Жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит қорытындылары

2021 жылғы 13 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырыста жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит нәтижелері талқыланды, оның қорытындысы бойынша 2020 жылға арналған Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептерде елеулі және  жалпы қамтитын бұрмалаушылықтар мен айқындалмаған мән–жайлардың фактілері атап өтілді. Белгіленген мән–жайлардың маңыздылығы салдарынан  пікір білдіру үшін негізді болып табылатын жеткілікті аудиторлық дәлелдемелерді алу мүмкін болмады және тиісінше жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің (бұдан әрі - ЖБ ШҚЕ) дұрыстығы туралы пікір білдіруден бас тартылды.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілікке сәйкес 2020 жылы активтер 70 252 891,4 мың теңгеге (немесе 2,9% - ға) азайып, жыл қорытындысы бойынша 2 362 490 926,7 мың теңгені құрады, оның ішінде қысқа мерзімді активтер – 137 686 882,4 мың теңге және ұзақ мерзімді активтер – 2 224 804 044,3 мың теңге болып анықталды.

Сонымен қатар, 2020 жылы таза активтердің/капиталдың үлесі 89,0% - дан 83,6%-ға дейін азайды және олардың мөлшері 2020 жылдың қорытындылары бойынша 191 241 857,6 мың теңгеге (немесе 8,8% - ға) азайып, 1 974 429 684,9 мың теңгені құрады.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілік міндеттемелерінің жалпы көлемі 2020 жылы 120 988 966,2 мың теңгеге (немесе 45,3% – ға) өсті және жыл қорытындысы бойынша 388 061 241,8 мың теңгені құрады, оның ішінде қысқа мерзімді міндеттемелер – 126 413 530,8 мың теңге және ұзақ мерзімді міндеттемелер-261 647 711,0 мың теңге болып есептелді.

2020 жылға арналған Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті қалыптастыру өз кезегінде ведомстволық бағынысты 126 мемлекеттік мекеменің қаржылық есептілігін шоғырландыру жергілікті бюджеттік бағдарламаларының
30 әкімшісінің (бұдан әрі – ЖББӘ) қаржылық есептілігін топтастыру  арқылы жүзеге асырылады.

Аудит барысында ЖБ ШҚЕ топтастыру деңгейінде жүргізілген рәсімдер есептілікті шоғырландыру кезінде 30 ЖББӘ-нің 7-інде елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктердің  орын алғанын  көрсетті, олар шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау кезінде қолданыстағы заңнаманы бұзып,  бухгалтерлік есеп деректерімен сәйкес келмеу, бастапқы бухгалтерлік құжаттармен  расталмау және активтердің жалпы сомасы
541 735 512,6 мың теңгеге дұрыс жіктелмеу фактілеріне жол берген. Нәтижесінде аудит жалпы сомасы 2 113 162 831,9 мың теңгеге немесе оның жалпы шамасынан 89,45% - ға ЖБ ШҚЕ-дағы баланстық валютасының дұрыстығын растамады.

 Қарсы тексерулер бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жасау кезінде айтарлықтай бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтады:

- Көлік басқармасы жалпы сомасы 391 924 916,3 мың теңгеге бухгалтерлік есеп бойынша операцияларды дұрыс көрсетпеген , оның ішінде 21 377 314,1 мың теңгеге қаржылық есептілікті бұрмалауға алып келген (оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 206 631 642,1 мың теңге);

- Энергетика басқармасы жалпы сомасы 734 797 082,7 мың теңгеге бухгалтерлік есеп бойынша операцияларды дұрыс көрсетпеген, 124 182 286,9 мың теңгеге қаржылық есептілік бұрмаланған (оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 125 383 576,8 мың теңге);

- Активтер басқармасы жалпы сомасы 400 917 017,6 мың теңгеге бухгалтерлік есеп бойынша операцияларды дұрыс көрсетпеген , 510,4 мың теңгеге қаржылық есептілік бұрмаланған (оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 199 335 282,6 мың теңге);

- Дене шынықтыру және спорт басқармасы жалпы сомасы 24 081 209,2 мың теңгеге бухгалтерлік есеп бойынша операцияларды дұрыс көрсетпеді, 2 476 918,7 мың теңгеге қаржылық есептілік бұрмаланды (оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 2 157 137,1 мың теңге).

Жалпы аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 075 243 151,2 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 84 рәсімдік және 14 жүйелі бұзушылықтар анықталды. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жергілікті бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің 7-і лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.