Регламент

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша
Тексеру комиссиясы төрағасының
2021 жылғы «10» ақпандағы
№10-НҚ бұйрығымен бекітілген

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы»
мемлекеттік мекемесінің
РЕГЛАМЕНТІ

1. Жалпы ережелер

1. «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің регламенті (бұдан әрі – Регламент) – «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) қызметінің ішкі тәртібін реттейтін құжат.

2. Осы Регламентте реттелмеген мәселелер бойынша шешімді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы №374/47-VI шешіммен бекітілген Тексеру комиссиясы туралы Ережемен (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы туралы ереже) немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген құзыретінің шегінде Тексеру комиссиясының Төрағасы қабылдайды.

Мұндай мәселелерді шешу тәртібін Тексеру комиссиясының төрағасы белгілейді және қажет болған жағдайда Тексеру комиссиясының барлық лауазымды тұлғаларының орындауы міндетті тиісті бұйрықпен қолданысқа енгізіледі.

3. Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітілген «Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне сыйлықақы беру және басқа да төлемдер туралы» Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

4. Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

2. Тексеру комиссиясының жұмысын ұйымдастыру

5. Тексеру комиссиясының жұмысы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы», 2015 жылғы 23 қарашадағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы №67 «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы», 2016 жылғы 11 қаңтардағы №167 «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттарын бекіту туралы» Жарлықтарына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі – Есеп комитеті) 2020 жылғы 30 шілдедегі №6-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар), Тексеру комиссиясы туралы ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Регламентке сәйкес ұйымдастырылады.

6. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Тексеру комиссиясы төрағасының шешімімен Тексеру комиссиясының мүшелеріне аудиторлық, сараптамалық-талдау, ақпараттық және өзге де жұмыстардың тиісті бағыттары бекітіледі.

7. Тексеру комиссиясының Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатына ұсынылатын есебі, аудит нәтижелері, сондай-ақ, Тексеру комиссиясының құзыретіне кіретін өзге де мәселелер оның отырыстарында алқалы түрде қаралады.

8. Ағымдағы қызмет мәселелерін Тексеру комиссиясының төрағасы аппарат басшысымен және бөлім басшыларымен, сондай-ақ қажет болған жағдайда Тексеру комиссиясының мүшелерімен кеңестерде қарайды. Кеңеске шақырылған адамдарды хабардар етуді, оны өткізу материалдарын дайындауды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі Тексеру комиссиясының бөлімдерімен бірлесіп қамтамасыз етеді. Кеңес қорытындысы тиісті хаттамалармен ресімделеді, оларды есепке алуды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жүзеге асырады.

9. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды, аудит нәтижелері бойынша материалдарды және Тексеру комиссиясының қызметі туралы өзге де мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында, Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында орналастыруды, баспасөз конференцияларын, брифингтерді және басқа да көпшілік іс-шараларды өткізуді Тексеру комиссиясының аппарат басшысы ұйымдастырады.

10. Тексеру комиссиясының интернет-ресурсының жұмыс істеуін және толықтырылуын Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі қамтамасыз етеді. Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылатын материалдардың анықтығы мен толықтығын оларды ұсынатын лауазымды тұлғалар қамтамасыз етеді.

11. Тексеру комиссиясы аппаратының жұмыскерлері үшін техникалық оқу өткізуді жоспарлауды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жүзеге асырады. Техникалық оқудың жүргізілуін бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы жүзеге асырады.

12. Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде, «Ревком» АЖ» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – Ревком АЖ) жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының құпиялылық режимін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады.

3. Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі. Өткізу режимі

13. Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі еңбек заңнамасымен және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

14. Тексеру комиссиясында келесі жұмыс тәртібі белгіленеді:

  • жұмыстың басталуы – сағат 30-да;
  • жұмыстың аяқталуы – сағат 00-де;
  • түскі үзіліс – сағат 00-ден 14.30-ға дейін;
  • жұмыс аптасының ұзақтығы – 5 күн (40 сағат).

Қызметкерлерден икемді кестесін қолдану туралы өтініштер түскен жағдайда, бұл мәселені қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастыруға болады.

15. Орындалуы Тексеру комиссиясының жұмысына ықпалын тигізетін шұғыл және алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындау үшін жекелеген қызметкерлер демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылуы мүмкін.
Мұндай жұмыстардың ақысы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтеледі.

16. Қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жұмыста болмауына Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парағы және (немесе) анықтамасы бар болған кезде ғана жол беріледі.

