Коммуналдық мүлікті, сондай-ақ, «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары

Ағымдағы жылы 11 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Тексеру комиссиясының отырысында коммуналдық мүлікті, сондай-ақ, «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның (бұдан әрі – «Аstana» ӘКК») активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қарастырылды.

Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша аудит объектілері бюджет, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, еңбек заңнамасы саласында қаржылық және шаруашылық операцияларды жасаған кезде ауытқу фактілері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасының ережелерін және басқа да нормативтік және құқықтық актілерді сақтамау фактілері анықталды.

Аудит, жалпы алғанда, елорданың квазимемлекеттік секторы субъектілерінің қаржылық қызметі теріс көрсеткіштерге байланысты екенін атап көрсетті. Осылайша, 2016 жылы (–) 21 324 387,0 мың теңге (пайда 2 804,4 мың теңге), 2017 жылы (–) 20 933 509,0 мың теңге (пайда 2 630,6 мың теңге), 2018 жылы (–) 24 160 866,5 мың теңге (пайда 5 081,2 мың теңге) мөлшерінде залал келтірілген.

Жүргізілген аудит квазимемлекеттік сектор субъектілері ұсынатын мәліметтер бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан тиісті талдаудың болмағандығын куәландырады, бұл коммуналдық заңды тұлғалар үшін көзделген қаржы-шаруашылық қызмет және өзге де көрсеткіштер туралы объективті және нақты ақпараттың болмауына әкеп соқты.

Жыл сайын елорданың көптеген коммуналдық заңды тұлғалары даму жоспарлары мен олардың орындалуы жөніндегі есептерді ұсынбайды, осылайша, 2017 жылы - 210 ұйымның 20-сы, 2018 жылы – 212 ұйымның 21-і, 2019 жылы – 203 ұйымның 35-і даму жоспарларын ұсынбаған, бұл есептердің болмағанын және (немесе) олардың формальды түрде жасалғанын көрсетеді, сондай-ақ, уәкілетті басқару органдары тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінің салдары болып табылады.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан коммуналдық заңды тұлғалардың дивидендтерді аударуы бойынша шешімдер қабылдауға, сондай- ақ, олардың орындалуына тиісті бақылаудың болмауы байқалады, бұл жергілікті бюджетке қаражаттың түсуіне теріс әсер етеді.

Жекешелендірілуі тиіс көптеген объектілерді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Аstana» ӘКК» АҚ-ға береді, бұл ретте «Аstana» ӘКК» АҚ-ның төленген дивидендтерінің мөлшері Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, заңды тұлғалардың активтері мен жарғылық капиталындағы үлестерін сатудан түскен кірістермен салыстырғанда өлшеусіз түрде аз.

Осыған байланысты, Тексеру комиссиясының бағалауы бойынша елорда әкімдігінің заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы активтер мен үлестерін дербес сатуы жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берер еді.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде коммуналдық заңды тұлғаларды дамыту жөніндегі нақты, бірыңғай, ұзақ мерзімді жоспарлардың жоқтығы байқалады, мұны Жекешелендіру объектілері тізбесінің бірнеше рет өзгеруі, елорданың жергілікті атқарушы органдарының коммуналдық заңды тұлғаларды басқару жөніндегі, соның ішінде 22 кәсіпорынды «Аstana» ӘКК» АҚ-ның қарамағына беру кезіндегі шешімдерін дайындау сапасының деңгейге сәйкес келмеуі куәландырады («Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жарғылық капиталының мөлшерін ұлғайту туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 6 қарашадағы №501-1806 қаулысы).

