2020 жылғы 24 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті

Отырыста «Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қарастырылып, Бағдарламаның негізгі мақсаттары болып табылатын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және жұмыссыздық деңгейіне жол бермеуге, қосымша жұмыс орындарын құруға және кірістерді қамтамасыз етуге қол жеткізілмегендігін көрсетті.

Жұмысқа орналастыру бойынша анық емес деректер беру және жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері анықталды, мәселен, «Медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша түпкілікті нәтиже көрсеткіштерінің бірі «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы шеңберінде 2020 - 2021 жылдары кемінде 42 жұмыс орнын құруды» көздейді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен үш нысан бойынша 163, оның ішінде 66 тұрақты және 97 уақытша  жұмыс орнын құру жоспарланған. Алайда, аудит барысында уақытша жұмыс орындарына 68 адамның ғана жұмысқа орналастырылғаны расталды. Сонымен қатар, Басқарманың Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы есебінде 146 жұмыс орны, оның ішінде 97 уақытша және 49 тұрақты жұмыс орны құрылғандығы көрсетілген.

Одан басқа, Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданының прокуратурасы «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «№5 Қалалық емхана» МКК ауысымына 150 адам қабылдайтын балалар емханасы ғимаратын күрделі жөндеу» жобасын іске асыру кезінде мердігер Астана-Технадзор» ЖШС-ға қатысы жоқ 31 жұмыс орны жалған құрылғаны анықтады.

Осылайша, Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жұмыс орындарын құру арқылы дағдарысқа қарсы іс-шаралар тиімсіз іске асырылуда, өйткені таңдалған инфрақұрылымдық жобалар жұмыс орындарының ең көп санын құрмайды және жұмыс ұзақтығы мен жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар саны бойынша барынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз етпейді (Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданған қызметкерлер объектілерді жөндеу аяқталған күні жұмыстан босатылды). Нәтижесінде жұмысқа орналастыру бойынша көрсеткіштерге қысқа мерзімге ғана қол жеткізіледі.

Инфрақұрылымдық объектілерге күрделі жөндеу жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының сәулет және қала құрылысы, зейнетақымен қамсыздандыру, бухгалтерлік есеп саласындағы заңнамасының және бюджет заңнамасы нормаларының бұзушылықтары анықталды. Тапсырыс берушілер жасалған операциялардың, оның ішінде орындалған жұмыстар актілері бойынша операциялардың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етпеген, бұл «SAM Project» ЖШС, «Ақтаустройэксперт» ЖШС, «АСАР эксперт» ЖШС тарапынан жұмыстардың орындалу сапасына техникалық қадағалаудың тиісінше жүзеге асырылмағанын куәландырады.

Еңбекақыны төлеу қорын жоспарлау кезінде қосымша ақының жоғары мөлшерін қолдану және қосымша ақыны оның мөлшерін реттейтін нормативтік құқықтық актінің ресми бекітілгеніне дейін мерзімінен бұрын төлеу медициналық денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және білім алушылар стипендиясының мөлшерін ұлғайтуға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың бұзушылықтарына және кемшіліктеріне алып келді. Сонымен қатар, заңнамалық актілерде және кәсіпорындардың жарғысында көзделген тиісті рәсімдерді сақтамай, төлем қорын негізсіз ұлғайту жүргізілген.

Денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлерінің тапшылығы байқалады. Медицина колледжінің түлектері орта және кіші медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігін толық өтемейді. Түлектердің жұмысқа орналастырылуын талдау 2018 - 2020 жылдары мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған 65 студент алған мамандықтары бойынша жұмыс істемейтінін көрсетті. Аудит барысында 18 медициналық ұйымда жұмысқа орналасқан 217 түлектің 39-ы түрлі себептермен есепте тұрмайды.

Бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу және бекіту кезінде оны жасау жөніндегі талаптар сақталмаған. Бюджет қаражатын жоспарлау кезінде негізділік және тиімділік сияқты бюджет жүйесінің қағидаттарын сақтамау бюджетке қайтарылуы тиіс нысаналы трансферттердің елеулі сомасының игерілмеуіне әкеп соқтырды.

Жалпы мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша 538 329,7 мың теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 462 099,7 мың теңгесі өтелуі тиіс (458 056,9 мың теңге аудит барысында өтелді), 76 230,0 мың теңгесі қалпына келтірілуі тиіс (аудит барысында жұмыстарды орындау және есепке алу бойынша көрсету жолымен толық көлемде қалпына келтірілді), жалпы сомасы 7 240,5 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 54 932,2 мың теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің қызметінде 34 рәсімдік бұзушылық және 8 жүйелі проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Анықталған бұзушылықтардың 8 фактісі бойынша аудит материалдары процессуалдық шаралар қабылдау үшін тиісті уәкілетті органдарға жолданды.

Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында Тексеру комиссиясы тапсырмалар мен ұсынымдар әзірлеп, аудит объектілеріне жолдады.

Жаңалықтар