17. Дәлелді себептері болған кезде қызметкерге жұмыс күні ішінде қатарынан үш және одан да көп сағатқа дейін жұмыс орнында болмауына рұқсат етілуі (келісім берілуі) мүмкін. Жұмыста болмауын келісу және дәлелді себептерді тану тиісті қызметкердің өтініші бойынша: Тексеру комиссиясының төрағасы – Тексеру комиссиясының мүшелеріне және аппарат басшысына қатысты, аппарат басшысы – бөлім басшыларына қатысты; бөлім басшылары – қызметкерлерге қатысты жүргізіледі.

18. Қызметкерлердің еңбек тәртібін сақтауын бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы, бөлім басшылары және Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады.

19. Жұмыс уақыты есебінің табелін жүргізу және оны уақытылы бас бухгалтерге беруді Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады.

20. Тексеру комиссиясының ғимаратына кіруді шектеу бойынша техникалық мүмкіндіктер болған жағдайда, Тексеру комиссиясының қызметкерлерін ғимаратқа өткізу электрондық (магниттік) карталар бойынша, келушілерді ғимаратқа өткізу жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады.

4. Іс қағаздарды жүргізу

21. Тексеру комиссиясында іс қағаздарды жүргізу Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітілетін Тексеру комиссиясында іс қағаздардарды жүргізуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.

22. Тексеру комиссиясы Қағидалармен бекітілген құжаттардың нысандарын пайдаланады. Тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құжаттардың өзге де нысандарын пайдалануға құқылы.

23. Тексеру комиссиясының фирмалық бланкісі, қаулылардың, бұйрықтардың, аудиторлық есептің, іссапар куәліктерінің стандарттарға сәйкес жасалған қатаң есептіліктегі бланкілері бар, оларды беру Тексеру комиссиясында іс қағаздарды жүргізуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

24. Фирмалық бланкілерге мыналардың: Тексеру комиссиясының төрағасы және Аппарат басшысы кез-келген нысандағы фирмалық бланкілерге; Тексеру комиссиясының мүшелері Нұсқамаларға, Тапсырмаларға, Хабарламалар мен Талаптарға (сұрауларға) және Қағидаларда көзделген өзге де жағдайларда, Тексеру комиссиясының қызметкерлері Аудиторлық есеп бланкілеріне, Талаптарға қол қою құқығы бар. Фирмалық бланкілерге қол қоюға құқығы бар тұлғалар қол қойылған құжаттар үшін дербес жауапты болады.

25. Тексеру комиссиясының аппарат басшысының тиісті қызметтік жазбалардың негізінде қабылданатын шешімінсіз аудиторлық есептердің көшірмелерін түсіруге тыйым салынады.

26. Тексеру комиссиясына келіп түскен құжаттарды орындауды қайта бағыттау Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөліміне міндетті түрде хабарлай отырып, Тексеру комиссиясы төрағасының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

27. Келіп түскен құжаттарда Тексеру комиссиясының бірнеше мүшесіне немесе бөліміне (қызметкерлеріне) тапсырма берілген жағдайда, оның орындалуы үшін жауапкершілік тапсырмада бірінші болып көрсетілген тұлғаға жүктеледі. Қалған бірлесіп орындаушылар жинақтау жүктелетін бірінші орындаушының тапсырмасы бойынша орындау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі күн бұрын өз ұсыныстарын енгізеді.

28. Жауапты орындаушы бақылау тапсырмасы бойынша түпкілікті жауапты Тексеру комиссиясының төрағасына және Аппарат басшысына құжаттарды орындаудың өзге мерзімдері белгіленген жағдайларды қоспағанда, орындауға жауапты тұлғаның және бірлесіп орындаушылардың бұрыштамаларымен белгіленген мерзімнен бір күн бұрын қарауға ұсынады.

29. Құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылауды және оларды бақылаудан алуды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жүзеге асырады.

30. Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі бақылауда тұрған құжаттың немесе тапсырманың орындалу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі жұмыс күн бұрын электрондық байланыс арқылы жауапты орындаушыларға ескертуді және орындау мерзімі өткен құжаттар тізбесін жібереді.

31. Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі Тексеру комиссиясының аппарат басшысына және төрағасына олардың талабы бойынша Тексеру комиссиясында бақылауда тұрған құжаттардың орындалуы туралы жедел ақпаратты дайындайды.

32. Мемлекеттік органдарға жолданатын барлық шығыс хат-хабар (соның ішінде электрондық құжат нысанында) Тексеру комиссиясының ресми бланкісінде мемлекеттік тілде ресімделеді. Қажет болған жағдайда, шығыс құжатқа орыс тіліндегі тең түпнұсқалық мәтін қоса берілуі мүмкін.