Нәтижесінде әкімдіктің коммуналдық заңды тұлғаларды «Аstana» ӘКК» АҚ-ның қарамағына беру туралы шешімі бірнеше рет өзгерді және осы уақытқа дейін тұтас орындалмаған. Бұл ретте, Астана әкімдігі «Аstana» ӘКК» АҚ-ға проблемалық (шығынды), сондай-ақ, пайдалы кәсіпорындарды да берген, сондай-ақ, берілген активтердің бірде-біреуі бойынша оларды сауықтыру (оңалту) жоспарлары жоқ, бұл ӘКК-ге кейіннен оңалту (сауықтыру), қайта құрылымдау және олардың негізінде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамыту үшін қызметі коммерциялық бағдарланған сипатта болатын барлық мемлекеттік активтер кезең-кезеңімен берілетін болады деп көздейтін Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасына сәйкес келмейді (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазандағы № 1382 қаулысымен бекітілген). Бұл ретте, ӘКК-ге сауықтыру және қаржыландыру жоспарлары (бағдарламалары) бар проблемалық активтер ғана беріледі.

Аудит көптеген көрсеткіштерге қол жеткізбеуіне байланысты «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ӘКК-нің Дамыту тұжырымдамасында және «Аstana» ӘКК» АҚ-ның Даму стратегиясында көзделген қызметтің басым бағыттарын іске асырудың тиімсіздігін атап көрсетті.

Осылайша, «Аstana» ӘКК» АҚ қызметінің мақсаттары мен бағыттарына сәйкес қызметтің негізгі көрсеткіштеріне (бұдан әрі – ҚНК) қол жеткізуге жүргізілген талдау жоспарланған 17 түйінді көрсеткіштердің ішінен келесі көрсеткіштерге қол жеткізілдегін көрсетті:

2014 жылы 5 көрсеткіш немесе 29,4%;

2015 жылы 4 көрсеткіш немесе 23,5%;

2016 жылы 5 көрсеткіш немесе 29,4%;

2017 жылы 7 көрсеткіш немесе 41,2%;

2018 жылы 10 көрсеткіш немесе 58,8%.

Аталған фактілер «Аstana» ӘКК» АҚ-ның, оның атқарушы органы мен басқару органы қызметінің тиімсіздігін, сондай-ақ, жалғыз акционер – елорда әкімдігі тарапынан негізгі стратегиялық құжат ретінде Даму стратегиясының орындалуы бойынша тиісті мониторинг пен бақылаудың болмағанын куәландырады.

«Аstana» ӘКК» АҚ-ның даму стратегиясының күші жойылғаннан кейін 2018 жылғы желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін ұзақ мерзімді перспективаларды, негізгі басымдықтарды, мақсаттарды, міндеттерді және оның даму көрсеткіштерін айқындайтын стратегиялық құжаттың болмауы  елеулі кемшілік ретінде атап өтіліп отыр.

«Аstana» ӘКК» АҚ Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Аstana» ӘКК» АҚ-ға жүктелген міндеттер іске асырылмаған, оның ішінде, экономиканың басым секторларында бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, проблемалық активтерді сауықтыру және олардың базасында бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту және т. б.

«Аstana» ӘКК» АҚ-ның инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижелілігі деңгейінің төмендігі байқалады (100%-ы мақұлданған әлеуетті инвесторлардан келіп түскен 225 өтінімнен тек 19 жоба немесе 8,4%-ы іске асырылған, 94-і немесе 41,8%-ы іске асырылуда, 112-сі немесе 49,8%-ы іске асырылмаған).

Іске асырылатын жобалардың көпшілігі инновациялық болып табылмайды, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құруға және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуға байланысты емес, іс жүзінде «Аstana» ӘКК» АҚ-ның жобалардың көпшілігіне қатысуы көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін салуға бірлескен қызмет шеңберінде жер учаскелерін беру болып табылады, бұл аудиттің пікірінше, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Аstana» ӘКК» АҚ-ның мақсаттары мен міндеттеріне жауап бермейді, сондай-ақ, жеке құрылыс салушыларға жер учаскелерін алуға қолайлы жағдай жасайды.

«Аstana» ӘКК» АҚ Жарғыға сәйкес қызмет түрлерін толық көлемде іске асырмайды, жекелеген қызмет түрлерін еншілес ұйымдар жүзеге асырады, «Аstana» ӘКК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының функцияларын қосарлану фактілері бар. Сондай-ақ, жарғылық емес қызметті жүзеге асыру (үй- жайларды, соның ішінде коммуналдық меншікті жалға беру), қымбат бейінді емес активтерді (қар балқыту қондырғылары) сатып алу фактілері анықталды.

