2019 жылғы 5 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасында және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Тексеру комиссиясының отырысы өткізілді

2019 жылғы 5 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өткізілді.

Тексеру комиссиясының отырысында Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасына және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары шығарылды.

Жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша аудит объектілерімен қаржылық және шаруашылық операцияларды жасау кезінде бюджет, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, дене шынықтыру және спорт саласында және басқа да нормативтік және құқықтық актілерде ауытқулар фактілері, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасында спорт түрлерін саралау қағидаларында коллизиялар мен олқылықтар анықталды.

Бюджет қаражатын толық игергілгеніне қарамастан Мәдениет және спорт басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) 003 «Әр түрлі спорт түрлері бойынша құрама командалардың мүшелерін дайындау және республикалық және халықаралық спорт жарыстарына қатысуы» бюджеттік бағдарламасының түпкілікті көрсеткіштеріне қол жеткізбеген: Барқарма 2017 жылы «2017 жылы жеңіп алынған медальдар санын 2016 жылғы деңгейге қарғанда 5%-ға арттыру» түпкілікті нәтиже көрсеткішіне қол жеткізбеген, қол жеткізбеу 3,5%-ды немесе 244 медальді құрады. Осыған ұқсас Басқарма 2018 жылы «2018 жылы жеңіп алған медальдардың санын 5%-ға арттыру» түпкілікті нәтиже көрсеткішіне қол жеткізбеген, қол жеткізбеу 13,0%-ды немесе 917 медальді құрады.

Бұдан басқа, бюджеттік бағдарламаның тікелей және түпкілікті көрсеткіштері арасындағы өзара байланыстың болмауы, сондай-ақ тікелей көрсеткіштерге қол жеткізу Басқарма өкілеттіктері мен функцияларына сәйкес қызмет нәтижелерін толық көлемде көрсетпейтіні анықталды.

006/017 - Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын балалар мен жеткіншіктерді қамтуды 24,6%-ға дейін (2017 ж.), 24,7%-ға дейін (2018 ж.) ұлғайту бюджеттік бағдарламасының түпкілікті нәтижесіне қол жеткізуді растау, аудит пікірі бойынша, Басқарманың балалар мен жеткіншіктер санын қамтуды дұрыс есептемеуіне орай (техникалық және кәсіптік білім беру контингенті ескерілмеген) мүмкін емес.

032 бюджеттік бағдарламасындағы «Толыққанды жұмыс істеуі үшін ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарды негізгі құралдармен қамтамасыз ету» түпкілікті нәтиже көрсеткіші 2017-2018 жылдары абсолюттік, салыстырмалы немесе пайыздық шамаларда көрсетілмеген, яғни бюджеттік бағдарламаның мақсатына қол жеткізудің өлшенетін көрсеткіші болып табылмайды.

Басқарма және оның 7 ведомстволық бағынысты ұйымдары (№ 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі, № 6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі, № 7 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі, № 9 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі, Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебі, Дәулет спорткомбинаты) ҚР Бюджет Кодексін және басқа да нормативтік құқықтық актілерді бұза отырып, жалпы сомасы 11 544,8 мың теңгеге негізсіз қаражаттың төленуіне жол берген. Бұдан басқа, аудитпен қамтылған ұйымдарда мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың және спорт саласындағы салалық нормативтік құқықтық актілер ережелерінің жекелеген бұзушылықтары анықталды.

Ведомстволық бағынысты үш спорт ұйымдарында (№7 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, №9 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Олимпиада резервін даярлау орталығы) жалпы сомасы 9 183,0 мың теңгеге қаржылық есептілікті бұрмалауға әкеп соққан бухгалтерлік есеп пен есептілікті дұрыс жүргізудің бұзушылықтары анықталды.

Аудит жүргізу кезінде мынадай нормативтік құқықтық актілерде коллизиялар, қайшылықтар, олқылықтар анықталды, олар:

ҚР «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңының нормаларында Заңның 41-бабының 3-тармағы (жаттықтырушыларды аттестаттауды аккредиттелген республикалық спорт федерациялары жүргізеді) Заңның 12-бабының 2-тармағының 12) тармақшасына (жаттықтырушыларды аттестаттау аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерацияларының міндеті болып табылады) және Жаттықтырушыларға және спорт төрешілеріне аттестаттау жүргізу қағидаларының 2-тармағына (жаттықтырушыларды аттестаттауды спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары жүргізеді) сәйкес келмейді.