5. Ақпараттық жүйелерді жүргізу

33. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін жоспарлау, жүргізу, ресімдеу, сондай-ақ, Тексеру комиссиясының Аудиторлық қорытындысындағы, Нұсқамаларындағы ұсынымдардың орындалу мониторингі «Ревком» АЖ» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.

34. «Ревком» АЖ-ға деректерді енгізуді Тексеру комиссиясының мүшелері және қызметкерлері «Ревком» АЖ бағдарламалық қамтамасыз етудің техникалық құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.

35. Бағыттар бойынша «Ревком» АЖ-ға деректердің уақтылы және толық енгізілуіне жауапкершілікті Тексеру комиссиясының төрағасы белгілейді.

36. «Ревком» АЖ-ға деректердің енгізілуін бақылауды Аппарат басшысы және Тексеру комиссиясы бөлімдерінің басшылары қамтамасыз етеді.

37. Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорына ақпарат енгізуді Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі қамтамасыз етеді. Бұл ретте, мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорына ақпараттың толық және уақтылы енгізілуін Тексеру комиссиясының аппарат басшысы мен бөлім басшылары қамтамасыз етеді.

38. Тексеру комиссиясының ақпараттық жүйелерін жүргізу ақпараттық қауіпсіздік саясатына және оны регламенттейтін басқа да құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

6. Тексеру комиссиясының жұмысын жоспарлау

39. Тексеру комиссияcы өз қызметін перспективалық және жылдық жұмыс жоспарлары негізінде жүзеге асырады.

40. Перспективалық жоспар Тексеру комиссиясын одан әрі дамытудың орта мерзімді міндеттерін, мақсаттары мен түйінді көрсеткіштерін айқындау мақсатында әзірленеді, оларға қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген міндеттер мен функцияларға, халықаралық стандарттардың талаптарына негізделген.

41. Перспективалық жоспар Тексеру комиссиясы қызметінің бағыттарын (мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, сараптамалық-талдау, құқықтық және басқа да бағыттар) ескере отырып, бес жылға қалыптастырылады. Жоспарды немесе оның жекелеген түйінді көрсеткіштерін орындау үшін жағдайлар өзгерген кезде және Тексеру комиссиясына жаңа міндеттер мен функциялар жүктелгенде перспективалық жоспар жылына бір рет (қажет болған жағдайда) түзетілуі мүмкін.

42. Перспективалық жоспардың және жылдық жұмыс жоспарының жобаларын дайындауды Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі Тексеру комиссиясы мүшелерінің, Аппарат басшысының, құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстарын ескере отырып жүргізеді.

43. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау Тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі (бұдан әрі – Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі) негізінде жүргізіледі.

44. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және бекіту Есеп комитеті бекітетін, мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын Рәсімдік стандарттарға және Тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесіне және Есеп комитеті Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітетін Мемлекеттік аудит органдарының өзара іс-қимыл қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

45. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін Тексеру комиссиясының интернет-ресурсына орналастыруды Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі бекітілген және өзгерістер (толықтырулар) енгізілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде жүзеге асырады.

46. Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесінің орындалуына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді, сондай-ақ, аудиторлық іс-шаралар мен аудит объектілерінің қайталануын болдырмау мақсатында Есеп комитеті мен Уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілері тізбелерінің өзгеруіне ай сайынғы негізде мониторинг жүргізеді.

47. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі Мемлекеттік аудит бөлімімен бірлесіп, нақтыланатын аудиторлық іс-шаралардың аяқталғанын ескере отырып, тоқсан сайын өткізілетін отырыстардың жылдық жоспарын қалыптастырады.

48. Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі тоқсан сайын мемлекеттік аудит объектілері тізбесінің іске асырылуы туралы ақпаратты Тексеру комиссиясының төрағасына және Тексеру комиссиясының аппарат басшысына есепті айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей ұсынады.

49. Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі мемлекеттік аудитті жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімше басшысының қызметтік жазбасының негізінде Тексеру комиссиясы аппараты басшысының келісімі бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесінде көзделген аудиторлық іс-шаралар объектілері бойынша тоқсан сайын аудиторларды бөлу жоспарын одан әрі тоқсан алдындағы айдың 25-іне дейін Тексеру комиссиясының төрағасына бекітуге енгізу үшін қалыптастырады.

Аудиторларды бөлу жоспарында мемлекеттік аудит тобының басшысы бекітіледі.

50. Тексеру комиссиясының қызметі бойынша жылдық жұмыс жоспары перспективалық жоспарды ескере отырып, Тексеру комиссиясы мүшелерінің және құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстары негізінде жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейін бекітіледі.

7. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

51. Мемлекеттік аудитті және қаржы аудитін ұйымдастыру және жүргізу тәртібі, оның нәтижелерін ресімдеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы қағидаларымен және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен регламенттеледі.

