Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын орындауды іске асыру жөніндегі іс-шараларды бағалау шеңберінде мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы бюджеттік бағдарламалардың, сондай-ақ білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандырудың тиімділігіне мемлекеттік аудитінің қорытындылары туралы

2023 жылғы 10 тамызда Астана қаласының Тексеру комиссиясында «Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын орындауды іске асыру жөніндегі іс-шараларды бағалау шеңберінде мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы бюджеттік бағдарламалардың, сондай-ақ білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандырудың тиімділігіне мемлекеттік аудитінің қорытындылары» бойынша  кезекті отырыс өтті.

Тексеру кезінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының орындалу процесін, сондай-ақ білім беру ұйымдарында оқушылардың тамақтануын реттейтін бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Астана қаласының Білім басқармасы (бұдан әрі – Білім басқармасы) 2021-2022 жылдарға арналған бюджеттік өтінімдерге есептердің дұрыстығын қамтамасыз етпегендіктен немесе бюджеттік жүйенің негізділігі қағидатын сақтамағандықтан жалпы сомасы 6 687 611,9 мың теңгеге білім беру саласындағы шығыстарды тиімсіз жоспарлауға әкеп соққан, оның ішінде 1 387 869,3 мың теңге:

- 034 (015) ББ  шеңберінде 2021 және 2022 жылдарға арналған мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында нормативтік жан басына шаққандағы қаржыландыруды есептеу кезінде 1 239 072,0 мың теңге сомасына оқушы орындарының санын қайталауға жол берген, оның ішінде:

- 034 ББ шеңберінде 2021 жылға заңды тұлға ретінде есептелмейтін №96 «Аяла»  арнайы балабақшасы нысанын ұстауға 60 275,0 мың теңге сомасында бюджет қаражаты жоспарланған;

- 4 бюджеттік бағдарлама бойынша  88 522,3 мың теңге сомасына 45,25 жеке лауазым артық жоспарланған.

Бюджет кодексінде көзделген бюджет қаражатын тиімді пайдалану қағидатын бұза отырып, 040 ББ  шеңберінде №597 Әдістеме есептеулерінде көзделмеген коммуналдық және іссапар шығыстары 130 295,9 мың теңге сомасында жүргізілген, 067 ББ шеңберінде № 50 мектеп-лицейінде ғимарат болмаған кезде күрделі жөндеуге 49 195,7 мың теңге сомасында қаражат бөлінген.

Бюджеттік кодексті бұза отырып, Білім басқармасы азаматтық-құқықтық мәміле шарттарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) жеткізу арқылы 2022 жылғы мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің дебиторлық берешегінің сомасын өтеу не  тиісті бюджеттің кірісіне қайтару жөнінде жалпы сомасы 180 646,5 мың теңгеге шаралар қабылдамады.

Мемлекет педагогтердің мәртебесін көтеру бойынша қолға алынып жатқан  шараларға қарамастан, бюджеттік  және өзге де заңнамалардың бірқатар қайталанатын жүйелі бұзушылықтары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметінде кемшіліктер орын алады.

Мысалы, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорын бекіту кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасы нормаларының талаптары сақталмайды, сол арқылы Білім басқармасы жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз штат кестесінде мемлекеттік кәсіпорындардың басшы құрамы мен бас бухгалтерлерінің лауазымдық жалақыларын негізсіз бекіткен.

Білім беру ұйымдарымен мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу кезінде оқушылардың (контингенттің) нақты саны және қаржыландыру көлемін айқындаған жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі көрсетілмейді, бұл білім беру тапсырысын орналастыру нормаларының талаптарына қайшы келеді.

