2019 жылғы 6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті

«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (бұдан әрі - Қоғам) сенімгерлік басқаруға берілген мәдени және спорт объектілерін, коммуналдық мүлікті басқарудың тиімділігіне және Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде міндеттерді орындаудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтардың көпшілігінің жүйелі сипаты бар екенін көрсетті, бұзушылықтарға жол берудің негізгі себептері қызметкерлердің өздеріне сеніп тапсырылған жұмыс учаскелерінде функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауы, Қоғам басшылығы тарапынан қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Қоғамның ішкі құжаттарының нормаларын сақтауына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеуі болып табылады.

Активтерді және мемлекеттік сатып алу басқармасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұза отырып, екі спорт кешенін – «Барыс» көпфункционалды мұз айдыны сарайы (бұдан әрі – «Барыс» КМС) мен «Қазақстан» спорт сарайын (бұдан әрі – «Қазақстан» СС), сондай-ақ ауданы 52 209,22 ш.м. тұрғын емес үй-жайлар түріндегі коммуналдық мүлікті тендер өткізбей, жергілікті атқарушы органның оны заңды тұлғаның жарғылық капиталын төлеуге беру туралы шешімі болмаған жағдайда берген. Мұнымен қоса, аудит жүргізу сәтіне сенімгерлік басқару шарттары әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген.

Бұл ретте, сенімгерлік басқаруға қабылданған коммуналдық мүлікті кейіннен жалға беруге байланысты Қоғамның қызметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен (№1095) бекітілген Заңды тұлғалардың қызмет түрлерінің тізбесіне кірмейді, себебі коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын қамтымайды (№450 қаулы). Коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алу) әкімдіктің 2018 жылғы   6 наурыздағы №06-433 қаулысымен бекітілген Ережеге сәйкес «Нұр-Сұлтан қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ функцияларына кіреді.

Бюджет кодексін, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңды, Мемлекеттік мүлікті беру ережесін бұза отырып, коммуналдық мүлікті жалға беруден түсетін жалдау ақысы талапқа сәйкес жергілікті бюджет кірісіне емес, Қоғамның есеп айырысу шотына жүзеге асырылған. Коммуналдық мүлікті жалға беруден түскен қаражат «Барыс Арена» КМС және «Қазақстан» СС ұстау шығындарын өтеуге бағытталған.

Сонымен қатар мемлекеттік аудитпен Қоғамның «Барыс Арена» КМС коммуналдық мүлкін тиімсіз басқарғаны анықталды.

86 жалдау шарты бойынша жалға алушылар міндеттемелерін орындамайды, яғни коммуналдық мүліктің тиісті жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында күрделі де, ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Соның салдарынан ауданы 13 479,34 ш.м. коммуналдық мүлік әлі алғашқы өңдеу сатысында қалуда.

Сондай-ақ, Қоғаммен коммуналдық мүлікті тиімсіз басқару факторларының бірі - Қоғам ауданы 12 939,95 ш.м. (24,8 %) мүлікті сенімгерлік басқаруға қабылдаған сәттен бастап, ол әлеуметтік маңызы бар және коммерциялық жобаларды іске асыруға қатыспаған.

Сонымен бірге, осы аудитпен Қоғамның көлемі 345 ш.м. тұрғын емес үй-жайға күрделі жөндеу жүргізбеу фактісі анықталды. Ал тұрғын емес үй-жайларды жалға берудің 4 жағдайында прейскурантта белгіленген жалдау ақысының мөлшерлемесін сақтамау себебінен алынбай қалған пайда 10,7 млн.теңгені құрады.

Мұнымен қоса, Қоғамның құқық белгілеуші құжаттарды ресімдеу және құрылтайшының меншік құқығын әділет органдарында тіркеу бөлігінде сенімгерлік басқару шарттарының талаптарын тиісінше орындамауы 9 470,1 ш.м. (18,1%) коммуналдық мүлікті белгісіз тұлғалардың пайдалануына (өз еркімен басып алуына) әкеп соққан.