52. Аудиторлық іс-шараларды заңнамалық сүйемелдеуді заңгер жүзеге асырады. Заңгер болмаған жағдайда, Аппарат басшысы уәкілеттік берген тұлға жүзеге асырады.

53. Аудиторлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға талондарды уақтылы тіркеуді және ұсынуды Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларға жауапты мүшелері қамтамасыз етеді, аудит топтарының басшылары жүзеге асырады.

8. Сапаны бақылауды және заңнамалық сараптаманы жүргізу тәртібі

54. Сапаны бақылау және заңнамалық сараптама Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік аудиттің және сапаны бақылауды жүзеге асыру бойынша қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартын қолдану жөніндегі қағидаларға және әдіснамалық нұсқаулыққа (бұдан әрі - Әдіснамалық нұсқаулық) сәйкес жүзеге асырылады.

55. Мемлекеттік аудиттің сапасын бақылау нәтижелері бойынша аудиторлық іс-шараларға бағалау жүргізіледі, ол мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтаудың қажетті шарты болып табылады.

56. Аудиторлық іс-шараны бағалауды Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі және Сапаны бақылау бөлімі Әдіснамалық басшылыққа сәйкес жүзеге асырады.

Аудиторлық іс-шараларды бағалауды ұйымдастыруды және оның жүргізілуін бақылауды Аппарат басшысы жүзеге асырады.

9. Тексеру комиссиясының отырыстарын өткізу

57. Тексеру комиссиясының отырыстары тоқсан сайын нақтыланатын аудиторлық іс-шаралардың аяқталуы ескеріле отырып, отырыстардың жылдық кестесіне сәйкес жоспарланады және өткізіледі.

58. Тексеру комиссиясының отырысы оған Тексеру комиссиясы мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқанда заңды болып саналады.

59. Бірлескен аудит жүргізілген жағдайда, отырысқа аудитке қатысқан мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілдері қатысады.

60. Тексеру комиссиясының отырыстары, заңнамада белгіленген жағдайларды қоспағанда, ашық болып табылады және мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жүргізіледі.

61. Аудит қорытындылары бойынша отырыстарды дайындау кезінде Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты мүшесі аудит тобының басшысымен бірлесіп, отырыстарды өткізудің бекітілген кестесіне сәйкес отырыс өткізілгенге дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын Жоспарлау, талдау және есептілік бөліміне тиісті материалдарды (отырысқа шақырылғандардың тізімі, аудит объектілеріне қатысты мәселелер, баяндама, аудиторлық қорытынды, қаулы, нұсқама, жиынтық тізілім жобалары) ұсынады.

Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі Тексеру комиссиясының отырысы өткізілгенге дейін екі жұмыс күннен кешіктірмей тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесінің қолы қойылып, мемлекеттік аудиттің негізгі объектісіне және мүдделі тараптарға Тексеру комиссиясының отырысына дайындалу және шақырылатын адамдардың тізімін қалыптастыру мақсатында танысу үшін оларға қатысты бөлігінде аудиторлық қорытындының, жиынтық тізілімнің, қаулының және нұсқаманың жобаларын жібереді.

Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі Аппарат басшысының және Тексеру комиссиясының жауапты мүшелерінің келісімі бойынша отырыстың күн тәртібін және оны өткізу тәртібін әзірлейді. Тексеру комиссиясының отырыстарын материалдық-техникалық дайындауды және қамтамасыз етуді Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жүзеге асырады.

62. Талқылануы аудит объектісі өкілдерінің қатысуын талап етпейтін мемлекеттік аудит материалдары бойынша отырыстар олардың қатысуынсыз өткізілуі мүмкін.

63. Отырыс барысында құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтитын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдары талқыланатын отырыстар Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі заңнаманың талаптары сақтала отырып өткізіледі.

64. Құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтитын мәселелерді қарастыру кезінде бейне және фотоаппарат жабдығын, ұялы телефондарды және өзге де жазу құрылғыларын пайдалануға жол берілмейді. Жергілікті желілер мен дербес компьютерлер тоқтан ажыратылады, селекторлық байланыс ажыратылады.

65. Тексеру комиссиясының отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы қамтамасыз етеді.

66. Тексеру комиссиясының отырысында мәселелерді қарастыру нәтижелері бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Егер отырысқа қатысушылардың санынан Тексеру комиссиясы мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші тұлғаның дауысы шешуші болып табылады.

67. Отырысқа енгізілген мәселені талқылау кезінде Тексеру комиссиясы мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол жазбаша түрде ресімделеді және отырыс хаттамасына қоса беріледі.