Білім басқармасы орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға тиісті бақылауды жүзеге асырмайды, бұл қызметтердің тиісінше көрсетілмеуіне әкеп соққан, атап айтқанда, тамақтандырудың сапасына және көрсетілген қызметтер үшін негізсіз төлемдерге әсер еткен.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтерді алушылар (мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілерінің ата-аналары мен заңды өкілдері) арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама респонденттердің жалпы балабақшаларда тамақтандыруды ұйымдастыруға қанағаттанғанын көрсетті. Алайда, аудит респонденттердің тамақтану сапасына қанағаттанбайтындығын, атап айтқанда, санитарлық нормалардың сақталуына және тамақ бөлігінің грамммен мөлшерленгенде дұрыс шығатынына күмәнданатынын көрсетеді.

Нормативтік құжаттарды талдау нәтижелері № 615 Санитарлық қағидалардың 7-Қосымшасында және № ДСМ-59 Санитарлық қағидаларында көрсетілген граммдағы бөліктер № 320 Әлеуметтік көмек қағидаларының 3-Қосымшасында көзделген балалардың тамақтану нормаларына қайшы келетінін  анықтады.

Білім беру ұйымдарының педагогтері мен мамандарының жалақысы мен қосымша ақысын есептеу бойынша бұзушылықтарға жүйелі негізде жол берілген, лауазымдарды қоса атқару кезінде нормативтен тыс педагогикалық жүктемелер, сыйақыларды есептеу және төлеу тәртібі негізсіз белгіленген.

№21 ОМ директордың орынбасары ставкасы лауазымын қоса атқарғаны үшін педагогтерге, бухгалтер ставкасын қоса атқарғаны үшін бас бухгалтерге, сондай-ақ мектеп директорына  оқу жүктемесінің нормаларын жалпы сомасы 4 052,3 мың теңгеге асырғаны үшін қосымша ақы заңсыз есептелген  және төленген.

№ 88 бөбекжай-бақшасында меңгерушінің лауазымдарын қоса атқарғаны үшін 618,4 мың теңге сомасында негізсіз қосымша ақы төленген, № 29 бөбекжай-балабақшасының бухгалтеріне лауазымдарды қоса атқарғаны үшін 211,5 мың теңге сомасында  жалақы артық төленген, № 29 бөбекжай-балабақшасының музыкалық басшысына, жоғары санатты педагог ретінде жалақыны есептеуге байланысты оны растау болмаған жағдайда 137,7 мың теңге сомасында жалақы артық төленген.

№ 36  балабақша қызметкерлеріне Тәуелсіздік күніне және жаңа жылды мерекелерге 3 270,0 мың теңге сомасында үнемдеу есебінен кредиторлық берешек болған кезде ақшалай сыйақылар негізсіз төленген.  №29 бөбекжай қызметкерлеріне (меңгеруші, әдіскер, бухгалтер) мереке күндері  Білім басқармасының бұйрықтарында көзделген 1 200,9 мың теңге сомасына  2 лауазымдық жалақыдан асатын сыйақылар төленген, сол сияқты №21 ОМ директорына 123,6 мың теңге сомасында сыйлықақы төленген . №81 гимназияның 3 қызметкеріне өтелмеген тәртіптік жаза болған жағдайда 690,0 мың теңге сомасында сыйлықақы негізсіз төленген.

Бейінді емес білімі бар қызметкерлерді негізгі жұмысқа қабылдау, бекітілген Біліктілік талаптарына сай келмейтін қызметкерлерді лауазымға тағайындау фактілеріне жол берілген. Мысалы, № 21 ОМ бұйрығымен мектеп директорының ақпараттандыру жөніндегі орынбасарының жұмыс өтілі жоқ информатика педагогына міндеттері жүктелген.

2021 жылы білім беру ұйымдарын қандай да бір пәндік кабинетпен қамтамасыз ету бойынша есепке алудың болмауы материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі қызметтің елеулі кемшілігі болып табылады, ол ұсынылатын мәліметтердің объективтілігіне, сондай-ақ тиісті кабинеттермен жасақталуына әкеп соғуы мүмкін. Бұл ретте, Басқарма орта білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттерді жоспарлау кезінде мектеп бағыттарының басымдығын қарастырмайды, бұл оқытудың тереңдетілген нысаны бар білім алушылар үшін заманауи білім беру ортасын уақтылы қамтамасыз етудегі кемшіліктерді көрсетеді.

