсіпкерлерді қолдау олардың бизнес бастамаларын кеңейтуге ықпал етер еді және Бағдарламаның нысаналы индикаторларын орындауға оң әсер етер еді (54 731 716,7 мың теңге немесе банктерде 2015-2019 жылдарда қолдау тапқан кредиттің 56,6%-ы 500 000,0 мың теңгеден 4 500 000,0 мың теңгеге дейінгі кредит сомасы бар 37 жобаға сай келеді)
Жекелеген ЖКС әртүрлі бағыттар мен жобалар бойынша бірнеше рет (субсидиялар бойынша – 167 ЖКС, кепілдіктер бойынша – 51 ЖКС) субсидиялар мен кепілдіктерді алушылар болып табылды, ал басқалары үшін ұсынылатын қолдау шаралары қол жетімсіз болып қала берді. Сонымен қатар, Субсидиялау қағидаларын бұза отырып, басқа өңірлерден келген 43 кәсіпкерге 105 жоба бойынша жалпы сомасы 635 860,3 мың теңгеге қаржылық қолдау көрсетілді. Олар МКД ұсынған мәліметтерге сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында жаңа жұмыс орындарын құруға және халықты жұмыспен қамтуды ұлғайтуға қатыспаған. Қаржы агенттігі Субсидиялау қағидаларын және Бағдарламаны бұза отырып, жалпы сомасы 173 388,9 мың теңгеге Бағдарламаның өлшемшарттарына сәйкес келмейтін (қызмет түрлері бағдарлама экономикасының басым секторларына сәйкес келмейді)12 кәсіпкерді 28 жоба бойынша субсидиялауға жол берді. Екінші бағыт шеңберінде субсидиялар беру шарттарын бұза отырып, ірі кәсіпкерлік субъектісіне Банктің кредиті бойынша 90 227,7 мың теңге сомаға сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді («Апрель» ЖШС - 6 342,3 мың теңге, «ТемірТасАстана» индустриялық үй құрылысы комбинаты» ЖШС - 83 885,4 мың теңге). Басқарма Мемлекеттік гранттар беру қағидаларын бұза отырып, «Informatiх» ЖШС, «ADB Company» ЖШС және «Чердак» ЖШС мемлекеттік грант алуға 9 000,0 мың теңге сомасындағы өтінімдерін негізсіз мақұлдаған, бұл ретте аталған субъектілердің қызмет түрлері ЭҚЖЖ кодтарына сәйкес Бағдарламаның белгіленген тізбесіне сәйкес келмейді.
Бюджет заңнамасын бұза отырып, жаңадан құрылған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерді белгілі бір шарттармен қарыз беру арқылы мемлекеттік қолдау үшін көзделген 2018 жылғы 010 ББ-ның 343 868,2 мың теңге сомасындағы қаражат 19 орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұл ретте, 2020 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша, 2019 жылы 500 000,0 мың теңге сомасында бөлінген қаражат ЖКС кредиттеу үшін пайдаланылмаған және Даму Қоры филиалының есептік шотында тұр.
Осыған орай, БЖК - 2020 шеңберінде қаржылық қолдау шараларын алушылардың жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің жалпы санына үлес салмағы өте төмен көрсеткішті көрсетеді және 1%-дан аз, бұл елорда кәсіпкерлерінің кең ауқымы үшін (99%-дан астамы үшін) көрсетілетін шаралардың қолжетімсіздігін және ақпараттық хабарлау, іріктеу және шешім қабылдау кезеңінде жасырын кедергілердің болуы мүмкіндігін куәландырады.
Қаржылық қолдау шараларын қабылдаушылардың үлес салмағының төмендеуіне белгілі бір дәрежеде ірі компаниялардың, мемлекеттің және қаржы институттарының күш-жігерін біріктіру арқылы Нұр-Сұлтан қаласында ШОК-ты дамыту және қолдау бөлігінде мемлекеттің қала құраушы кәсіпорындармен әріптестік бағдарламаларының тетігі іске асырылмағандығы әсер етті.
Осылайша, БЖК-2020 Бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласының шағын және орта кәсіпкерлігін қолдау мәселесін түбегейлі шешпейді, қажетті нәтиже көрсетпей, елорданың тек жекелеген кәсіпкерлік субъектілеріне нақты әсер етеді. Бағдарлама бойынша қолдау шаралары шеңберінде игерілген қаражат көлемінің жыл сайын өсуіне қарамастан, 2015-2019 жылдар кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының ШОК субъектілерінің өнім шығарудағы Бағдарламаға қатысушылардың өнім шығарудағы үлес салмағы 5,3-тен 6,1%-ға дейінгі дәлізде бола отырып, айтарлықтай өзгермеген. Одан басқа, 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,7%-дан 6,1%-ға дейін төмендеген.
Демек, Нұр-Сұлтан қаласының ШОК Бағдарламасына қатысушы субъектілердің «Бизнестің жол картасы-2020» нысаналы индикаторларына қол жеткізуге (1. ЖІӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5%-ға жеткізу. 2. ШОК өнімдерін шығару көлемін 2014 жылғы деңгейден 1,5 есе ұлғайту. 3. Белсенді жұмыс істейтін ШОК субъектілерін 2014 жылғы деңгейден 50%-ға ұлғайту. 4. ШОК-та жұмыспен қамтылғандар санының 2014 жылғы деңгейден 50% - ға артуы), оның ішінде жұмыспен қамтылғандар санының өсуіне қосқан үлесі шамалы, бұл ретте 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында ШОК-та жұмыспен қамтылғандар санының жыл сайынғы өсуі негізінен бағдарлама шеңберінде қолдау шараларын алушылар болып табылмайтын өзге де ШОК субъектілерімен қамтамасыз етілді.
Жалпы мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша 3 650,0 мың теңге сомаға өтелуі тиіс қаржылық бұзушылықтар, жалпы 717 584,3 мың теңге сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 6 084 874,0 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау анықталды, сондай-ақ 195 рәсімдік бұзушылық және мемлекеттік аудит объектілері қызметінде 39 жүйелік кемшіліктер анықталды.
Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін Тексеру комиссиясы аудит объектісіне және мүдделі тұлғаларға тапсырмалар мен ұсынымдарды әзірлеп, жіберді.