68. Тексеру комиссиясының отырысын өткізу кезінде хаттама жүргізіледі. Оны ресімдеу үшін Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімінің қызметкерлері қатарынан хатшы немесе Аппарат басшысы белгілеген қызметкер тағайындалады. Хаттамада талқыланатын мәселелердің мәні, қатысып отырған адамдардың тізімі, талқылауға енгізілетін мәселелер бойынша баяндамашылар мен сөз сөйлеушілер, отырыста қабылданған шешімдер көрсетіледі. Қажет болған жағдайда, Тексеру комиссиясы отырыстарының аудио және бейнежазбасы жүргізіліп, артынан фонограммалардың толық жазылуы және оларды басып шығару жүргізілуі мүмкін, олар отырыстың хаттамасына қоса тіркеледі (техникалық мүмкіндіктер болған жағдайда). Тексеру комиссиясы отырысының хаттамасы ол өткізілген күннен бастап үш күн мерзімде жасалады.

69. Тексеру комиссиясы отырыстарының хаттамаларына Тексеру комиссиясының отырысқа қатысқан мүшелері бұрыштама қояды және оған отырыста төрағалық етуші тұлға қол қояды.

70. Тексеру комиссиясының аудитке жауапты мүшесі аудиторлық іс-шараның қорытындылары бойынша баспасөз релизін және ақпаратты дайындайды, олар Тексеру комиссиясының отырысы өткізілгеннен кейін Қағидаларда белгіленген мерзімде Тексеру комиссиясы төрағасының келісімі бойынша Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.

10. Тексеру комиссиясының шешімдерін ресімдеу тәртібі

71. Тексеру комиссиясының отырыстарында қабылданған шешімдер тиісті қаулылармен ресімделеді.

72. Әрбір қаулыға, Нұсқамаға және Тексеру комиссиясы отырысының хаттамасына «Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ЭҚАБЖ) тіркей отырып, ағымдағы жылы оның бірінші отырысы өткізілгеннен бастап өтпелі нөмірлеу беріледі. Нұсқаманы ЭҚАБЖ-да тіркеу аудиторлық іс-шараның қорытындылары қарастырлған Тексеру комиссиясы қаулысының нөмірі мен күні ескеріле отырып, қаулы нөміріне дефис арқылы жазылады. Бір аудиторлық іс-шарада бірнеше Нұсқама болған жағдайда, Нұсқамаға нөмір өсу тәртібінде жазылады. Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданған күн аудиторлық іс-шара аяқталған күн болып табылады.

73. Отырыстардың қорытындылары бойынша қабылданған шешімдерді мемлекеттік аудит объектілеріне және мүдделі мемлекеттік органдарға жеткізуді Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларға жауапты мүшелері Қаулыға қол қойылғаннан кейін белгіленген тәртіпте үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

74. Мемлекеттік аудит объектілеріне ұсынымдарды орындау және бұзушылықтарды жою үшін Аудиторлық қорытындыны немесе Аудиторлық қорытындыдан үзінді көшірмені қоса бере отырып, Тексеру комиссиясының Нұсқамалары жолданады. Тексеру комиссиясының Нұсқамалары мен Аудиторлық қорытынды да толық көлемде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне және құқық қорғау органдарына жолдануы мүмкін.

11. Аудит материалдарын тапсыру, қабылдау және сақтау тәртібі

75. Мемлекеттік аудиторлар Аудиторлық есептің (№1 дана), Тізілімнің және аудиторлық есепке басқа да қосымшалардың, мемлекеттік аудит объектілерінің қарсылықтарының (бар болса) түпнұсқаларын, Қағидаларда белгіленген мерзімдерде Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөліміне тізімдемеде құжаттардың атаулары мен парақтар санын көрсете отырып тапсырады, олар аудиторлық іс-шараның қалған материалдарымен толықтырылғанға дейін жинақтаушы папкада қалыптастырылады.

76. Мемлекеттік құпияларды қамтитын аудиторлық іс-шараның материалдары Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.

77. Аудиторлық іс-шаралардың материалдарын жасау және ресімдеу кезінде құжаттар келесі ретпен қалыптастырылуы тиіс:

1) Тексеру комиссиясы Қаулысы;
2) Тексеру комиссиясы Нұсқамасы;
3) Аудиторлық қорытынды,;
4) бұзушылықтар мен кемшіліктердің жиынтық тізілімі;
5) Тексеру комиссиясының отырыс хаттамасы;
6) Тексеру комиссиясы мүшесінің баяндамасы;
7) аудит жоспары;
8) аудит бағдарламасы;
9) аудиторлық тапсырмалар;
10) сараптамалық қорытындылар;
11) жиынтық сараптамалық қорытынды;
12) жиынтық заң қорытындысы;
13) алдын ала зерделеу туралы ақпарат;
14) мемлекеттік аудит тобымен жүргізілген нұсқаулық;
15) аудиторлық есепке қарсылық (болған жағдайда);
16) қарсылықтарды қарау хаттамасы (бар болған жағдайда);
17) тапсырма;
18) аудиторлық есеп қосымшаларымен бірге келесі ретпен:

