Астана қаласының мектепке дейінгі, орта және техникалық білім беру ұйымдарында жүргізілген аудиторлық іс-шара қорытындылары.

Астана қаласының мектепке дейінгі, орта және техникалық білім беру ұйымдарының бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдалануына жүргізілген аудит, Тексеру комиссиясымен алдыңғы аудиторлық іс-шаралар нәтижелері бойынша бірнеше рет белгіленген мәселелердің шешілмегендігін көрсетті.

Қазіргі таңға дейін ең өзекті мәселе балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметімен қамтамасыз ету болып табылады.

Осылайша, тексерілген 8 мектепке дейінгі білім беру ұйымының             7-еуінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 217 бұйрығымен бекітілген Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұза отырып, бөбектер бақшаларында жобалық сыйымдылық пен топтардың толымдылығы асырылған, бұл жекелеген жағдайларда топтар санының артуына әкеп соққан.  

Бұл ретте, мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру іс жүзіндегі балалар санына емес, ғимараттың жобалық қуатымен көзделген балалардың санына сәйкес жүзеге асырылады, мұның салдары ауыспалы шығыстарды қаржыландырудың толықтығына әсер етіп, сондай-ақ балабақшалардың персоналына жүктеме артады, өз кезегінде бұл мектепке дейінгі білім беру сапасына ықпал етеді.

Сонымен бірге, қолданыстағы заңнамаға қайшы тексерілген бөбектер бақшаларының көпшілігінде мекеме қызметкерлерінің балалары Білім басқармасымен берілетін жолдамасыз тәрбиеленуде (барлығы 7 бақшада 68 бала анықталды), бұл, шын мәнінде, адамдарды осы ұйымдарда жұмыс істеуге тарту үшін амалсыздан қолданылатын шара, сол себепті, аталған мәселені заңнамалық деңгейде реттеу қажеттілігі туындайды.

Қала мектептерінде сыныптардың толымдығы бойынша нормаларды асыру мәселесі де өзекті болып қалуда.

Аудитпен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларының нормаларын бұзу анықталды, атап айтқанда ол Құрылыс-техникалық колледж студенттеріне ақысыз негізде жатақханадан орын берілуімен байланысты.

Жалпы алғанда, білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы, бухгалтерлік есеп және есептілік саласындағы заңнамасын жүйелі түрде бұзушылықтар, еңбекақы төлеу жүйесін сақтамау, бюджет шығыстарының жоспарлы көлемдерін асыру, даму жоспарларын жүзеге асыруды қамтамасыз етпеу, осы жоспарларға өзгерістер мен түзетулерді уақтылы енгізбеу, оларды іске асыру бойынша есептерді дұрыс тапсырмау сияқты едәуір кемшіліктер байқалады.

Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және есептілік туралы заңнамасын сақтамау фактілері негізінен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің және есепке алу саясаты, қаржылық есептілік, алғашқы есепке алу құжаттарын жасау және жүргізілетін операцияларды бухгалтерлік есепте көрсету бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттары талаптарына сәйкес келмеумен байланысты. Жекелеген жағдайларда осы бұзушылықтар қаржылық есептіліктің бұрмаланып көрсетілуіне әкелген.

Анықталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзушылықтар негізінен рәсімдік болып табылады. Алайда, белгілі болған Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзушылықтардың кейбірі әкімшілік жауапкершілікті көздейді, сондай-ақ жекелеген жағдайларда – мемлекеттік сатып алудың қорытындыларына әсер еткен.

Сонымен қатар, кейбір ұйымдарда тамақтандыруды ұйымдастыруда анықталған бұзушылықтар көрсетілген тамақтандыру қызметтерін растаудың анықтығын қамтамасыз етпеумен, сондай-ақ тамақтандыру қызметін жеткізушілердің коммуналдық шығындарды және пайдалануға берілген жабдықтар үшін төлемді тиісті түрде өтемеуімен байланысты.

Білім беру ұйымдары күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жасалған операциялардың анықтығын әрдайым қамтамасыз ете бермейді, бұл кей жағдайларда жобалау-сметалық құжаттамамен көзделген жұмыстарды орындамауға және олардың сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Мұнымен қоса, жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, жұмыстар Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын тиісті хабарландырусыз жүргізілген.

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясымен Қаулы қабылданып, Қазақстан Республикасының бюджеттік және басқа да заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін арттыру бойынша тиісті ұсынымдар берілді.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы, санитариялық қағидаларды және Дәрілік заттарды сақтау қағидаларын бұзу фактілері бойынша аудит материалдары тиісті салаларда әкімшілік жауапкершілік туралы істерді қарастыруға уәкілетті органдарға жолданды.