«Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары

2021 жылғы 23 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыста Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында (бұдан әрі – Кәсіпорын) мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары талқыланды.

Кәсіпорын елорда халқын сумен жабдықтау және су құбыры қызметтерімен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектісі болып табылады.

Жүргізілген аудит қорытындылары бойынша Кәсіпорынның
2020 жылға дейін тұрақты шығыны болғаны атап өтілді, мысалы,
2018 жылы – 4 313 158,6 мың теңге, 2019 жылы - 5 623 417,8 мың теңге болған, олардың себебі жалпы шығындардың үлесінде негізгі құралдардың 41,5% тозуы болып саналады. Амортизациялық аударымдардың өсуі жаңа құрылыстардың салынуы, сумен жабдықтау және су құбыры (кәріз) желілерін, Кәсіпорын балансына берілетін жабдықтарды қабылдауға байланысты шығандар болды.

Кәсіпорынның 2020 жылғы есеп деректері бойынша 15 133,6 мың теңге мөлшерінде пайда тауып, 1 363,4 мың теңге сомасында дивидендтер төлеген.

Пайдаланудың нормативтік мерзімдері өткен (30 жылдан асқан) су құбыры желілерінің жыл сайын өсуі байқалады, олардың жалпы ұзындығы 2020 жылы 406 км-ді құрады, осындай ескірген жағдайдағы кәріз желілері 235 км-ді құрады, су құбыры мен кәріздің неғұрлым зақымдалған желілерін жаңарту Кәсіпорын күшімен, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау (су құбыры) желілерінің
23 734 метрі және өздігінен ағатын 14 000 метр кәріз желілерінің  астамы жаңартылды.

2018-2020 жылдарға жүргізілген талдау қаланы сумен қамтамасыз ету қажеттіліктеріне су беру көлемінің өсуіне қарамастан, елорда тұрғындарына ауыз су берілуінің төмендегенін, су ысырабының артқанын көрсетті.

Кәсіпорын тарифтік сметаны қалыптастыру кезінде Су құбырларын бөлек есепке алу әдістемесін және Есептеме саясатын жүргізуді басшылыққа алады, ол Қазақстан Республикасы «Табиғи монополиялар туралы»
2018 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған жаңа Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне, сондай-ақ басқа кіші заңнамалық актілердің қабылдануына байланысты жаңартылмаған.

Кәсіпорынның басқару органы – «Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ даму жоспарының орындалуын бақылауды және даму жоспарының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын талдауды тиісті түрде жүзеге асырмаған, аудит кезеңінде даму жоспарының орындалуы туралы есептерде еңбекақы төлеу шығындары асыра бекітілген.

Кәсіпорын әкімшілік шығыстар нормалары бойынша артық шығындарға жол берген, осылай Кәсіпорын жалпы сомасы 16 213,3 мың теңге қаражатын тиімсіз пайдаланған.

Кәсіпорын бөгде ұйымдарды тарта отырып, Кәсіпорынның 5 жылдық кезеңге арналған Даму стратегиясы мен ұзақ мерзімді перспективалық даму жоспары болып табылатын «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК-ның
2018-2023 жылдарға арналған даму бағдарламасын әзірлеген, ол ұзақ мерзімді келешекке бағытталмаған және даму жоспарын іске асыру мерзімдеріне сәйкес келеді. Сонымен қатар, Кәсіпорын Даму стратегиясын әзірлеу кезінде осындай ұқсас қызметтердің бағаларына тиісті талдау жүргізбеген.

Даму стратегиясын негізгі көрсеткіштерінің іске асырылуына жүргізілген мониторинг әрбір жылдың қорытындылары бойынша жүргізілмейді. Іріктеу әдісімен жүргізілген 7 көрсеткішті бағалау кезінде
1 көрсеткішке қана қол жеткізілген, 2 көрсеткіш бойынша ішінара орындалған, 2 көрсеткішке қол жеткізілмегенін көрсетті, 2 көрсеткіш бойынша бағалауды жүзеге асыру мүмкін болмады.

Тексеру комиссиясының аудит материалдары бойынша ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңын бұзылуына жол берілген, ол уәкілетті органның (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департаментінің) су құбырлары  бойынша өтемдік тарифтерді енгізілуіне алып келуі мүмкін.

Кәсіпорын қызметінің мемлекеттік аудиті барысында, сондай-ақ ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістерді уақытында енгізбеу, шарттар талаптарын орындау кезіндегі бұзушылықтар мен кемшіліктер, Мемлекеттік сатып алу туралы, Бухгалтерлік есеп туралы заңдылықтарын бұзу фактілері, сапасыз орындалған және орындалмаған жұмыс көлемі және т.б бұзушылықтар анықталды. Кәсіпорынның сыртқы ұйымдарға қызмет көрсетуі кезінде келтірілген шығындарды өтеуді толық қамтамасыз етпеу фактілері орын алды.

Жалпы аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 4 036 282,6 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды, оның ішінде қалпына келтіруге тиіс 1 705 654,7 мың теңге (отырыс өткізілгенге дейін
1 705 654,7 мың теңге қалпына келтірілді),
өтеуге тиіс 2 330 627,9 мың теңге (отырыс өткізілгенге дейін өтелді 21 399,0 мың теңге), тиімсіз жоспарлау сомасы 699 810,9 мың теңгені, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану сомасы 4 284 861,1 мың теңгені құрады, 118 рәсімдік және 33 жүйелік бұзушылық анықталды, Кәсіпорынның экономикалық шығын сомасы
133 663,8 мың теңгені құрады.

16 бірлік Әкімшілік құқық бұзушылықтың 7 фактісі бойынша бюджетке 452,2 мың теңге көлемінде сома қайтарылды, 9 материал уәкілетті органдарда қаралуда.

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданды, Кәсіпорынға және мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.