Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бөлінген жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары

2022 жылғы 31 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыста «Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты басқармасы» ММ (бұдан әрі – Басқарма) және «Астана жастары» КММ (бұдан әрі – Мекеме) жүргізген мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бөлінген жергілікті бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары талқыланды.

Жалпы алғанда, Басқарма және оның ведомстволық бағынысты мекемесі олардың құрылтай құжаттарында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес қызметті жүзеге асырады. Сонымен қатар, аудит  қызметті  жоспарлау және іске асыру кезінде елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктердің, сондай-ақ осы саланы реттейтін заңнаманың қайшылықтары мен кемшіліктерінің бар екенін көрсетті.

  Басқарма ішкі құжаттарды әзірлеу кезінде заңнама талаптарын сақтамайды, жоспарлау құжаттары сапасыз әзірленеді, Басқарма мен Мекеменің ережелерінде, олардың құрылымдық бөлімшелерінде жекелеген кемшіліктері бар, жұмыс жоспарын орындау жөнінідегі есептер жоқ.

Бюджет қаражатын тиісті есептеулерсіз және растайтын құжаттарсыз жоспарлау, сондай-ақ жастар саясаты саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджет қаражатын дұрыс жоспарламау және пайдалану салдарынан 590 237,8 мың теңге сомасына бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға алып келген.

Сонымен бірге, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің едәуір бөлігінің пайдаланылуы  тиісті бақылау болмағандықтан  (251 028,6 мың теңге) тиімсіз пайдаланылған. Аудит барысында жекелеген жағдайларда қойылған іс-шаралардың мақсаттарына қол жеткізбегені, сондай-ақ құрылған активтер жұмыс істемейтіні немесе  одан әрі қызметте пайдаланылмайтыны анықталды.

Аудит объектілерінде тиісті бухгалтерлік есеп қамтамасыз етілмеген, бұл өз кезегінде қаржылық есептіліктің бұрмалануына алып келді, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуына тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді және оларды тиімсіз пайдалану себептерінің бірі болып табылады.

Бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуына тиісті бақылаудың болмауы негізсіз шығыстарға  (22 880,5 мың теңге), жетіспеушіліктерге (2 651,0 мың теңге) және артық активтерге (706,0 мың теңге) алып келді.

Сонымен қатар, Басқарма мен Мекеме өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың, еңбек және салық заңнамаларының бұзушылықтарына жол берген.

Аула клубтарының қызметін қаржыландыру мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылатындықтан, олар бойынша мемлекеттік сатып алуды заңнамада көзделген тәртіппен қоғамдық бірлестіктер арасында Басқарма жүргізуі тиіс, ал іс жүзінде мекемеде жалпы негізде жүргізіледі.

Аула клубтарының қызметін ұйымдастыруды жүзеге асыру Басқарманың Ережесіне және Мекеменің Жарғысына сәйкес келмейді, өйткені аула клубтарының тәрбиеленушілері негізінен 14 жасқа дейінгі балалар болып табылады, ал көрсетілген құжаттарда жастармен жұмыс көзделген. Тиісінше, олар іс жүзінде балалар аула клубтары болып табылады, олардың қызметі балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы мүдделерді дамытуға бағытталған, балаларға қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу-тәрбие ұйымдары болып табылатындықтан қосымша білім беру ұйымдары шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан заңды тұлғалардың тиісті құқықтық мәртебесіне ие болуы керек. Осыған байланысты, олардың қызметкерлерін тиісті қызметтерді сатып алу конкурстарында жеңіске жеткен әртүрлі ұйымдар жұмысқа мерзімді түрде қабылдайды.

Көптеген аула клубтары жарамсыз үй-жайларда, атап айтқанда: өрт қауіпсіздігіне, санитарлық нормаларға, бейнебақылау жүйелерінің болуы бөлігінде объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін жертөлелер мен жертөле қабаттарында орналасқан. Олардағы көптеген бөлмелер мен жабдықтар едәуір тозған, жөндеуді қажет етеді және жаттығу сабақтарының ыңғайлы деңгейін қамтамасыз етпейді.

Мекеме жетекшілік ететін балалар аула клубтарының тәрбиеленушілері болып табылатын қала тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама осы клубтардың әлеуметтік маңыздылығын көрсетті, тұрғындар арасында осындай клубтардың қызметіне қажеттіліктің бар екенін және тұтастай алғанда олардың қызметінің нәтижелері бойынша оң пікірлер білдірілді.

Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 37 257,8 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қалпына келтіруге тиіс 14 377,3 мың теңге (аудит барысында 10 444,3 мың теңге қалпына келтірілді) және өтеуге тиіс 22 880,5 мың теңге (толығымен өтелді), жалпы сомасы 590 237,8 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 251 028,6 мың теңгеге  бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану, 11 жүйелік және 54 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға 9 факт бойынша материалдар жолданды, Тексеру комиссиясының  1 факт бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі  шаралары  қабылданды.

Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында Тексеру комиссиясы  әзірлеген тапсырмалар мен ұсынымдар жолданды.