  • бұзушылықтар мен кемшіліктер тізілімі;
  • түсіндірулер, кестелер, графиктер, бақылау өлшеу актілері және т.б.;
  • бұзушылық фактілерін растайтын құжаттардың көшірмелері;
  • хабарлама, талап;
  • қосымша материалдар;

19) аудиторлық есептің жобасы;
20) үстеме тексерудің аудиторлық есебіне қарсылықтар (бар болған жағдайда);
21) үстеме тексерудің аудиторлық есебіне қарсылықтарды қарастыру хаттамасы (бар болған жағдайда);
22) үстеме тексеру жүргізуге тапсырма (бар болған жағдайда);
23) үстеме тексерудің аудиторлық есебі қосымшаларымен бірге келесі ретпен (бар болған жағдайда):

  • бұзушылықтар мен кемшіліктер тізілімі;
  • түсіндірулер, кестелер, графиктер, бақылау өлшеу актілері және т.б.;
  • бұзушылық фактілерін растайтын құжаттардың көшірмелері;
  • хабарлама, талап;
  • қосымша материалдар;

24) үстеме тексерудің аудиторлық есебінің жобасы (бар болған жағдайда).

Көрсетілген ретпен қалыптастырылған барлық құжаттарды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі тігеді, нөмірлейді.

78. Мемлекеттік аудит материалдарын қалыптастырудың соңғы кезеңі Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит жүргізуге жауапты мүшесінің, мемлекеттік аудит тобының жетекшісінің және/немесе аудит жүргізген қызметкердің, материалдарды сақтауға қабылдаған Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімінің жауапты қызметкерінің аудит материалдарын қабылдау-тапсыру тізімдемесіне қол қоюы болып табылады.

79. Аудит материалдарын сақтауға қабылдауды тіркеу тігілген, нөмірленген және елтаңбалы мөрмен расталған аудит материалдарын есепке алу журналында жүзеге асырылады, онда мыналар:

1) мемлекеттік аудит объектісінің атауы;
2) аудит жүргізуге тапсырманың нөмірі мен күні;
3) мемлекеттік аудитті жүргізуге жауапты Тексеру комиссиясы мүшесінің тегі және аты-жөні;
4) аудит материалдарындағы парақтар саны;
5) мемлекеттік аудит тобы жетекшісінің тегі мен аты-жөні және оның қолы;
6) аудит материалдарын қабылдаған Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімінің жауапты қызметкерінің тегі және аты-жөні көрсетіледі;

80. Аудиторлық іс-шаралар материалдарының уақтылы және толық тапсырылуына Тексеру комиссиясының мүшесі, аудит тобының жетекшісі және/немесе аудиторлық іс-шараға қатысқан мемлекеттік аудиторлар, Мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы және Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жауапты болады. Аудиторлық іс-шаралар материалдарының уақтылы тапсырылуын бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы жүзеге асырады.

81. Мемлекеттік аудит материалдарын қабылдағаннан кейін олардың сақталуына Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімінің жауапты қызметкері жауапты болады. Сақтауға қабылданған мемлекеттік аудит материалдары қол жетімділігі шектеулі, қажетті санитариялық және өртке қарсы нормалар сақталған арнайы бөлінген және бейімделген орынжайда сақталады.

82. Аудит материалдарының түпнұсқаларын беру туралы мәліметтерді Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімінің жауапты қызметкері тігілген, нөмірленген және елтаңбалы мөрмен расталған журналда тіркейді, онда мыналар:

1) алушының тегі және аты-жөні;
2) аудит материалдарын беруге рұқсат берген тұлғаның тегі мен аты-жөні (қажет болған жағдайда – растайтын құжат көрсетіледі);
3) материалдардың түрі;
4) аудиторлық іс-шара материалдарын алған күн;
5) аудиторлық іс-шара материалдарын қайтару күні көрсетіледі.

83. Тексеру комиссиясы қаулыларының және нұсқамаларының түпнұсқаларын сақтауды Тексеру комиссиясында іс қағаздарды жүргізуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жүзеге асырады.

84. Аудиторлық іс-шараның мәліметтерін соған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және өзге де тұлғаларға беру Тексеру комиссиясы төрағасының келісімі бойынша Аппарат басшысының шешімі негізінде жүзеге асырылады.