Осылайша, Қазақстан Республикасының әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында айқындалған «Аstana» ӘКК» АҚ-ның тауарлар мен қызметтерді өндіруден және сатудан пайда алу сияқты мақсаты толық көлемде іске асырылмаған.

Аудит қамтыған барлық объектілердің негізгі кіріс көзі жергілікті атқарушы органдарға қызметтер көрсету, сондай-ақ, жарғылық капиталды толықтыру арқылы берілген қаражат пен активтер болып табылады.

Осылайша, «Аstana» ӘКК» АҚ жергілікті атқарушы органдармен жасасқан шарттар бойынша қызмет көрсетуден, сондай-ақ, берілген мемлекеттік активтерді сатудан негізгі кірістерді алады. Сәйкесінше, «Астана-Зеленстрой» ЖШС және «Астана Тазалық» ЖШС жасыл желектер нысандарын күтіп ұстау және елорданың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды аудан әкімдіктерімен тиісті қызмет көрсету бойынша жасалған шарттар шеңберінде жүзеге асырады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерімен мемлекеттік тапсырыс шарттарын жасасу кезінде «Аstana» ӘКК» АҚ оларды сатудағы коммерциялық мүддені ескермейді, өйткені, ұсынылатын қызметтердің нақты өзіндік құны анықталмайды. «Аstana» ӘКК» АҚ шарттық міндеттемелерін орындамаған жеткізушілерге шаралар қолданбайды, бұл өз кезегінде «Аstana» ӘКК» АҚ тарапынан пайдадан айырылып қалуға әкеп соғады.

Аудит қорытындысы бойынша «Аstana» ӘКК» АҚ-нің Ішкі аудит қызметінің жұмысындағы кемшіліктер де атап өтілді. Мәселен, 2019 жылға «Аstana» ӘКК» АҚ-ның Ішкі аудит қызметі жүргізген аудит және қызметінің нәтижелері бойынша есептерді Директорлар кеңесінің бекітуіне енгізу қамтамасыз етілмеген.

«Аstana» ӘКК» АҚ-ның Ішкі аудит қызметінің ұсынымдары толық көлемде орындалмайды, бұл Директорлар кеңесі тарапынан Ішкі аудит қызметінің қызметін бақылаудың жеткілікті деңгейде емес екенін куәландырады.

Сондай-ақ, «Аstana» ӘКК» АҚ-ны корпоративтік басқарудың, соның ішінде «Аstana» ӘКК» АҚ-ны корпоративтік басқарудың тиімділігін бағалауды қамтамасыз етпеу, оның Директорлар кеңесі мен Басқармасының қызметін бағалау, Директорлар кеңесі комитеттерін құруды және олардың жұмыс істеуін, тәуекелдерді басқару және орнықты даму жүйелерін қамтамасыз етпеу, сондай-ақ Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын тиісінше бақылау бөлігінде елеулі кемшіліктер атап өтілді.

Еншілес және тәуелді ұйымдарды басқарудың кемшіліктері анықталды. Аудиттің барлық кезеңінде «Аstana» ӘКК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдардың қызметінің негізгі бағыттарын, соның ішінде қаржы-шаруашылық қызметінің негізгі көрсеткіштерін айқындайтын қандай да бір стратегиялық даму құжаттарын әзірлемеген және бекітпеген. Оның үстіне, «Аstana» ӘКК» АҚ тиімділік индикаторларына қол жеткізу туралы меморандумда көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді, нәтижелілік көрсеткіштерін орындау бойынша еншілес және тәуелді ұйымдардың қызметін сипаттайтын сандық өлшенетін негізгі көрсеткіштерді жеткізбеген.