Аудитпен Қоғамның ішкі құжаттарын бұза отырып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында тұрғын емес үй-жайларды мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру жарияланбағаны, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының веб-сайтында орналастыру үшін тұрғын емес үй-жайларды ұсыну бойынша өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттың жіберілмегені анықталды.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудитпен Қоғам Басқармасының шешімі негізінде тұрғын емес үй-жайды жалға беру фактісі анықталды, ал аталған әдіс осы кезеңде қолданылмаған. Сондай-ақ, аудит материалдарында жалға алушының құқықтары мен міндеттерін жалға алушыларды іріктеу кезінде Қағидаларға сәйкес әлеуетті қатысушы болып табылмайтын кәсіпкерлік субъектілеріне (не коммерциялық емес ұйымдарға) берудің 4 жағдайы көрсетілген.

Қоғаммен жасалған шарттар бойынша Шарт талаптарын тиісінше орындамағаны үшін өсімпұл есептелмеген, орындалған жұмыс көлемінің анықтығы қамтамасыз етілмей төлем жүргізілген, жұмыстардың сапасыз орындалуына жол берілген, коммуналдық қызметтер бойынша шығыстар өндірілмеген, қамтамасыз ету жарнасын енгізу қамтамасыз етілмеген, осының бәрі қаржылық тәуекелдерге, сондай-ақ пайданың алынбай қалуына әкеп соқтырады.

«Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұза отырып, Қоғам кейбір шарттар бойынша тиісті операциялар мен оқиғаларды жүргізбеген.

Мемлекеттік аудит Қоғамның азық-түлік тауарлары нарығына қатысуының болмашы үлесін көрсетті, бұл, сәйкесінше, нарықтағы бағаны тұрақтандыру бойынша қажетті нәтижелерге әкелмейді.

Қала әкімі комиссияның ұсынысы негізінде тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін өндірушілерден тек 6 әлеуметтік тауар бойынша сатып алу туралы шешім қабылдаған, дегенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тағы 13 түрін сатып алу интервенцияларын жүргізу үшін 957,0 млн.теңге сомасында қаражат болды.

Сондай-ақ, Қоғамның «Continental Logistics» ЖШС-мен өнім сақтау бойынша шарттарды «Көкөніс Қоймасы» ЖШС-не қарағанда (45 теңге) 62%-ға (118,4 теңге), «Sapa Logistics» ЖШС-де 25%-ға (60 теңге) қымбатқа жасасуы бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын көрсетеді.

Мұнымен қоса, Нұр-Сұлтан қаласы аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсердің жеткіліксіздігінің себептерінің бірі - Кәсіпкерлік басқармасының ресми сайтында тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда пункттерінің орналасқан жері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қала тұрғындарымен жүргізілетін ақпараттық жұмыс туралы ақпараттың болмауы.

Консигнаторлар тарапынан алынған тауар үшін уақтылы төлем жасау бөлігінде шарт талаптарының өрескел бұзылғанына қарамастан, Қоғам аудиттелетін кезең ішінде тек 2019 жылғы 1 сәуірден ғана бастап тұрақсыздық айыбын есептеу бойынша шаралар қабылдады. Осыған байланысты, Қоғамның тиісті шараларды уақтылы қабылдамауының салдары жасалған 10 консигнация шартының тек біреуі бойынша Қоғамға 100 пайыз көлемінде қаражат түскен, қалған 9 шарт бойынша 2019 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 46,9 млн.теңге төленбеген қаражат бар, олардың төлеу мерзімі 60-тан 390 күнге дейін кешіктірілген.

Қоғаммен 2017 жылдың 1 сәуірінен бастап «Астана Агро» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС-дан 2012-2014 жылдары азық-түлік тауарлары нарығындағы бағаны тұрақтандыруға бағытталған 615,0 млн.теңге сомасындағы қаражатты қайтару бойынша шаралар қабылданбай келеді. Осыған байланысты аталған сома қазіргі уақытқа дейін бюджетке қайтарылмаған.

Мемлекеттік аудитпен барлығы 309,4 млн.теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде өтелуге жататыны 307,8 млн. теңге (аудит барысында 29,2 млн. теңге өтелді), қалпына келтірілуге жататыны 1,6 млн. теңге (аудит барысында 1,6 млн. теңге қалпына келтірілді), бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 2 000,0 млн. теңге, сондай-ақ аудит объектісінің қызметінде 48 рәсімдік бұзушылық пен 13 жүйелік кемшілік анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы қаулы қабылдады, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.