12. Тексеру комиссиясының Аудиторлық қорытындысында, Нұсқамаларында қамтылған ұсынымдардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру

85. Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі Тексеру комиссиясының аудиторлық қорытындысында қамтылған ұсынымдарды, нұсқамалар тармақтарын бақылауға қоюды жүзеге асырады, қол қойылған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде, оларды орындау мерзімі басталғанға дейін бес жұмыс күні бұрын Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесіне олардың орындалу мерзімі туралы еске салады.

86. Мемлекеттік аудит объектісінің аудиторлық қорытындыда қамтылған ұсынымдарды және Тексеру комиссиясы Нұсқамасының тармақтарының орындалуына мониторинг және талдау Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

87. Қажет болған жағдайда, Аудиторлық қорытындыда қамтылған ұсынымдардың және Нұсқаманың тармақтарының орындалу барысы туралы мәселені талқылау Тексеру комиссиясының отырысына енгізіледі, оны қарастыру қорытындылары бойынша тиісті шешім қабылданады.

13. Сараптамалық-талдау қызметі

88. Тексеру комиссиясы тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 20-сынан кешіктірмей, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы мәслихат және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі үшін жедел ақпарат қалыптастыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне қатысты ағымдағы бағалауды (сараптамалық-талдау қызметін) жүзеге асырады.

89. Ағымдағы бағалауды жүргізу кезінде жедел есептілікті және тиісті мемлекеттік органдар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілері электрондық нысанда, соның ішінде, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқор арқылы беретін ақпаратты өңдеуге және талдауға негізделген талдамалық ақпарат пайдаланылады.

90. Сараптамалық-талдау қызметін Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі және Тексеру комиссиясының мүшелері жетекшілік ететін бағыттар бойынша қамтамасыз етеді.

91. Ағымдағы бағалау нәтижелері тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру кезінде ескеріледі.

14. Тексеру комиссиясының есептерін жасау

92. Тексеру комиссиясы есепті жылдан кейінгі жылдың 20 мамырынан кешіктірмей Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті бюджетінің атқарылуы туралы есепті мәслихаттың қарауына ұсынады.

93. Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті бюджетінің атқарылуы туралы есеп сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартында белгіленген тәртіппен жасалады.

94. Тексеру комиссиясы тоқсан сайын Есеп комитетіне есепті кезеңдегі өз жұмысы туралы ақпаратты ұсынады. Ұсынылатын ақпараттың нысаны мен құрылымы сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартымен регламенттеледі.

95. Тексеру комиссиясы жұмысының қорытындылары туралы есептерді бөлімдер есепті кезеңде жүргізілген аудиторлық, талдау және ұйымдастыру іс-шараларының қорытындылары негізінде дайындайды.

96. Бөлімдердің жұмыс қорытындылары туралы тоқсан сайынғы есептерді бөлімдердің басшылары дайындайды, Тексеру комиссиясының аппарат басшысы бекітеді және есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей Тексеру комиссиясы төрағасының қарауына енгізеді.

97. Бөлім жұмысының жылдық қорытынды есептерін бөлім басшылары дайындайды, Аппарат басшысы келіседі және есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарынан кешіктірмей Тексеру комиссиясы төрағасының қарауына енгізеді.

98. Бөлім жұмысының есептерінің уақытылы ұсынылуын бақылауды Аппарат басшысы қамтамасыз етеді, бөлім жұмысының есептерін есепке алуды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жүзеге асырады.

15. Өтініштерді қарау және азаматтарды қабылдауды жүргізу тәртібі

99. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

100. Азаматтарды қабылдауды Тексеру комиссиясының төрағасы, Тексеру комиссиясының мүшелері, Аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырады.

101. Келушілерді қабылдау кестесі Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында, сондай-ақ келушілерді қабылдайтын тұлғаларды және қабылдау уақытын көрсете отырып, көзге көрінетін қолжетімді жерлерде мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылады.

102. Азаматтарды қабылдауды есепке алуды Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімінің қызметкері өтініш берушінің тегін, атын, әкесінің атын, оның жұмыс орнын, лауазымын, мекенжайын, өтініштің қысқаша мазмұнын, тапсырманы және қарау нәтижелерін көрсете отырып, азаматтарды қабылдауды есепке алу журналында жүргізеді.

103. Азаматтарды қабылдау кезектілік тәртібінде жүргізіледі. Оны сақтау үшін Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттандыру бөлімі жазба жүргізеді. Ұлы Отан соғысына қатысушылар, оларға теңестірілген адамдар, мүгедектер, жүкті әйелдер кезектен тыс қабылданады.