Білім басқармасы 2021-2022 жылдар кезеңінде Қаланы дамыту жоспарының жекелеген нысаналы индикаторлары мен жоспарлы көрсеткіштерін және  2021-2025 жылдарға арналған аумақты дамытудың жоспарын (бұдан әрі – АДЖ ) мемлекеттік жоспарлау жүйесі (ұлттық жоба, білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - ҒБДМБ) құжаттарының көрсеткіштеріне сәйкес келтірмеген, сол арқылы жоғары тұрған бағдарламалық құжаттарды төмен тұрған бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне түсіру жүргізілмеген. Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелерін өлшеу үшін нақты көрсеткіштердің болмауы ұлттық жобаның көрсеткіштеріне қол жеткізбеу қаупін тудырады.

2021-2025 жылдарға арналған АДЖ  «PISA халықаралық зерттеуіндегі 15 жастағы қазақстандық оқушылардың нәтижелері (баллмен есептеледі) - 2021 жылы: математика – 470, жаратылыстану – 465, оқу – 440»  және «Балалардың әл – ауқат индексі (0-ден 1 баллға дейін шкала бойынша) - 2022 жылы 0,70 балл» көзделген ҒБДЖ екі нысаналы индикаторының ұсталмағаны туралы атап өтілді, Сондай-ақ,  2022 жылға арналған  Қаланы дамыту жоспарында ұлттық жобада көзделген «Күндізгі мемлекеттік мектептердің жалпы санынан апатты және үш ауысымды мектептердің үлесі» нысаналы индикаторы қамтылмаған, нәтижесінде Білім басқармасы бұл индикаторға қол жеткізген жоқ.

Білім беру ұйымдарының қаржылық есептілігінің деректерін бұрмалау фактілері орын алады, жекелеген объектілерде тиісті деңгейде бухгалтерлік есеп жүргізілмейді.

№21 ОМ-де 5,9 млн.теңге сомаға дебиторлық берешек көрсетілмеген, бұл 2021-2022 жылдардағы қаржылық есептіліктің бұрмалануына әкелген. №6 гимназияның бухгалтерлік есебінде мектеп автобусын ұстау бойынша қайырымдылық көмек түсуінен түскен кірістер мен шығыстар көрсетілмеген. «Қорлар»  шоттарындағы негізгі құралдарды (бактерицидтік шамдарды) қате тану есебінен 2021 жылға 63,5 мың теңге сомасында, 2022 жылға 131,7 мың теңге тозу сомасына қаржылық есептіліктің бұрмалануына жол берілген, бұл ретте 2022 жылға арналған қаржылық есептілік тапсырылмады.

Мемлекеттік мүлік туралы заңды бұза отырып, №21 ОМ, № 81 гимназия және № 50 мектеп - лицей балансында  жер учаскелері бекітілмеген, нәтижесінде бухгалтерлік баланстарда қаржылық есептіліктің бұрмалануына әкеп соққан негізгі құралдардың құны төмендетілген.

Анықталған  қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы  286 484,0 мың теңгені құрады, оның ішінде: 90 234,6 мың теңге сомасына бюджет кірісіне өтелуге жататын (аудит барысында  -47 650,1 мың теңге өтелді), 196 249,4 мың теңге сомасына қалпына келтірілді (аудит барысында– 51 901,1 мың теңге қалпына  келтірілді). Аудиторлық іс шаралардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 6 799 175,7 мың теңгеге  бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау,  272 149,7 мың теңгеге  тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының  фактілері,  сондай-ақ 130 рәсімдік және 30 жүйелік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.

Аудит нәтижелері бойынша Тексеру комиссиясы тиісті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 8 ұйым бойынша 13 факті материалдары жолданды, осы ұйымдардың қызметкерлері айыппұл төлей отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аудит қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы аудиторлық іс-шара барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін аудит объектілеріне тапсырмалар мен ұсынымдар жіберді.