Нұр-Сұлтан қаласында жасыл желектерді отырғызу, күтіп ұстау және қорғау жөніндегі іс-шаралардың іске асырылу тиімділігіне, сондай-ақ экономикалық тұрақтылық пен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары

2020 жылғы 24 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырыста Нұр-Сұлтан қаласында жасыл желектерді отырғызу, күтіп ұстау және қорғау жөніндегі іс-шаралардың іске асырылу тиімділігіне, сондай-ақ экономикалық тұрақтылық пен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары талқыланды, оның қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) қызметі жүйелік сипаттағы кемшіліктермен және бұзушылықтармен жүзеге асырылатыны атап өтілді.

Басқарманың қаланы көгалдандыру жөніндегі функциясы жасыл желектерді күтіп ұстау қағидаларын (Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты бекіткен) жүйелі түрде бұзушылықтармен  жүзеге асырылады, осылайша, көгалдандырылған аумақтарды дамыту дендрологиялық жоспарды әзірлемей іске асырылады, жасыл желектердің тізілімі жүргізілмейді.

Жоғарыда көрсетілген құжаттардың болмауы 2 898 612,5 мың теңге сомасында жасыл белдеуді ұстау бөлігінде бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануына алып келді.

Жасыл желктердің тізілімін жүргізбеу, сондай-ақ елорданың жасыл олардың саны, түрлері, жай-күйі және басқа да сипаттамалары бойынша нақты ақпараттың болмауы 7 797 998,2 мың теңгеге көгалдандыруға байланысты операцияларды көрсету кезінде бухгалтерлік есепте ауытқуларға алып келді.

Қаланы көгалдандыру бойынша іс-шаралар агротехникалық шаралар мен жеткіліксіз фитосанитарлық тексерулерді сақтамай жүргізіледі. Аталған кемшіліктер салдарының бірі жалпы сомасы 20 610,5 мың теңгеге көпжылдық жасыл желектер түріндегі мемлекеттік активтерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етпеу болып табылады.

Жекелеген жағдайларда «Жасыл белдеу» аумағын күту мен дамытуға бағытталған мамандандырылған мемлекеттік ұйым болып табылатын «Астана орманы» ЖШС агротехникалық тәсілдердің сақтамалмауына жол береді. Бұл ретте, қазіргі уақытта Басқарма осы ұйымның басқару органы болып табылмайды және тиісінше Басқарма тарапынан осы ұйымды бақылаудың деңгейі төмен.

Қаланы көгалдандырудың елеулі үлесі жойылған жасыл желектердің орнына өтемдік отырғызу шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, өтемдік отырғызуды жүзеге асыру аясында бақылаудың және жоспарлаудың қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген, оның нәтижесінде 9 708 бірлік жасыл желектерді өтемдік отырғызу жүргізілмеген. Одан басқа, жалпы саны 41 642 бірлік отырғызылған ағаштар, 9 576 бірлік бұталар, сондай-ақ 12 155 қума метр шарбақ тамыр жайған жоқ (кеуіп қалған), бұл ретте, оларды қайта отырғызу бойынша жұмыстар жүргізілмеген және екі жыл ішінде тиісті күтім жасалмаған.

Жер учаскелерінің уақтылы дайындалмауы, орындалуы тиіс жұмыс түрлерін, пайдаланылатын материалдарды, жоспарлауды, эскиздік жобалар бөлігінде жобалардың әлсіз пысықталуы болып көрініс табатын бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлаудың төмен деңгейі анықталды. Нәтижесінде Басқарма жалпы сомасы 30 794,4 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға және жалпы сомасы 176 562,4 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлауға жол берген.

Мәселен, «Көктал тұрғын үй алабында саябақ салу» жобасын әзірлеу кезінде жобалаушы компания Басқармамен келісе отырып, жалпы сомасы 243 762,4 мың теңгеге, яғни смета бойынша әр 1 бірлік үшін құны 17 411,6 мың теңгеге 14 модульдік дәретханаларды жобаға қосқан. Аталған модульдік дәретханалардың құнын салыстырмалы талдау осыған ұқсас сипаттамалары бар дәретхана модульдерінің шамамен алғанда бағасы 1 700,0 мың теңгеден 4 800,0 мың теңгеге дейін құрайтынын көрсетті.

Экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру бөлігінде жоспарда көзделген жұмыс орындарын құру кемшіліктермен жүзеге асырылғаны анықталған. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша құрылған жаңа жұмыс орындарының нақты саны 426 бірлікті құрады (жоспар бойынша 863 бірлік), оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылғандар 138 бірлікті (жоспар бойынша 432 бірлік), өз бетінше жұмысқа орналастырылғандар 288 бірлікті (жоспар бойынша 431 бірлік) құрады.

Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 7 911 144,9 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 7 910 362,2 мың теңгесі қалпына келтіруі тиіс (аудит барысында 7 855 391,6 мың теңге қалпына келтірілді) және 782,7 мың теңгесі өтелуі тиіс (аудит барысында өтелді), бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау сомасы 3 075 174,9 мың теңгені, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 51 404,9 мың теңгені құрады, 22 жүйелік және 93 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Бұдан басқа, жекелеген фактілер бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға, 1 факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына жіберілді.

Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында тексеру комиссиясы тапсырмалар мен ұсынымдар әзірлеп, аудит объектілеріне жолдады.