104. Келуші қойған мәселелерді білікті шешуді қамтамасыз ету үшін қабылдауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға олардың қарауына аппарат қызметкерлерін тарта алады немесе олардан қажетті кеңес ала алады.

105. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда оларды қараудың өзге де қағидалары көзделмесе, заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда қабылдау үшін аудармашы тартылады

106. Егер өтініш немесе шағым қабылдау кезінде шешілмейтін болса, онда азаматтар көтерген мәселелер жазбаша түрде жазылады және заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

107. Егер келуші өтініш жасаған мәселені шешу Тексеру комиссиясының құзыретіне кірмейтін болса, онда қабылдауды жүргізуші оған қандай ведомствоға (ұйымға немесе мекемеге) жүгіну керектігін түсіндіреді және мүмкіндігінше оған қажетті көмек көрсетеді.

16. Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрықтарын дайындау тәртібі

108. Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрықтары (бұдан әрі – Бұйрықтар) оларды шешу Тексеру комиссиясы төрағасының жеке-дара өкімдік қызметі шегінде болатын мәселелерді регламенттеу үшін шығарылады.

109. Дайындалған бұйрықтар жобаларының нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі құқықтық қамтамасыз етуге жауапты Аппарат басшысымен, заңгермен, қажет болған жағдайда, Тексеру комиссиясының мүдделі мүшелерімен және бөлімдермен келісіледі, содан кейін мемлекеттік және қажет болған жағдайда, орыс тілдерінде ресми бланкіде Тексеру комиссиясының төрағасына қол қоюға жіберіледі.

110. Бұйрықтардың жобаларын дайындауды Тексеру комиссиясының тиісті бөлімдері жүзеге асырады. Қол қойылғаннан кейін бұйрықтарды тіркеуді Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады. Тексеру комиссиясының мүшелері және бұйрықты орындауға жауапты немесе онда аталған аппарат қызметкерлері бұйрықтың мазмұнымен міндетті түрде таныстырылуы тиіс.

17. Демалыстар беру және қызметтік іссапарларға жіберу тәртібі

111. Тексеру комиссиясының Төрағасын, мүшелерін және аппарат қызметкерлерін қызметтік өкілеттіктерін іске асыру шеңберінде, сондай-ақ, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында, соның ішінде, шетелге іссапарға жіберген жағдайда, қызметтік іссапарға жіберу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Тексеру комиссиясы Төрағасының бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. 

112. Тексеру комиссиясының Төрағасын, Тексеру комиссиясының мүшелерін және аппарат қызметкерлерін іссапарға жіберу туралы бұйрықтардың жобаларын Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) ресімдейді.

113. Іссапарға жіберу туралы бұйрықтарға іссапарға барардан кемінде екі жұмыс күні бұрын қол қойылуы тиіс.

114. Қазақстан Республикасының шегінде, сондай-ақ, шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға жіберілетін Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің шығыстарын өтеу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

115. Демалыс беру Тексеру комиссиясының төрағасы бекіткен кестеге сәйкес, Еңбек кодексіне және Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің демалыс беру туралы өтініштері демалысқа шыққанға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын Төрағаға енгізіледі.

18. Қорытынды ережелер

116. Тексеру комиссиясының төрағасы консультативтік-кеңесші және сараптама комиссияларын (кеңестерін) құруға құқылы, олардың қызметі тиісті ережелермен және бұйрықтармен айқындалады

117. Аппарат бөлімшелері арасында ұйымдастырушылық сипаттағы келіспеушіліктер туындаған жағдайда, оларды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы шешеді.

Результаты согласования
11.02.2021 12:14:13: Бертаев Т. Е. (Отдел административно-правового обеспечения и информатизации) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:14:27: Байсеитова Ш. Т. (Отдел государственного аудита) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:16:25: Токбергенов А. А. (Член Ревизионной комиссии (Токбергенов А.А.)) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:17:24: Кенжин К. Э. (Член Ревизионной комиссии (Кенжин К.Э.)) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:17:51: Бекбосынова Г. О. (Отдел контроля качества) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:25:55: Лебо Е. В. (Член Ревизионной комиссии (Лебо Е. В.)) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:26:32: Молдашев А. Т. (Член Ревизионной комиссии (Молдашев А.Т.)) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:30:36: Каирбеков Е. К. (Отдел административно-правового обеспечения и информатизации) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:33:26: Тапеев Г. С. (Руководитель аппарата) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:40:19: Токушева Н. К. (Служба управления персоналом (кадровая служба)) - - cогласовано без замечаний
11.02.2021 12:53:45: Куанышбаева Т. С. (Отдел планирования, анализа и отчетности) - - cогласовано без замечаний
Результат подписания
11.02.2021 15:57:34 Акпомбаев И. Л.. Подписано