Спорт түрлерін саралау қағидаларында:

- Саралау қағидаларының 7-тармағы мен ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы №74 бұйрығымен бекітілген Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларының (Қазақстан Республикасының чемпионаттары) 16-тармағы арасында қайшылықтар бар;

- Саралау қағидаларының қандай да бір санаты жоқ жаттықтырушылар, сондай-ақ анықтамасы жоқ жаттықтырушыларға анықтама беретін орган бойынша 2-қосымшасы мен 10-тармағы арасында қайшылықтар бар;

- жекелеген спорт түрлері үшін («Бүркітші» және басқалар) «Материалдық-техникалық базаның болуы» критерийін қолданудың объективтілігі бойынша;

- спорт түрлері бойынша оларды дамыту мақсатында мемлекеттік қаржыландырудың бөліну тәртібін анықтаудың ашықтығы мен теңгерімділігін қамтамасыз ететін критерийлермен толықтыру бойынша (Саралау қағидаларының 1-тармағының 8-тармақшасын толықтыру және кеңейту);

- саралауда өңірлерде (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында) дамып келе жатқан барлық спорт түрлерін қамту бойынша кемшіліктер анықталды.

Аудит 2017 жылы Саралау қағидаларының қабылданғанына қарамастан, 2018-2019 жылдары іс жүзінде Басқармамен спорт түрлерін саралауды есепке ала отырып, бюджет қаражатын бөлу кезінде қолданылмағаны анықталды.

Сонымен қатар, Басқарма спорт түрлерін қаржыландырудың қазіргі тәсілін саралау нәтижелерін, сондай-ақ спорт түрлерінің нәтижелілігін тиісті есепке алмай-ақ анықтайды.

Аудит саралаудың елордада дамытылып жатқан спорттың барлық түрлерін қамтымайтынын атап өтеді. Осылайша, 2017 жылы елордада дамытылып жатқан 110 спорт түрінің 75-і ғана саралаумен қамтылған, бұның негізгі себептері спорт түрлері бойынша аккредиттелген спорт федерацияларының болмауы немесе аккредиттелген спорт федерацияларының саралау рәсімін жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсынбауы болып табылады.

Мәселен, 2015 жылғы 16 маусымдағы аккредиттеу туралы куәлігі бар «Астана қаласы бойынша Грэпплинг федерациясы» ҚБ, 2015 жылғы 25 маусымдағы аккредиттеу туралы куәлігі бар «Астана қаласындағы Қазақстандық авиациялық спорт федерациясы» РҚБ филиалы, 2017 жылғы 2 мамырдағы аккредиттеу туралы куәлігі бар «Астаналық гольф даму федерациясы» ҚБ және т.б. саралау рәсімін жүргізу үшін өңірлік комиссияның қарауына құжаттарды ұсынбаған.

Осылайша, «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға, сондай-ақ Саралау қағидаларының қабылдануына қарамастан, 2018 және 2019 жылдары спортты қаржыландыру негізінен футбол және шайбалы хоккей сияқты спорттық ойын түрлерін дамытуға бағытталған.

Мәселен, футбол мен шайбалы хоккейге бюджеттен 7 497 229,2 мың теңге немесе 2018 және 2019 жылдары елорда спортын дамытуға бөлінген қаржыландырудың жалпы көлемінің 50,6%-ы бөлінді.

Бұдан басқа, аудит қызмет тиімділігін және бәсекеге қабілеттілікті анықтау үшін қажетті спорт түрлері бойынша өңірлер немесе республика деңгейінде мемлекеттік спорт ұйымдары рейтингісінің болмауын анықтаған.

Жалпы мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 20 727,8 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 21 064,9 мың теңгеге квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану, сондай-ақ 77 рәсімдік бұзушылықтар және 31 кемшілік анықталды.

Тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит барысында аудит материалдарын әкімшілік шаралар қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Заңнаманы бұзу саласындағы 3 факті бойынша, Бюджеттік есеп жүргізу, есептілікті жасау және ұсыну ережелерін бұзушықтың 2 фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдады, оларды қарау қорытындылары бойынша 5 лауазымды адам жалпы сомасы 757,5 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тексеру комиссиясы анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды азайту мақсатында аудит объектілеріне қарау және орындау үшін жолданған тапсырмалар мен ұсынымдарды әзірледі.

Нормативтік және құқықтық актілерде белгіленген олқылықтар мен коллизиялар бойынша Тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне хаттар жолдайтын болады.