Ағымдағы жылдың 28 тамызында Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, әлеуметтік жарнамаға, сондай-ақ аула клубтарының жұмыс істеуіне бағытталған бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қарастырылды

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, әлеуметтік жарнамаға, сондай-ақ аула клубтарының жұмыс істеуіне бағытталған бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары, жалпы «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ және «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ-де (2018 жылдан бастап аталған басқармалар Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасына біріктірілген) тексерілген кезеңде мемлекеттік ақпараттық саясаттты жүргізу, әлеуметтік жарнама, сондай-ақ аула клубтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету аталған ұйымдардың Ережелерінде қойылған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылғанын көрсетті.

Сонымен бірге, қызметтің аталған барлық үш бағыты бойынша бағалау жүйесі және қызмет тиімділігін, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілуін бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер әзірленбегенін атап өтеміз. Бұл ретте, аталған қызмет түрлерін қаржыландыратын бюджеттік бағдарламалармен де тиімділікті және түпкілікті нәтижелерді қамтитын тиісті көрсеткіштер көзделмеген.

Аталған жағдайлар осы қызмет түрлері бойынша бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді, дегенмен көрсетілген мақсаттарға бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға артуда.

Сондай-ақ аудит көрсеткендей, аталған салаларда қызметті жүзеге асыру шеңберінде көрсеткіштерді жоспарлау кезінде және бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруда бұзушылықтар жіберілген, жоспарланған іс-шаралардың және мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша міндеттемелердің орындалуына тиісті бақылау жүргізілмейді, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану фактілері орын алған.

Жалпы алғанда, аудит нәтижелері бойынша 6 490,1  мың теңге жалпы сомасына Қазақстан Республикасының бюджеттік және басқа да заңнамасын бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 2 987,1 мың теңге қаржылық бұзушылықтар (оның ішінде: 2 970,0 мың теңге – қалпына келтіруге, 17,1 мың теңге – бюджет кірісіне өтеуге жатады), 3 503,0 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ 19 рәсімдік бұзушылық пен кемшілік анықталды.

Сонымен бірге, осы қорытындыны шығару алдында «Астана жастары» КММ басшылығы тарапынан анықталған бұзушылықтар бойынша сомаларды толығымен өтеу және қалпына келтіру шаралары қабылданды (17,1 мың теңге өтелді және 2 970,0 мың теңге қалпына келтірілді).

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясымен қаулы қабылданып, тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.