«Аstana» ӘКК» АҚ басқару органының еншілес ұйымдарды дивидендтерді төлеуден босату туралы шешімдері елорда әкімдігі тұлғасындағы Жалғыз акционердің мүдделеріне әсер етеді және нәтижесінде жекелеген жағдайларда «Аstana» ӘКК» АҚ еншілес ұйымдарының қалған таза пайда олардың дамуына емес, ағымдағы шығыстарға бағытталатынын есепке ала отырып, жергілікті бюджеттің тиісті экономикалық шығындарына әкеп соғады, бұл «Аstana» ӘКК» АҚ Директорлар Кеңесінің тиісті шешімдеріне қайшы келеді.

Көптеген шешімдерді «Аstana» ӘКК» АҚ жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде, қаржылық тәуекелдерге, экономикалық шығындарға әкеп соғатын, сондай-ақ, оның қызметіне байланысты емес органдардың хаттамалық және өзге де тапсырмаларының негізінде («Аstana» ӘКК» АҚ шоттарына тыйым салуға әкеп соққан «Шар-Құрылыс» ЖШС міндеттемелерін орындау бойынша кепілдік беру  және т.б.) қабылдайды.

Бос ақша қаражатын екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге орналастыру кезінде «Аstana» ӘКК» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі №960 қаулысының нормаларын жүйелі түрде сақтамайды. «Аstana» ӘКК» АҚ банк жүйесінің қызметін егжей-тегжейлі бағалаудың төмен деңгейде болуына қарамастан, бос ақша қаражатын банктердегі депозиттерге орналастыру туралы шешім қабылдайды (қабылданған).

Соның нәтижесінде, екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге бос ақша қаражатын орналастыру кезінде ақшалай қаражат пен сыйақыларды қайтаруды қамтамасыз етпеу тәуекелі артады.

Аудит қорытындылары бойынша анықталған «Аstana» ӘКК» АҚ қызметіндегі елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктер оның жалғыз акционері болып табылатын жергілікті атқарушы органдар тарапынан оның қызметіне тиісті бақылаудың болмағанын куәландырады.

Аудитпен қамтылған заңды тұлғаларда көптеген, соның ішінде ұрлау белгілері бар заңнама бұзушылықтары (соның ішінде, ІАҚ тарапынан және  аудит объектілері түгендеу жүргізу кезінде анықталған), жауапты тұлғалар ауысқан кездегі істерді, құжаттаманы қабылдау-тапсырудың болмауы, активтерді тиімсіз пайдалануға, пайдадан айырылып қалуға, экономикалық шығындарға әкеп соққан тиісті басқарушылық шешімдерді қабылдау немесе қабылдамау анықталған.

Мысалы, «Астана Тазалық» ЖШС-нің теңгерімінде есепте тұрған бастапқы құны 867 500,7 мың теңге және қалдық құны 783 722,4 мың теңге саны 3 бірлік жылжымалы қар еріту қондырғылары өндірістік қызметте іс жүзінде пайдаланылмайды, бұл аталған активтерге амортизацияны есептеуге байланысты олардың тиімді пайдаланылмауына және экономикалық шығындарға алып келеді.

Жалпы, аудит қорытындылары бойынша жалпы сомасы 4 669 325,8 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар (соның ішінде: 4 613 225,0 мың теңге – қалпына келтірілуі; 56 100,8 мың теңге – өтелуі тиіс), 1 929 999,7 мың теңге сомаға квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану, сондай-ақ, 228 рәсімдік бұзушылық және аудит объектісінің қызметінде 111 кемшілік анықталды.

Мемлекеттік аудит барысында Тексеру комиссиясы Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзудың 6 фактісі бойынша, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзудың 2 фактісі бойынша және жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген 1 факті бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне аудит материалдарын әкімшілік шаралар қабылдау үшін жолдады, әкімшілік хаттама жасалды (төленген әкімшілік айыппұл 530,2 мың теңгені құрады).

«Көкөніс қоймасы» ЖШС-дегі аудит материалдары бойынша Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері бар бухгалтерлік есепті жасыру және бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтару фактілері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1) және 2) тармақшалары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды азайту үшін Тексеру комиссиясы тапсырмалар мен ұсынымдарды әзірлеп, қарастыру және орындау үшін аудит объектілеріне жолдады.